Мысырдан шығу 36
36
1Ендеше Беселиел мен Аһолияп та, Жаратқан Ие киелі шатырды дайындап, тұрғызып, жабдықтаудың бүкіл жұмысын іске асыруға ақыл-парасат пен қабілет дарытқан барлық басқа шеберлер де Оның тапсырғандарын түгелдей жасап шығарсын».
2Осылайша Мұса Беселиел мен Аһолияпты да, Жаратқан Ие ақыл-парасат пен шеберлік дарытқан, шын жүректен келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген тағы басқалардың барлығын да жұмыстарына кірісуге шақырды. 3Олар Исраил халқы киелі шатырды тұрғызуға арнап әкелген сый-тартуларының барлығын Мұсадан қабылдап алды.
Бұдан кейін де халық күн сайын ертеңмен Мұсаға өз еріктерімен сый-тартулар әкеліп жатты. 4Сонда киелі шатырды дайындап жатқан шеберлер жұмыстарын тастап, Мұсаның алдына барып: 5«Халық Жаратқан Ие тапсырған іске қажетті заттарды мөлшерден тыс әкеліп жатыр», — деп баяндады.
6Содан Мұса жарлық шығарып, оны ел қонысына таратқызды: «Бұдан былай бірде-бір еркек не әйел киелі шатырға арнап заттар дайындап жасамасын!»
Сонда исраилдіктер сый-тарту әкелулерін тоқтатты. 7Өйткені олардың осыған дейін әкелгендері барлық жұмыстарды атқаруға жетіп, тіпті қажетті мөлшерден артылып жатты.
Киелі шатырды құруға қажетті заттардың жасалуы
8Сонымен күллі дарынды шеберлер бірігіп жұмыс істеп, киелі шатырды құруға қажетті заттарды жасап дайындады. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден шатырдың он жабынын тоқыды. Солардың бетіне керубтердің бейнелері шеберлікпен кестеленді. 9Барлық жабындардың көлемі бірдей еді: ұзындығы жиырма сегіз, ені төрт шынтақ. 10Шеберлер Беселиелдің басшылығымен жабындарды бес-бестен қатарластыра біріктіріп тігіп шықты. 11Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін олар әрқайсысының бір жақ шетіне қою күлгін#36:11 (26:1,4-5) Немесе: қою көк. жіптен баулық сияқты елу ілгектен дайындап бекітті. 12Мұнан кейін шеберлер екі жапқыштың жиегіндегі елу-елуден жасалған ілгектерді бірдей қашықтықта бір-біріне тұспа-тұс келтірді. 13Алтыннан елу ілмек шығыршық жасалып, солармен жапқыштың екі жартысы біріктірілді. Осылайша киелі шатыр біртұтас жапқышпен жабылатын болды.
14Шатыр төбесін жабу үшін түбіттен тағы он бір жабын тоқылды. 15Барлық он бір жабынның көлемі бірдей еді: ұзындығы отыз, ені төрт шынтақ. 16Шеберлер бес жабынды бір бөлек, келесі алты жабынды бір бөлек қатарластыра біріктіріп тікті. 17Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін әрқайсысының бір жақ шетіне баулық сияқты елу ілгектен дайындалып бекітілді. 18Қоладан елу ілмек шығыршық жасалды. Ілгектер солармен бекітіліп, шатырдың төбесі осы біртұтас жапқышпен жабылатын болды.
19Содан кейін шеберлер киелі шатырды жабу үшін қызыл түске боялған қошқар терілерінен де бір жапқыш қапты және оның үстінен жабуға борсық терілерінен тағы бір жабынды біріктіріп тікті.
20Шатырдың қабырғалары үшін аққараған ағашынан тік тұрғызылатын қырлы бөренелер дайындалды. 21Әр бөрененің ұзындығы он, ені бір жарым шынтақ болды. 22Әрқайсысының табанында қатар тұрған екі шошақ тығыннан бар еді. Беселиел күллі бөренелерді осылай жасатты. 23-26Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасалды: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін қос тағаннан дайындалды. 27Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшін алты бөрене 28және оның бұрыштары үшін тағы екі бөренеден жасалды. 29Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейін жұпталып, бір шығыршығы бар жоғарғы жақта біріктірілді. Беселиел екі бұрыш үшін де осылай істетті. 30Сонымен барлығы сегіз бөрене болды. Оларға арнап әрбіреуіне екі-екіден он алты күміс таған дайындалды.
31-32Беселиел аққараған ағашынан киелі шатырдың оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғалары үшін көлденең бес сырықтан жасатты. 33Ал ортаңғы сырықтар бөренелердің ортасынан өтіп, қабырғаның бір басынан келесі басына дейін жететін болды. 34Бөренелер, сырықтар және бұларды өткізетін шығыршықтар алтынмен қапталды.
35Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден шымылдық тоқылып, бетіне керуб деген күзетші періштелердің бейнелері кестеленді. 36Шеберлер аққарағаннан төрт бағана дайындап, алтынмен қаптап, оларға алтын ілгіштер орнатты. Бағаналар үшін төрт күміс таған құйып жасады.
37Киелі шатырдың кіреберісіне де арнап қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден шымылдық тоқылды. 38Оны іліп қою үшін ілгіштері бар бес бағана жасалды. Бағаналардың үстіңгі иықтарын#36:38 Яки: капителдерін. және шымылдық ілінетін сырықтар алтынмен қапталды. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйылып дайындалды.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 36: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.