YouVersion Logo
Search Icon

Ғалаттықт. хат 4

4
1Тағы айтпағым мынау: мұрагер болашақта барлық байлықты иемденуге қақылы болса да, балалық кезінде оның құлдан еш айырмашылығы жоқ. 2Жас мұрагер әкесі белгілеген уақытқа дейін қамқоршылар мен үй басқарушылардың бақылауында. 3Біз де рухани балалық шағымызда осы дүниедегі бастапқы діни ілімдердің#4:3 Яки: осы дүниелік тұрпайы ілімдердің (не ережелердің) (4:9-10; Қол 2:8,20-23). құлдығында болдық. 4Ал Құдай белгілеген уақыты жеткенде, Өзінің рухани Ұлын жіберді. Ол бір әйел арқылы дүниеге келіп,#4:4 Лұқ 1:30-35; Жар 3:15. Таурат заңы үстемдік етіп тұрған халықтың арасында 5сол заңға бағынғандарды босатып,#4:5 Яки: төлемін өтеп азат етіп (Иш 41:14). Өзінің рухани балалары ету үшін келді. 6Енді біз рухани балалары болғандықтан, Құдай Өзінің рухани Ұлының Рухын жүрегімізге дарытты. Сол Рух бізді: «Абба, Әке!»#4:6 Абба: көне арамейше, мағынасы «Әкетай» (Мар 14:36; Рим 8:15). — деп Құдайға сиындырады.
7Сонымен енді құл емес, рухани ұлсың; ал рухани баласы болған соң, Құдай саған Өзінің уәде еткендерін сыйлайтын болады.
Елшінің ғалаттықтарды уайымдап қиналуы
8Сендер бұрын Құдайды әлі білмейтін кезде шынайы Тәңір емес жын-перілерге құл болып қызмет еттіңдер. 9Ал енді Құдайды жақыннан танып алғаннан кейін, дұрысын айтқанда, Құдай сендерді танып, Өзімен жақын байланыста болуға шақырғаннан кейін, қалай ғана кері айналып, қайтадан әлсіз де бейшара, бастапқы діни ілімдерге#4:9 4:3. бет бұрасыңдар? Соларға тағы да құл болып жүргілерің келе ме? 10Белгілі діни күндер мен айларды, мерекелер мен жылдарды берік ұстануда екенсіңдер. 11Сендерге арнаған еңбегім зая кетті-ау деп уайымдаймын.#4:11 2:2; 5:2-4; Сал1 3:5.
12Бауырластарым, сендерден өтінемін: пайдасыз ережелерге бағынбай, мен сияқты болыңдар, мен де сендер сияқты болдым. Жеке басыма жамандық істеген жоқсыңдар. 13Сендерге Ізгі хабарды алғаш рет жариялағанымда денсаулығымның нашар болғанын білесіңдер. 14Бірақ та тәнімнің ауруынан жиреніп, теріс қарап кетпедіңдер. Керісінше, мені Құдайдың бір періштесіндей, тіпті Иса Мәсіхтің Өзіндей, қабылдадыңдар. 15Бұрынғы риза көңілдеріңе не болды? Өзім мынаған куәмін: сол кезде, мүмкін болса, өз көздеріңді ойып алып, маған сыйлар едіңдер.#4:15 Немесе: ең қымбатты нәрселеріңді қиюға даяр едіңдер. (Пауылдың көз ауруымен науқастанғаны да ықтимал: 6:11.) 16Ал қазір мен сендерге шындықты айтқаным үшін жау болып шықтым ба? 17Көңілдеріңнен шығуға ынталанғандардың ниеттері#4:17 Яғни яһуди діндарларының ниеттері (1:7; 3:10). жақсы емес: олар сендерді бізден ажыратып, өздеріне құштар етіп қаратып алмақ. 18Біреудің көңілінен шығуға ізгі ниетпен ынталану — жақсы нәрсе, бірақ бұл тек қастарыңда жүргенімде ғана емес, әрдайым болу керек.
19Балаларым менің! Баласын туғанда толғақ азабын басынан кешкен анадай мен тағы да сендерді уайымдап қиналып жүрмін. Бұл, мінез-құлықтарыңнан Мәсіхтің болмысы толығырақ көрінгенше, жалғаса бермек. 20Дәл қазір қастарыңда болып, сендермен жұмсақ үнмен сөйлессем шіркін! Себебі сендерді түсіне алмай жүрмін.
Ажар мен Сараның мысалы
21Таурат заңына бағынғысы келген сендер маған айтыңдаршы: Тауратта айтылғанды білмейсіңдер ме? 22Онда Ыбырайымның екі ұлы: біреуі күңінен, екіншісі ерікті әйелінен туғаны туралы жазылған.#4:22 Жар 16:1-4,11,15-16; 21:1-5. 23Күңінің ұлы әдеттегідей туылса, ерікті әйелінің ұлы Құдайдың берген уәдесі бойынша кереметпен дүниеге келді.#4:23 Жар 17:15-16,19; 18:10-14; Рим 9:7-9. 24Бұл әңгімеде астарлы мағына бар, екі әйел екі түрлі Келісімді білдіреді: біреуі — перзентін құлдықта туған Ажар, ол — Синай тауында жасалған Келісімнің бейнесі.#4:24 2:4; 4:3,9; 3:19,23; Қор1 10:11. 25Ал Арабиядағы Синай тауын бейнелейтін Ажар қазіргі Иерусалимге де ұқсайды. Себебі ол қала өз халқымен әлі де Таурат заңының құлдығында. 26Бірақ көктегі Иерусалим ерікті, біздің рухани анамыз — сол!
27Бұған байланысты Пайғамбарлар жазбаларында: «Қуан, уа, құрсақ көтермейтін, бала сүймеген әйел, шаттана ән шырқа! Иә, толғатып көрмеген сен, масаттанып дауыста! Өйткені күйеуі бардан гөрі жалғыз басты әйелдің балалары енді көбірек болады!» — деп алдын ала айтылған.#4:27 (Иш 54:1) Демек, Таурат заңын ұстанушылардан гөрі Құдайдың уәдесі бойынша сенім арқылы ақталғандардың саны әлдеқайда көп болмақ.
28Уәде бойынша дүниеге келген Ысқақ іспетті біздер де, уа, бауырластарым, Құдайдың уәдесіне сай Оның қайта туылған рухани балаларымыз. Себебі Ыбырайымның Тәңір Иеге сенгеніндей, біз де Оған сенеміз. 29Ал әдеттегідей жолмен дүниеге келген бала#4:29 Яғни Ысмағұл (Жар 21:9). сол заманда Құдай Рухы дарытқан қабілетпен туған баланы қудалады. Сол сияқты, қазір де құлдықта жүрген яһудилер Киелі Рухтан қайта туылған біздерді қудалауда. 30Тауратта не делінген? Онда мынадай сөздер бар: Күңді баласымен бірге қуып жібер! Күңнің ұлы ерікті әйелдің ұлымен бірдей мұраға ие болмасын!#4:30 Жар 21:10. 31Ендеше, бауырластар, біздер «күңнің» емес, «ерікті әйелдің» ұрпағымыз!#4:31 Яғни Құдай бізді Таурат заңына бағындырмай, Мәсіхке деген сеніміміз арқылы ақтап, қабылдап, Өзінің беретін рухани игіліктеріне ие етті (3:29; Елш 15:10-12).

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in