YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 25

25
Жетпіс жылға жер аударылу туралы алдын ала хабар
1Жосия ұлы Жохақымның Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға бүкіл Яһуда халқы туралы сөзін арнап хабарын жіберді. Бұл Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған бірінші жылы болатын. 2Еремия пайғамбар осы хабарды Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарының бәріне жеткізіп былай деді:
3— Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар. 4Жаратқан Ие сендерге қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырса да, сендер оларды не тыңдаған, не ден қойған жоқсыңдар. 5Сол хабарларда Жаратқан Ие сендерге мынаны ескертетін: «Әрқайсың теріс жолдарыңнан қайтып, істеп жүрген зұлым істеріңнен бас тартыңдар! Сонда Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа мәңгілікке тапсырған елде сендерді ұдайы мекендетемін. 6Сондай-ақ бөгде тәңірлердің жолын қуып оларға иіліп табынбаңдар! Мені өз қолдарыңмен жасап алған сол тәңірсымақтарыңмен ашуландырмаңдар! Сонда Мен сендерге ешқандай бақытсыздық жібермеймін!»
7Енді Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бірақ сендер Мені тыңдамадыңдар. Өз қолдарыңмен жасап алған нәрселеріңе табынып, ашуымды шақырдыңдар. Осылайша өз бастарыңа өздерің пәле тілеп алдыңдар!»
8Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің сөздерімді тыңдамағандықтарыңнан, 9солтүстіктің барлық ұлттары мен тайпаларын және Менің еркімді іске асыратын Бабыл патшасы Набуходоносорды осы ел мен оның тұрғындарына және оның айналасындағы күллі халықтарға қарсы аттандырып алып келемін. Мен осы елдерді түгелдей қиратып тастаймын. Олар ұдайы қаңырап бос қалады, ал басқалар оларға қарап аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып келекелейтін болады. 10Олардан қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын. Қол диірменінің үні де өшіп, шам-шырақтары сөніп қалады. 11Бүкіл ел қорқынышты құлазыған айдалаға айналады, ал осы ұлттар Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады.
12Бірақ жетпіс жыл өткен соң, Мен Бабыл патшасын да, оның халқын да ауыр кінәлары үшін жазалап, халдейлердің елін мәңгілікке қаңыраған қу далаға айналдырамын. 13Мен сол жерге қарсы айтқанымның барлығын: Еремия пайғамбардың басқа ұлттарға қарсы жариялап, осы шиыршық кітапта жазылған жазаларымның бәрін де жүзеге асырамын. 14Бабылдықтар көп халықтар мен ұлы патшалардың құлдығына түседі. Мен бабылдықтарға жасаған іс-әрекеттеріне сай тиісті жазаларын тартқызамын!»
Құдайдың қаһарына толы «тостаған»
15Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды:
— Ернеуіне дейін «қаһарымның шарабына» толған мына «тостағанды» ал да, Өзім сені жіберетін халықтардың бәріне содан «ішкіз!» 16Олар «ішіп алып», тәлтіректейді. Мен олардың арасына семсерді жібергенімде мүлдем естері ауысып кетеді!
17Мен Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағанды» Оның қолынан қабылдап, Өзі мені жіберген халықтардың бәріне «ішкіздім»: 18Иерусалим мен Яһуданың басқа қалалары, оның патшалары мен әміршілері осылай күйреп, бөтен халықтардың бұларға қарап жандары түршігіп ысқырып, келекелеп, қарғауына ұшырайтын болды. Олар әлі күнге дейін сол күйде.
19Сондай-ақ Мысыр патшасы перғауынға, нөкерлері мен әміршілеріне, бүкіл халқына, 20сол патшалықта тұрып жатқан барлық жат жұрттықтарға да сол «тостағаннан» ішкіздім. Мұнан кейін шығыстағы Ус жерінің#25:20 Әйүп 1:1. күллі патшаларына, філістірлер елінің бүкіл патшаларына әрі Ашқалон, Газа, Әкронның халқына және Азоттың тірі қалғандарына да, 21Едом, Моаб және Аммонның халқына, 22Тир мен Сидонның барлық патшаларына, теңіздің ар жағындағы аралдар мен жағалауларындағы жерлердің патшаларына да, 23Дедан, Тема, Буздың халықтарына, шалғайда тұратын бүкіл көшпенділерге, 24Арабияның және иен даланы мекендейтін әр түрлі ұлттардың барлық патшаларына, 25Зімри, Елам және Мидия патшаларының бәріне, 26алыс-жақын солтүстік елдерінің барлық патшаларына, бірінен кейін біріне, жалпы, бүкіл жер жүзінің патшалықтарына Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағаннан ішкіздім». Бәрінің соңынан Шешах патшасы#25:26 Шешах: Бабыл атының құпия түрі (51:41). да содан «ішетін» болады.
27— Бұдан кейін оларға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «ішіңдер, тоя ішіп, құсып тастаңдар!» Мен араларыңа жіберіп отырған семсерден құлап, қайтып тұрмаңдар! 28Ал егер олар сенің қолыңнан «тостағанды» алып, «ішуден» бас тартса, оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сендер одан міндетті түрде ішесіңдер! 29Ойлаңдаршы, Мен тіпті Өзімнің атыммен аталған қаланың#25:29 Яғни Иерусалимнің (Пат3 8:43). басына да апат түсіремін. Сонда өздеріңді жазадан құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, құтылмайсыңдар, өйткені жер бетінің күллі тұрғындарына семсерді жіберемін! — деп нық айтады Әлемнің Иесі.
30Сонымен оларға қарсы мына пайғамбарлық сөздердің бәрін де айт: Жаратқан Ие заңғар биіктен ақырып, Өзінің киелі тұрағынан даусын естіртеді. Ол осы шұрайлы елге Өзінің бар даусымен күркіреп, бүкіл жер бетінің тұрғындарына жүзімді таптап шырынын ағызатын жұмысшылар айқайлағандай қатты айқай салады.#25:30 48:33; Жое 2:11; 3:16; Амо 3:8. 31Осы айқай-шу жердің шет-шеттеріне дейін жететін болады. Өйткені Жаратқан Ие ұлттарды айыптап, барлық халықтарға үкімін шығарып, ішіндегі зұлымдарын семсерімен құртатын болады, — дейді Жаратқан Ие.
32Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады:
— Қараңдаршы! Апат бір халықтан екінші халыққа тарап, жердің бар түкпірлерінен алапат дауыл тұрып келе жатыр. 33Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады. Оларды ешкім жоқтап қайғырмайды да, өліктерін жинап, қабірге қоймайды да. Олар далада қи-қоқыс сияқты шашылып жататын болады.
34Ей, «бақташылар», жылап-сықтаңдар, «отардың жетекшілері», қатты қайғырып күлге аунаңдар!#25:34 Яки: халықтың жетекшілері, күлге аунаңдар! Сендердің қырылып, бытырап кететін уақыттарың келді. Сендер құлап, қымбат ыдыстай сынып қаласыңдар. 35Бақташылардың қашып баратын, жетекшілердің бас сауғалайтын жері болмайды. 36Бақташылардың жан айқайы, жетекшілердің еңіреп жылауы естіліп тұр. Өйткені Жаратқан Ие олардың жайылымдарын жайпап жатыр. 37Тыныш жатқан көгалдар Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан тып-типыл болады. 38Ол апанынан шыққан арыстандай тап беруге дайын тұр. Олардың елдері басқыншының семсерінен және Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан қаңырап бос қалады.

Currently Selected:

Еремия 25: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in