Еврейлерге хат 4
4
Құдайдың тыныштық сыйлайтын ел туралы уәдесі
1Құдайдың шынайы тыныштық сыйлайтын елге кіргізу жайлы уәдесі әлі де күшінде. Сол себепті бірде-біреуіңнің осы мүмкіндікті жіберіп алмауларың үшін сақ болайық! 2Ата-бабаларымыз сияқты біз де Құдайдың сыйлайтын тыныштығы туралы уәдесін естідік. Олар бұл хабарды сеніммен қабылдамай, тек естіп қана қоя салғандықтан, оның пайдасын көрмеді.#4:2 Тек Құдайға сенген екі барлаушы — Ешуа мен Халеп қана уәде етілген елге кіре алды (Рул 14:6-9,24,38; 32:11-13; Еш 14:6-15). 3Ал сенімімізді Мәсіхке артқан біздер уәде етілген тыныштықты иемденеміз.
Рас, Тәңір Ие былай деген болатын: «Қаһарланып ант еттім сондықтан: Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» Ал Тәңір Иенің өз жұмысы әлемді жаратып болған кезде-ақ тамамдалған еді ғой. 4Киелі жазбалардың бір жерінде жаратылыстың жетінші күні туралы былай делінген: «Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, демалды».#4:4 Жар 2:2. 5Алайда Құдай (жоғарыда келтірілген аяттарда) былай деген: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» 6Демек, ежелде Ізгі хабарды естіген ата-бабаларымыз Құдайға бағынбағандықтан сол тыныштыққа кіре алмады. Ал өзге кейбіреулер үшін кіру мүмкіндігі әлі де сақтаулы. 7Сол себепті Құдай кейін басқа бір күнді белгіледі, ол күн — «бүгін». Көп уақыт өткен соң Ол бұл туралы Дәуіт пайғамбар арқылы былай деді: «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!» 8Егер кезінде Ешуа пайғамбар халықты Құдай дайындап қойған шынайы тыныштыққа жеткізген болса, онда кейінірек тыныштық сыйланатын басқа бір күн туралы сөз болмас та еді.
9Мұның бәрі осылай болғандықтан, Құдайдың Өзі жетінші күні демалып тыныққаны сияқты, Оның халқы үшін де шынайы тыныштыққа#4:9 Немесе: сенбі (яғни демалыс) күнінің тыныштығына. Яки: Мәсіхке сеніп, Құдай әзірлеп қойған тыныштыққа (4:1-4). жету мүмкіндігі әлі де бар. 10Құдайдың жарату жұмысын тамамдаған соң тынығып демалғанындай, Оның дайындап қойған шынайы тыныштығына ие болған әркім де өз бетімен еңбектенуін доғарып, тынығады.#4:10 Демек, шынайы тыныштығына кірген әр сенуші де Құдай алдында ақталу үшін өзінің жасаған игі істеріне сүйенбейді (Рим 4:1-25). 11Сондықтан ешқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты бағынбаушылыққа бола сол тыныштықтан құр қалмау үшін оны иемденуге жан сала ұмтылайық!
12Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір!#4:12 Ерм 23:29; Пет1 1:23; Еф 6:17; Аян 1:16; 19:15. Құдайдың сөзі бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткен іспетті, жүрегіміздің түкпіріндегі ой-ниетімізді де әшкерелеп, бағалайды.#4:12 Жох 12:48; Қор1 14:24-25. 13Құдайдан жасырын жатқан ешбір жан иесі жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр.#4:13 Жыр 138:1-4; Ерм 17:10; Еф 5:13; Аян 2:23. Біз Құдайдың алдында есеп беруге тиіспіз.#4:13 Уағ 12:14; Жох 5:27-29; Рим 2:16; 14:10-12.
Мәңгілік адал Бас діни қызметкер
14Сонымен сенімімізді берік ұстанып, оны тапжылмастан мойындайық. Көкке көтеріліп кеткен зор мәртебелі Бас діни қызметкеріміз — Құдайдың рухани Ұлы Иса бар. 15Ол бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді,#4:15 2:17-18; 5:7-8; Лұқ 4:2; 22:28. бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ.#4:15 7:26; Пет1 2:22. 16Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына нық сеніммен жақындап,#4:16 (7:25; 10:19-23; Жох 14:12-14; 16:23-24) Яки: Құдайға (Мәсіх арқылы) еш қысылмастан еркін сиынып. өтініштерімізді білдірейік. Осылай көмекке мұқтаж кездерімізде Оның мейірімділігі мен рақымына ие боламыз.
Currently Selected:
Еврейлерге хат 4: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.