YouVersion Logo
Search Icon

Заңды қайталау 19

19
Бас сауғалау қалалары
1Құдайларың Жаратқан Ие әлгі азғын халықтарды құртып, жерлерін сендерге табыстамақ. Сонда сендер олардың қалалары мен үйлеріне ие болып, қоныстанып аласыңдар. 2Сол кезде Құдай Иеміздің өздеріңе мұралық меншікке берген сол еліндегі үш қаланы арнайы мақсатқа бөліп қойыңдар. 3Бұл үшін елді үш аймаққа бөліп, әр аймақта бір қаладан белгілеңдер. Осы қалаларға апаратын жолдарды жақсылап салыңдар. Біреуді өлтірген әр адам сол қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алатын болсын.#19:3 4:41-42; 19:4-6; Рул 35:6.
4Бұл туралы ереже мынау: бұрын өшікпеген бір кісіні абайсызда өлтіріп алған адам осындай қалаға бас сауғалауға қашып барып, сонда тұруына болады. 5Мысалы, екі адам орманға ағаш дайындауға барып, біреуі ағаш шабу үшін балтасын сілтей бергенде, балтаның басы сабынан ұшып кетіп, екінші адамға тиіп, оны өлтіріп алды дейік. Абайсызда кісі өлтіріп алған адам сол белгіленген қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алады. 6Әйтпесе, егер арақашықтық тым үлкен болса, онда мерт болған кісінің жазалаушы туысқаны еш өшпенділіксіз өлтіріп алған адамды қатты ашумен өкшелей қуып жетіп, көзін құртады. Ал сол адамның өлімге бұйыратындай жазығы болған жоқ қой. 7Сондықтан да сендерге былай деп бұйырып отырмын: үш бас сауғалау қаласын бөліп белгілеп қойыңдар!
8Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңа ант еткендей,#19:8 11:24; Жар 15:18; Мыс 23:31; 34:24. иемденген жерлеріңді кеңейтіп, оларға уәде еткен елдің барлығын сендерге табыстамақ. 9(Ал Оның сендерге осы бүкіл елді табыстауының шарты —) мен бүгін өздеріңе жеткізіп отырған «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, лайым Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиетімді мұқият орындауларың.#19:9 11:22-25. (Сонымен Жаратқан Ие бүкіл Қанахан елін қолдарыңа тапсырғанда) осы аталып өткен үш қалаға қоса тағы үш қаланы бас сауғалау үшін белгілеңдер. 10Сонда Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде жазықсыз кісінің қаны төгілмейді де, соның кінәсі мойындарыңда болмайды да.
11Бірақ егер сондай адам өлтірген кісісіне бұрыннан өшігіп, аңдып келіп, сәті түскен кезде бас салып, оны өлтіргеннен кейін бас сауғалау қалаларының біріне қашып барса, 12онда оның өз қаласының ақсақалдары ол бас сауғалаған қалаға адамдарын жіберіп, қайтарып алдыртсын. Сол адам өлген кісінің жазалаушы туысқанының қолына тапсырылуы керек. Осылай ол жазасын тартып өлуге тиіс. 13Мұндай адамға аяушылық көрсетпеңдер. Қайта, Исраил елін жазықсыз төгілген қанның кінәсінен осылайша тазартуларың керек. Сонда игілікті өмір сүретін боласыңдар.
Мұралық жер үлестерінің шекаралары
14Құдай Иең саған мұралық меншікке табыстап отырған елге енгеннен кейін бауырыңның жерін заңсыз иемденуге ұмтылма! Жеке өзіңе бөлінетін жер үлесіндегі бұрынғы ұрпақтар орнатқан шекара межелерін өз пайдаңа жылжытушы болма!#19:14 27:17; Әйүп 24:2; Нқл 22:28; 23:10; Ош 5:10.
Куәгерлер жайлы ережелер
15Егер біреу қылмыс не күнә жасапты деп айыпталса, оған үкім шығаруға бір ғана адамның куәлігі жеткіліксіз. Әрбір іс#19:15 (17:6; Рул 35:30) Яки: Әрбір тағылған айып. ең кем дегенде екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденуі керек.
16Егер бір жалған куәгер басқа біреуді қылмыс жасады деп айыптаса, 17осы екі адам Жаратқан Иенің алдына келіп, сол кезде міндеттерін атқарып жатқан діни қызметкерлер мен төрешілерге жүгінсін. 18Төрешілер істің мән-жайын мұқият тексерсін. Егер айыптаушының бауырына таққан айыбы өтірік болып шықса, 19онда сол адамның өз бауырына тартқызайын деген жазасын оның өзіне тартқызыңдар!
Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! 20Басқалар да мұны естіп, қорқатын болады. Содан олар енді қайтып осындай зұлым істі араларыңда істемейді. 21Өтірік айып таққан адамды аяп-мүсіркемеңдер: жанға жан, көзге көз, тіске тіс, қолға қол, аяққа аяқ.#19:21 Мыс 21:23-25; Леу 24:17-21.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in