YouVersion Logo
Search Icon

Естер 7

7
Хаманның сұмдығы әшкереленіп, жазалануы
1Осылайша патша мен Хаман Естер патшайымға тағы да қонақасына келді. 2Олар сол екінші күні тамақ ішіп отырған кезде патша қайтадан Естерге сауал қойып:
— Тілегің қандай, Естер патшайым? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді. 3Сонда Естер патшайым былай деп жауап берді:
— Уа, патшам, егер маған мейіріміңіз түссе, әрі патша ағзам мақұл көрсе, маған өмірім аман қалдырылса екен! Тілегім — осы. Халқымның өмірі де аман сақталса екен! Өтінішім — осы. 4Өйткені өзім де, халқым да құртылып, өлтірілуге, әбден жойылуға сатылдық! Егер бізді құл-күң қылуға сатса, мен үндемес те едім. Себебі осындай ауыртпалық патшаның мазасын алатындай мәселе болмас еді.#7:4 Немесе: Ал қинаушы дұшпан патша шегетін зиянның орнын толтырып бере алмас еді. 5— Ахасуер патша Естер патшайымнан:
— Ол кім өзі? Мұндайды істеуге батылы барған кісі қайда? — деп сұрады. 6Естер:
— Сол қас жау — мына отырған зұлым Хаман! — деп жауап қатты. Сонда Хаманның патша мен патшайымның алдында зәресі қалмады.
7Патша қаһарланып орнынан ұшып тұрды да, шарабын қалдырып, сарайдың саябағына шығып кетті. Ал Хаман патшаның өзін құртуға шешім қабылдағанын көріп, Естер патшайымнан өмірін сақтап қалуын сұрап жалбарыну үшін, сол жерде қалып қойды. 8Содан Хаман Естердің жантайып жатқан төсегіне құлай кетті. Дәл сол кезде патша саябақтан қонақасы бөлмесіне қайта кіріп келе жатты. Патша: «Ол тіпті сарайда менің қасымда болып патшайымды зорламақшы ма?!» — деп айқайлап жіберді.
Патшаның аузынан осы сөз шыға салысымен-ақ күзетшілер Хаманның бетін бүркеп тастады.#7:8 Сол заманда өлімге бұйырылғандарға кейде осылай істейтін. Одан бұрын қатты түңілген Хаманның өзі бетін бүркеп алған болатын (6:12). 9Патшаның қасында жүрген Харбона есімді сарай қызметкері былай деді:
— Хаманның үйінің қасында биіктігі елу шынтақ дар ағашы тұр! Хаман соны патшаның игілігі үшін сөз сөйлеген Мардохайға арнап құрғызып қойған болатын. — Патша:
— Сол дарға оның өзін асыңдар! — деп бұйырды.
10Сонымен жендеттер Хаман Мардохайға арнап дайындатқызған дарға оның өзін асып қойды. Осыдан кейін патшаның қаһары басылды.

Currently Selected:

Естер 7: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in