Уағыздаушы 9
9
1Сонымен мен осының бәрі туралы ойланып-толғанып мына қорытындыға келдім: Әділдер мен даналар және олардың істері де Құдайдың қолында. Адам өзін алда не күтіп тұрғанын: сүйіспеншілік пе, әлде жек көрушілік пе, соны білмейді.
2Бәрі де бірдей жайттарға тап болады екен: әділ мен зұлым, жақсы мен жаман, адал мен арам, құрбандық шалып ұсынатын әрі соны ұсынбайтын адамдар. Олар ізгі не күнәкар болсын, Құдайға уәде беретін не солай істеуден қорқатын болсын, барлығының тағдыры бірдей екен.
3Ал барлығының да осы өткінші дүниеде бірдей тағдырға ұшырайтыны — жанға бататын жайт! Сондай-ақ, адам баласының жүрегі зұлымдыққа кенеліп, өмір жолында ақымақтық жасайды. Содан кейін ол о дүниеге аттанып, өлгендердің қатарына қосылады.#9:3 8:11-13; 12:14; Жар 3:19; Ерм 17:10.
Құдай осы өмірде сыйлаған игіліктерді қуана қабылдау жайлы
4«Өлі арыстаннан тірі ит артық»#9:4 Немесе: «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық». дегендей, тірі жүргендер үшін әлі де үміт бар. 5Тірілер өлерін біледі ғой, ал өлгендер ештеңе білмейді екен. Олар енді қайтып еңбектерінің сыйын көрмейді екен, оларды ешкім есіне де алмас.#9:5 1:11; 2:16; 9:6; Жыр 87:11-13. 6Өлгендер кезінде сезінген сүйіспеншілік, жек көрушілік, қызғаныш баяғыда ғайып болған, олар бұ дүниеде болып жатқан істерге енді араласпайды.
7Кәне, жүр, Құдай істеп жатқан істеріңді құптағандықтан наныңды қуана жеп, сусыныңды шаттана іш. Өйткені Құдай осы істеріңді құптайды.#9:7 8:15. 8Әрқашан ақшыл киім киіп, шашыңа иісмайды аямай жақ! 9Құдай саған осы дүниеде берген қысқа ғұмырыңның барлық күндерінің қызығын сүйген жарыңмен бірге көр! Өйткені осы өткінші дүниеде сүрген өмірің мен еткен ауыр еңбегің үшін Құдайдың беретін рақаты осы болмақ.#9:9 Нқл 5:15-19. 10Қандай істі қолға алсаң да, соны жан сала істе!#9:10 11:6; Нқл 6:6-11. Себебі о дүниеге аттанған соң, онда не жұмыс істеу, не ойлап жоспарлау, не білім мен ғылым#9:10 Яки: білім мен даналық (2:26). деген атымен жоқ екен.
Пенденің тағдыры лезде өзгерер
11Мен осы өткінші дүниеге назар аударып, тағы мынаны көрдім: Жарыста жүйрік, шайқаста мықты жан әрдайым жеңе бермейді екен. Данада — тамақ, ақылдыда — байлық, шеберде — абырой әрқашан бола бермейді, солар барлық адамдардың үлесіне орайы келгенде кенеттен тиеді екен.
12Әрине, басына қашан күн туатынын пенде білмейді ғой. Адам баласы ауға түскен балықтай, тұзаққа шырмалған құстай күтпеген жерден бақытсыздыққа ұшырайды.
Ұлықтар мен қарапайымдардың даналығы не ақылсыздығы
13Мен осы өткінші дүниеден даналықтың тағы мына мысалын да байқадым, ол маған маңызды болып көрінді: 14Бірде азғана тұрғыны бар бір қалашық болды. Соған қарсы бір ұлы патша аттанып келіп, оны қоршауға алып, зор бекіністер салды. 15Ал сол қалада кедей де болса дана бір кісі тұрды. Әлгі адам қаланы өзінің даналығымен құтқарып қалды. Бірақ кейіннен ешкім де сол кедейді есіне алмады. 16Сондықтан да мен: «Даналық күш-қуаттан артық. Әйтсе де жұрт кедейдің даналығына көңіл бөліп, оның сөздеріне құлақ аса бермейді екен» деген тұжырымға келдім.
17«Ақымақ әміршінің айқайынан гөрі, дананың байыппен айтқандарын тыңдаған тиімді».#9:17 7:5; 10:12-14.
18«Даналық соғыс қаруларынан қуатты болар, ал бір күнәкар көп игілікті құртар».
Currently Selected:
Уағыздаушы 9: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.