YouVersion Logo
Search Icon

Мысырдан шығу 30

30
Хош иісті заттарды түтету үстелі
1Хош иісті заттарды өртеп түтету үшін аққараған ағашынан арнайы үстел жасат. 2Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болсын, әрі (төрт бұрышының үстіңгі жағынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалсын. 3Үстелдің бетін, бүкіл жақтаулары мен шошақтарын да саф алтынмен қаптатып, бетін айналдыра алтын ернеумен жиектет. 4Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнат. Соларға үстелді көтеріп алып жүретін сырықтарды кіргізу керек. 5Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталсын.
6Үстелді Келісім сандығының және оның үстіндегі қақпақтың қарсы алдындағы шымылдықтың алдына қойғыз. Сол жерде Мен сенімен кездесетін боламын.#30:6 29:43; 30:36; Рул 17:4.
7Һарон күн сайын таңертең шамдарды реттеп дайындаған кезде үстелдің үстінде хош иісті заттарды түтетуі керек. 8Ымырт жабыла шамдарды жаққан кезде де Һарон сондай тартуды түтетіп ұсынуға тиіс. Бұл — келер ұрпақтарыңның да Жаратқан Ие алдында тұрақты орындайтын түтету рәсімі.
9Осы үстелдің үстінде басқа ешқандай тарту: не (Тәңір Иеге бағышталмаған) бөтен хош иісті зат, не шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық, не астық тартуын ұсынбаңдар, сұйық тартулар да оның үстіне құймаңдар! 10Һарон жылына бір рет күнәнің құнын өтеу үшін шалынған құрбандықтың қанын түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, осылайша үстелді күнәнің арамдығынан тазартсын. Бұл рәсімді келешек ұрпақтарың да жыл сайын орындауға тиіс.#30:10 Леу 16:18-19,34. Себебі түтету үстелі Жаратқан Иеге толықтай бағышталған, ерекше киелі.#30:10 Яки: толықтай бағышталып, ерекше қасиетті болып саналсын.
Киелі шатыр үшін төленетін жан басы салығы
11Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
12— Исраилдің ер адамдарын түгендеп санап жатқан кезде#30:12 38:25-26; Рул 1:2-3. санаққа кірген әркім өз өмірі үшін Жаратқан Иеге жан басы салығын төлесін.#30:12 Немесе: әрқайсысы Жаратқан Иеге өз жанының төлемін өтесін (38:25; Рул 1:2-3; 31:50; Мат 20:28). Сонда олар санақтан өткенде індетпен жазаланбайды.#30:12 (Пат2 24:10,15,25) Немесе: санақтың кесірінен апатқа ұшырамайды. 13Санақтан өтіп жатқан әр адам салмағы жарты мысқал (күмісті) Жаратқан Иеге тарту ретінде бағыштасын. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан#30:13 Сол кездегі гераһ өлшемінің салмағы 0,6 г, ал мысқал — 12 г шамасында болатын. тұратын, киелі орында қолданылатын ресми өлшем.#30:13 Яғни діни қызметкерлердің киелі шатырдың ауласында қолданатын өлшемі (Леу 27:25; Рул 3:47).
14Жасы жиырмаға толған не одан асқан әрбір ер адам Жаратқан Иеге осындай сый-тарту ұсынуға тиіс. 15Жан басы үшін Жаратқан Иеге арнап төленетін осы төлем бай үшін жарты мысқалдан артық болмасын, кедей үшін одан кем де болмасын. 16Исраилдің ер адамдарынан жан басы салығын қабылдап, кездесу шатырының#30:16 Яки: киелі шатырдың (25:22; 29:42-43; 30:6). қажетіне жарат. Осылай сендердің жеке бастарың үшін төлеген осы төлемдерің Жаратқан Ие алдындағы естеліктерің болмақ.#30:16 Яки: сендердің өмірлеріңнің құтқарылуы үшін төлеген осы төлемдерің Жаратқан Иенің алдында болып, сендерді Оның есіне түсіріп отыратын болады.
Жуыну рәсіміне арналған қазан
17Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
18— Жуыну рәсімі үшін қоладан қазан жасатып, қола тұғырға орнатқыз. Қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойып, ішін суға толтырт. 19Осы сумен Һарон мен ұлдары аяқ-қолдарын жуып тазартсын. 20Олар кездесу шатырына кіргенде немесе құрбандық үстелінің жанына жақындап, Жаратқан Иеге арналған тартуларды өртеп ұсыну қызметін атқарғанда өліп қалмаулары үшін, алдымен осы тазару рәсімін орындасын!#30:20 Түсіндірмедегі «Тазару рәсімдерін» қараңыз. 21Олар аяқ-қолдарын жуып тазартуға тиіс. Егер олай етпесе, өлім құшады. Бұл — Һарон мен оның келер ұрпақтарына арналған тұрақты ереже.
Киелі үй қызметіне кірісу рәсіміне арналған хош иісті май
22Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
23— Өзің ең таңдаулы хош иісті мына нәрселерді: сұйық мүр шайырынан бес жүз мысқал,#30:23 Шамамен 6 кг. жұпар иісті дәмқабық пен хош иісті қамыс тамырының өзегін екі жүз елу мысқалдан, яғни мүр шайырының жарты мөлшерінен, дайындап ал. 24Бұларға дәмқабық ағашының кептірілген гүлдерінен бес жүз мысқал да қос.#30:24 Яки: Бұларға кассиядан да 6 кг қос. Осы мөлшерлер киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша болсын. Және он бес қадақ#30:24 Немесе: бір һін (төрт литр шамасында: 29:40). зәйтүн майын да ал. 25Киелі шатырдағы қызметке кіріскен кезде адамдар мен заттарға май жағу рәсімін жасау үшін арнайы шеберлер бұл заттарды келіде түйіп, араластырып, хош иісті май қоспасын дайындасын.
26Осы қоспаны кездесу шатыры мен Келісім сандығына, 27үстел мен оған қатысты ыдыстарға, шам қойғыш пен оған қажетті бұйымдарға, түтету үстеліне, 28құрбандық өртелетін үстел мен оның құрал-саймандарына және жуынатын қазан мен тұғырына май жағу рәсімін жасағанда қолдан. 29Солай етіп осы аталғандарды Маған түгелдей бағышта, олар ерекше киелі болады. Соларға жанасқан әр нәрсе және әрбір адам да Маған бағышталып, меншігіме айналады.
30Һарон мен ұлдарына да май жағу рәсімін орындап, оларды Менің қызметіме бағыштап, Өзімнің діни қызметкерлерім етіп тағайында. 31Исраил халқына мына сөздерімді жеткіз: Тағайындау рәсіміне арналған бұл май қоспасы Маған ғана арналған. Келер ұрпақтарың да оны тек осылай қолдануға тиіс. 32Осы хош иісті май қоспасын басқа адамдардың денесіне жағуға да, өздеріңе қолдану үшін сондай құрамдағы қоспаны жасауға да болмайды. Ол тек Маған ғана арналған, оны киелі деп санаңдар! 33Кімде-кім осындай май қоспасын өзі жасайтын болса немесе қолдануға болмайтын басқа біреуге жақса, сол адамды халқының арасынан аластату қажет.
Түтетілетін хош иісті тарту
34Жаратқан Ие Мұсаға тағы мынаны бұйырды:
— Әрқайсысынан бірдей мөлшерде етіп мынадай хош иісті заттарды дайындап ал: жұпар иісті шайыр тамшылары, қабыршақ, халбан шайыры,#30:34 Халбан: Сирия мен Иранда өсетін бір өсімдіктің тамырынан алынатын жұпар иісті шайыр. хош иісті дәмдеуіштер және таза ладан шайыры. Осы хош иісті заттардың әрбіреуінен бірдей мөлшерде ал. 35Арнайы шеберлерге солардан жұпар иісті түтету қоспасын жасат: ол тұзбен араластырылып, таза да киелі болсын.#30:35 Яки: саф таза, Маған ғана бағышталған болсын (30:32,36-37). 36Түтету қоспасының біразын ұнтақтап, кездесу шатырының ішіне, Мен өзіңмен кездесіп, Саған сөзімді арнайтын орынға,#30:36 25:22; 29:42-43; 30:6. яғни Келісім сандығының қарсы алдына, қой. Оны тек Маған ғана бағышталған ерекше киелі деп есептеңдер! 37Осындай құрамда өздеріңе хош иісті түтету қоспасын жасамаңдар! Оны жалғыз Жаратқан Иеге ғана бағышталған киелі деп санаңдар! 38Кімде-кім өзі үшін түтетуге осындай қоспаны жасаса, сол халқының арасынан аластатылуға тиіс.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in