Леуіліктер 1
1
Шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты ұсыну тәртібі
1Жаратқан Ие киелі кездесу шатырының ішінен#1:1 Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы — киелі кездесу шатыры Синай тауының маңында дайындалып, тігілгеннен кейін Оның нұрлы салтанатына кенеліп, Жаратқан Ие сонда тұратын болды (Мыс 25:22; 40:34-35). Мұсаны шақырып алып, оған былай деп бұйырды:
2— Исраил халқына мынаны айт: Араларыңнан біреу Жаратқан Иеге құрбандық мал ұсынғанда онысын не мүйізді ірі қарадан, не ұсақ малдан алып келсін.
3Егер оның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы#1:3 Яки: шалынып, өртеліп, түтіні Жаратқан Иеге көтерілетін құрбандығы. мүйізді ірі қара болса, онда Жаратқан Ие оған риза болу үшін адам еш мінсіз бір бұқаны кездесу шатырының кіреберісіне алып келсін. 4Адам сол құрбандық малдың басына қолын қойсын. Сонда осы адам күнәларының арамдығынан тазарады. Жаратқан Ие оның құрбандығына риза болып, онысын қабылдайды.
5Адам жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында шалсын. Һаронның ұлдары — діни қызметкерлер құрбандықтың қанын алып келіп,#1:5 Яки: Жаратқан Иеге (сол адамның төлемі ретінде) ұсынып (17:11). одан кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған құрбандық үстеліне#1:5 Мыс 27:1-8; 38:1-7; 40:6. барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
6Содан соң адам шалынған құрбандықтың терісін сыдырып алып тастап, денесін мүшелеп бөлсін. 7Діни қызметкер Һаронның ұлдары құрбандық үстеліне шоқ салып, оның үстіне ағаш отын қаластырсын. 8Олар құрбандықтың мүшеленген бөліктерін, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын. 9Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды#1:9 Яки: хош иісті, әрі (Тәңір Иенің күнәға деген қаһарын) басатын (Нқл 21:14). тарту.
10Егер адамның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы ұсақ мал: қой не ешкі болса, онда еш мінсіз, еркек жынысты бір малды алып келсін. 11Адам оны Жаратқан Иенің алдында, құрбандық үстелінің солтүстік жағында шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
12Содан соң адам құрбандықтың денесін мүшелеп бөлсін. Діни қызметкер сол бөліктерді, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын. 13Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
14Егер адамның Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандығы құстардан болса, онда ол бір көгершін немесе бір жас кептер алып келсін. 15Діни қызметкер құсты құрбандық үстеліне алып келіп, оның мойнын үзіп, сонда түтетіп өртеп жіберсін. Содан бұрын ол құстың қанын құрбандық үстелінің қабырғасына қысып ағызсын, 16әрі жемсауы мен қауырсындарын құрбандық үстелінің шығыс жағына, күл төгілген жерге лақтырып тастасын.#1:16 Үйілген күл мен қалдықтар күн сайын ел қонысының сыртындағы арнайы жерге апарылып төгілетін (4:11,12; 6:10,11). 17Содан соң діни қызметкер құстың қанаттарын ұстап, денесін қақ жарсын, бірақ бөлектемесін. Діни қызметкер осылай құсты құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Currently Selected:
Леуіліктер 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.