YouVersion Logo
Search Icon

Естер 5

5
Естердің патша мен Хаманды бірінші қонақасына шақыруы
1Үшінші күні Естер патшалық киімін киіп, патша сарайының ішкі ауласына, патша отыратын кең бөлменің алдына келіп тұрды. Патша сондағы өз тағында, кіреберіске қарама-қарсы төрде отырған еді. Аулада тұрған Естер патшайымды көре салысымен, патша оның келгеніне риза болып, 2қолындағы алтын асатаяғын оған қарай созды. Естер патшаға жақындап келді де, асатаяқтың ұшына қолын тигізді. 3Патша оған тіл қатып былай деді:
— Саған не керек, Естер патшайым? Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — 4Естер:
— Егер патша ағзам мақұл көрсе, бүгін Хаманды ертіп өзіне арналып дайындалған қонақасына келсе екен, — деп жауап берді. 5Патша:
— Естердің өтінішін орындау үшін, Хаманды дереу осында жеткізіңдер! — деп бұйырды. Содан патша мен Хаман Естердің дайындаған қонақасына барды. 6Олар шарап ішіп отырғанда, патша Естерге сауал қойып:
— Тілегің қандай? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді. 7Естер былай деп жауап берді:
— Менің тілегім мен өтінішім мынау: 8Егер маған патша ағзамның мейірімі түсіп, тілегімді беріп, өтінішімді орындауды мақұл көрсе, патшам Хаманды ертіп мен ертең оларға дайындайтын қонақасына келсе екен. Патша ағзамның қойған сұрағына жауабымды сонда беремін.
Хаманның Мардохайдың көзін құртуға ұмтылуы
9Хаман сол күні қонақасынан мәз болып, көтеріңкі көңілмен шықты. Алайда патша сарайының қақпасында Мардохайдың не орнынан тұрып құрмет көрсетпегенін, не қорқыныш та танытпағанын байқағанда, Хаманды қаһар кернеді. 10Әйтсе де Хаман өзін-өзі ұстап, үйіне барды. Сонда достары мен әйелі Зерешті шақырып алып, 11оларға өзінің байлығының қандай ауқымды әрі ұлдарының сонша көп екенін айтып бөсті. Хаман, сондай-ақ, өзінің дәрежесін өсірген патшаның бүкіл әрекеттерін де, өзін басқа әміршілер мен қызметкерлерден қалай жоғарылатқанын да атап мақтанды. 12Мұнан кейін Хаман:
— Тіпті Естер патшайым да өзі дайындаған қонақасына патшамен бірге жалғыз мені шақырды. Ертеңгі қонақасына да ол патшамен бірге тек мені ғана шақырды! 13Алайда мен яһуди Мардохайдың сарай қақпасының маңында отырғанын әлі де көргенде, соның бәріне көңілім толмайды, — деп жүрек сырын ақтарды. 14Әйелі Зереш пен барлық достары Хаманға:
— Онда биіктігі елу шынтақ дар ағашын құрғызыңыз. Таңертең патшадан Мардохайды дарға асуды сұраңыз. Содан соң қуана патшамен бірге тойға бара бересіз, — деп ұсынды. Бұл ұсыныс Хаманға ұнап, ол дар ағашын дайындатқызып қойды.

Currently Selected:

Естер 5: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in