YouVersion Logo
Search Icon

Леуіліктер 20

20
Құдайдың заңдарын бұзғандар тартатын жазалар
1Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
2— Исраил халқына мынаны айт: Егер исраилдік не жат жұрттық біреу өз ұрпағын (жалған тәңір) Молохқа құрбан етсе,#20:2 18:21. сондай адамды өлімге кесу керек. Сол жердің халқы оны таспен атқылап өлтірсін.
3Мен Өзім сондай адамға қарсы шығып, оны халықтан аластатамын. Себебі өз баласын Молохқа құрбан ету арқылы ол Менің киелі орнымды арамдап, киелі есімімді қорлады.#20:3 18:21; Езк 20:39. 4Егер біреу баласын Молохқа құрбан еткенмен сол жердің халқы онысын көрмегенсіп, оған өлім жазасын тартқызбаса, 5онда Мен сол адамның өзіне де, оның бүкіл әулетіне де қарсы шығамын. Мен олардың өздерін де, оларға еріп Молохқа табынулары арқылы Маған опасыздық жасаған басқаларды да халықтың арасынан аластатамын.
6Аруақтарға және аруақ шақырушыларға#20:6 20:27. жүгініп, Маған опасыздық жасағандарға да Мен қарсы шығып, оларды халықтың арасынан аластатамын.
7Сонымен өздеріңді Маған толығымен бағыштап киелі болыңдар! Себебі Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.#20:7 11:44; 19:2; 20:26. 8Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар. Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.
9Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын#20:9 Яки: қарғайтын (Мыс 21:17; Заң 27:16; Нқл 20:30; 30:17). болса, ол өлтірілсін! Сол адам әке-шешесін жамандағандықтан, оның төгілген қаны өзінің мойнында.
10Егер ер адам басқа біреудің әйелімен жақындасса, сол еркек те, әйел де өлтірілсін.
11Егер біреу әкесінің әйелімен жақындасса, оның өз әкесінің абыройын төккені. Сол еркек пен әйел өлтірілсін! Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
12Егер біреу өз келінімен жақындасса,#20:12 18:15. солардың екеуі де өлтірілсін! Олардың істегендері — жексұрындық. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
13Егер ер адам басқа еркекпен әйел іспетті жақындасса, бұлардың жасағандары — жексұрындық. Олар өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
14Егер ер адам бір әйелмен және оның шешесімен жақындасса, бұл — зұлымдық. Араларыңда ешбір зұлымдық болмауы үшін оның өзін де, екі әйелін де өртеп құрту керек.
15Егер ер адам жануармен жақындасса, онда ол өлтірілсін. Сол жануарды да құртыңдар. 16Егер әйел адам бір жануармен жыныстық жақындасу мақсатымен әрекет жасаса, әйелдің өзі де, жануар да өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
17Егер ер адам өз қарындасымен не әпкесімен жақындасып, бір-бірінің жалаңаш тәндерін көретін болса, тіпті ол әкесінің не шешесінің қызы (яғни өзімен тек жартылай ғана қандас) болсын, бәрібір, бұл — масқара. Оларды халықтың көзінше құрту керек. Адам өзінің туған қарындасының не әпкесінің абыройын төккендіктен оның айыбы өз мойнында.
18Егер ер адам әйелмен оның айлық етеккірі келіп жүрген кезінде жақындасса, ол әйелдің етеккірінің көзін жалаңаштап, әйелдің өзі де оны ашты. Бұлардың екеуін де халықтың арасынан аластату керек.
19Шешеңнің әпке-сіңлісімен не әкеңнің әпке-қарындасымен еш жақындаспа! Бұл — қандас туысыңның абыройын төккенің. Екеуіңнің айыптарың өз мойындарыңда болады.
20Егер ер адам әкесінің бірге туған аға-інісінің әйелімен жақындасса, бұл әкесінің аға-інісінің абыройын төккені. Еркек пен әйелдің екеуінің де айыптары өз мойындарында болады. Олар өле-өлгенше бала көрмей өтеді.
21Егер біреу өз ағасы не інісінің әйеліне үйленсе, бұл — әдепсіздік#20:21 Осы ережеге жатпайтын жағдайлар да болды (Заң 25:5). әрі оның туған бауырының абыройын ашқаны. Күнәкар болған екеуі де бала көрмей өтеді.
22Сонымен барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар! Сонда Мен өздеріңді қоныстандыруға алып бара жатқан ел сендерді құсып шығарып тастамайды.#20:22 18:25,28. 23Мен сендердің алдарыңнан елден қуып шығарғалы тұрған халықтың салт-дәстүрлерін ұстанбаңдар! Сондай зұлымдықтарды істегендіктен, Мен олардан жиреніп кеттім. 24Ал өздеріңе Мен мына тәрізді сөздерді айтқан едім: Сендер олардың жерін иемденетін боласыңдар. Мен ағы мен балы мол сол елді сендерге мұралық үлестерің етіп беріп отырмын.#20:24 Мыс 3:8,17; 6:8; 33:1-3. Мен өздеріңді басқа барлық халықтардан ажыратып қойған#20:24 (20:26, Мыс 19:5-6; 33:16) Яки: басқа барлық халықтардан бөліп таңдап алған. сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
25Сол себепті адал және арам хайуандар мен құстарды ажыратып алыңдар! Мен арам, таза емес деп бөлектеген кез келген хайуан, құс не бауырымен жорғалаушылармен өздеріңді арамдамаңдар! 26Осылайша сендер Маған бағышталған киелі болуларың керек, себебі Мен, Жаратқан Ие, киелімін. Мен өздеріңді халықтардың арасынан өз халқым болуға ажыратып, бөлек қойдым.
27Араларыңдағы аруақ шақырушы не сәуегейлікпен айналысушы#20:27 19:31; 20:6; Мыс 22:18; Заң 18:10-12. әркім, еркек болсын, әйел болсын, міндетті түрде өлтірілсін! Оларды тас лақтырып өлтіру керек. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in