Леуіліктер 16
16
Күнәнің арамдығынан тазарту күні
1Һаронның екі ұлы Жаратқан Иенің алдына оттың (Ол бұйырмаған бөтен түрін алып) келіп, өлгеннен кейін#16:1 10:1-2. Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып 2былай деді:
— Ағаң Һаронға мынаны ескерт: Һаронның шымылдықтың арт жағындағы ең қасиетті бөлменің ішіне және онда орналасқан Келісім сандығының үстіндегі қақпақтың#16:2 Немесе: Келісім сандығының үстіндегі (күнәнің құны өтеліп, Құдай рақым көрсететін) қақпақтың (Мыс 25:17; 31:7). алдына өзі қалаған кезінде келуіне болмайды.#16:2 Һаронның және оның ізін басқан әр бас діни қызметкердің жылына бір рет қана ең қасиетті бөлмеге кіруіне болатын (16:29,34; Мыс 26:33-34; 30:10). Әйтпесе ол өледі. Өйткені күнәнің арамдығынан тазару рәсімі орындалатын сол қақпақтың үстіндегі бұлт ішінде Мен боламын.
3Һарон киелі орынға кіргенде күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелсін. 4Һарон бедерлі бәтестен тігілген арнайы#16:4 Яки: киелі. ұзын көйлегін және тәнін жабатын бәтес шалбарын#16:4 (16:32; Мыс 28:42) Яки: бәтес ішкиімін. киіп алсын. Содан соң ол бәтестен тоқылған жалпақ белбеумен белін буып, басына бәтес сәлдесін орап алсын. Бұлар (Өзіме киелі орында қызмет көрсеткенде ғана киіп жүруге болатын) киелі#16:4 Яки: арнайы (қасиетті). киімдер. Һарон оларды киместен бұрын денесін сумен жуып тазарсын.#16:4 8:6; Мыс 29:4; 30:18-20; 40:12. 5Һарон Исраил халқының қауымынан күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа екі текені және түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды қабылдасын.
6Һарон жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынсын. Осы арқылы ол өзін және отбасын күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартады. 7Содан соң ол екі текені кездесу шатырының кіреберісінде Жаратқан Иенің алдына тұрғызып қойсын. 8Һарон екі текенің қайсысы Жаратқан Иеге бағышталатынын, қайсысы халықтың күнәларын мойнына артып шалғай құла түзге айдалып тасталатынын жеребе тастап анықтасын. 9Жеребе түсіп, Жаратқан Иеге бағышталған текені Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалып, ұсынсын. 10Ал жеребе бойынша күнәні мойнына артып әкетуге бағышталған теке тірідей Жаратқан Иенің алдына әкелініп, ұсынылады. Осы теке елсіз иен далаға айдалып тасталғанда халықтың күнәларының арамдығын өзімен бірге алып кетеді.
11Һарон әлгі жас бұқаны#16:11 16:6. өзінің күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде алып келіп шалсын. Сонда Һарон және оның отбасы күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартылады. 12Бұдан кейін Һарон Жаратқан Иенің алдындағы түтету үстелінен қызып тұрған көмір шоғына толы табаны және майда етіп тартылған екі уыс хош иісті затты#16:12 Мыс 30:34-38. алып, солармен ішкі шымылдықтың арғы жағына өтіп барсын. 13Һарон сол жерде, Жаратқан Иенің алдында хош иісті затты табаға салсын. Соның бұлт тәрізді хош иісті түтіні Келісім сандығының#16:13 Немесе: куәліктің. (Келісім сандығы оның ішінде Келісімнің айғақтары сақталғандықтан «айғақ» не «куәлік» деп те аталатын: Мыс 25:16; 31:18.) үстіндегі қақпақты тұмшалап көзден тасалайды. Осылайша Һарон өлмей тірі қалады. 14Һарон жас бұқаның қанының біразын саусағымен осы қақпақтың шығыс жағына бүріксін. Мұнан кейін ол саусағымен жеті рет қақпақтың алдына да біраз қанды бүркіп шашсын.
15Содан соң Һарон халықтың күнәларының құнын өтейтін құрбандыққа арналған текені де шалсын. Оның қанын ішкі шымылдықтың арғы жағына алып барып, құрбандыққа шалған жас бұқаның қанымен не істеген болса, текенің қанымен де соны істесін: оны сол қақпақтың үстіне және оның алдына бүркіп шашсын. 16Осылайша Һарон ең қасиетті бөлмені оның арамданған күйінен тазартсын. Ең қасиетті бөлме Исраил халқының Жаратқан Иеге мойынсұнбағандықтан жасаған барлық күнәларының кесірінен арамданған болатын. Исраилдіктердің арасында тігіліп қойылған, дәл солай арамданған бүкіл кездесу шатырын да Һарон осы сияқты тазартсын.#16:16 8:15; Мыс 29:36-37; Езк 45:18-19. 17Һарон ең қасиетті бөлмеге кірген мезгілден бастап, оған тазарту рәсімін жасап аяқтап шыққанға дейін басқа ешбір адам кездесу шатырында болмауға тиіс. Осылай Һарон өзін, отбасын және бүкіл Исраил қауымын арамданған күйінен тазартады.
18Содан соң Һарон кездесу шатырынан шығып, Жаратқан Иенің алдындағы құрбандық үстеліне барып, оны да арамданған күйінен тазартсын. Сол үшін ол бұқа мен текенің қанынан алып, құрбандық үстелінің барлық төрт бұрышындағы мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. 19Һарон саусағын тағы да қанға малып алып, оны құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп шашсын. Осылайша құрбандық үстелін исраилдіктердің күнәларының кесірінен арамданған күйінен тазартып, оны қайтадан Жаратқан Иеге бағыштап киелі қалпына келтіреді.
20Һарон ең қасиетті бөлмеге, бүкіл кездесу шатырына және құрбандық үстеліне оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындап болған соң, тірі текені алға шығарсын. 21Содан Һарон текенің басына қолдарын қойып, исраилдіктердің күллі теріс қылықтарын, олардың Жаратқан Иеге мойынсұнбай жасаған күнәларының барлығын да мойындап, осы текенің басына артсын. Содан соң текені арнайы дайын тұрған адамға тапсырып, ол соны елсіз иен далаға айдап апарсын. 22Адам текені иен далада босатып жібергеннен кейін, теке халықтың барлық теріс қылықтарын шалғайдағы құла түзге алып кетеді.
23Содан соң Һарон қайтадан кездесу шатырына кірсін де, ең қасиетті бөлмеге барар алдында киіп алған арнайы бәтес киімдерін шешіп, сол жерде қалдырсын. 24Ол киелі орында бүкіл денесін сумен жуып, өзге арнайы киімдерін киіп, шықсын. Мұнан кейін өзінің және бүкіл халықтың әкелген құрбандықтарын шалып, (құрбандық үстелінде) түгелдей өртеп ұсынсын. Осы арқылы Һарон өзін және бүкіл халықты арамданған күйлерінен тазартсын. 25Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған малдардың майларын да құрбандық үстелінде түтетіп өртеп ұсынсын.
26Ал (халықтың күнәлары артылған) текені елсіз иен далада босатып жіберген адам қайта оралғанда үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін оған ел қонысына кіруге болады.
27Күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалынып, қандарын Һарон халықты арамданған күйінен тазарту үшін ең қасиетті бөлмеге апарған жас бұқа мен текеге#16:27 16:11,14,15. келсек, олардың денелерін ел қонысының сыртына шығарып, сол жерде терілерін, еттерін және ішек-қарындарын жынымен қоса өртеп жіберу керек.#16:27 4:11-12,21; 6:30; 8:17. 28Соларды өртеген адам үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін ғана оның ел қонысына қайтып кіруіне болады.
29Мынау сендерге арналған тұрақты ереже: жетінші айдың оныншы күні#16:29 Яғни қыркүйектің соңында. Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып (ораза тұтып) еш жұмыс істемеңдер! Бұл тумысынан исраилдік болғандарға ғана емес, сондай-ақ, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да қатысты. 30Себебі сол күні сендер үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалып тазарасыңдар. Соның арқасында сендер Жаратқан Иенің алдында барлық күнәларыңнан пәк таза болып тұрасыңдар. 31Сол күн сендер түгелдей тынығатын демалыс күні болсын. Сендер Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып ораза ұстаңдар! Бұл — тұрақты ереже. 32Болашақта әкесінен кейін тағайындалып, орнын басқан (бас) діни қызметкер#16:32 21:10. де халықты арамданған күйінен тазарту рәсімін (жыл сайын) дәл солай орындалуы керек. Сонда ол (бас) діни қызметкердің бәтестен тігілген арнайы#16:32 (16:4) Яки: киелі. киімдерін киіп алып, 33ең қасиетті бөлмені, бүкіл кездесу шатыры мен құрбандық үстелін, сондай-ақ, діни қызметкерлер мен бүкіл қауымды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындасын.
34Бұл сендерге арналған тұрақты ереже#16:34 23:31. болады: жылына бір рет Исраил халқының барлық күнәларына бола оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындаңдар!#16:34 Мыс 30:10.
Мұса бәрін де Жаратқан Ие өзіне айтқандай істеді.
Currently Selected:
Леуіліктер 16: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.