YouVersion Logo
Search Icon

Қорынттықт. 2-хат 7

7
1Осы уәделердің бәрі де бізге берілгендіктен, сүйікті бауырластарым, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп,#7:1 Яки: Тәңір Иеге ұнамсызды істеуден шошынып (Иш 6:5). толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!
Қорынттықтардың күнәдан тазарғандықтарына қуаныш
2Жүректеріңнен бізге орын беріңдер. Біз ешқайсыңа да әділетсіздік істеп, зиян келтірген жоқпыз. Ешкімді алдап, пайдаланған да емеспіз. 3Бұларды айтқандағы мақсатым сендерді айыптау емес. Бұрын айтып кеткенімдей, жүрегіміздің төріндесіңдер; бірге өліп не бірге өмір сүруге дайынбыз.#7:3 (6:11-13; 11:11; 12:15) Яки: бірге өліп, бірге мәңгі өмір сүретін боламыз. 4Өздеріңе деген сенімім зор, сендерді ерекше мақтан тұтамын. Соншама көп азап шексек те, жігерім артып, қуанышым қойныма сыймайды.#7:4 1:4; 6:10.
5Ал Македонияға келгеннен кейін тәніміз дамыл таппай, жан-жақтан қысым-қыспақ көрдік: сырттан — шабуыл, ішімізде — үрей-қорқыныш.#7:5 2:13; 4:8; Жох 16:33. 6Бірақ еңсесі түскенді жігерлендіретін Құдай бізді Титтің келуімен жігерлендірді. 7Тек Титтің келуі ғана емес, сондай-ақ, сендердің оны жігерлендіргендерің туралы айтып бергендері де көңілімізді орнықтырды. Тит өздеріңнің бізді аңсап-сағынып, опық жеп жылап, мен үшін ынталана құлшыныс жасағандарың жайында хабар әкелді. Бұған одан бетер қуандым.
8Тіпті сендерді жазған хатыммен қапаландырсам да, мұныма өкінбеймін. Расында мен хатымның сендерді қасіретке батырғанын көріп, өкінген де едім. Ал қасіреттерің уақытша ғана болды. 9Қазір мен қуаныштымын — қасіреттеріңе бола емес, опық жеп қайғырып, теріс жолдан қайта оралғандарыңа бола. Сол қайғыларың Құдайдың еркімен болған еді, сондықтан да ешқандай зиян көрмедіңдер. 10Себебі Құдайдың еркімен болған қайғы-қасірет адамның Оған бет бұрып, құтқарылуына түрткі болады. Ол кейін соған өкінбейді де. Ал күнәкар дүниелік қайғы-қасіреттің нәтижесі — рухани өлім.#7:10 Яғни Тәңір Иеге мойынсұнбайтындар кейде күнәларына опық жесе де, теріс жолдарынан шынымен қайтпай, Құдайдан мәңгі ажырайды (Евр 12:17; Жар 27:34-38,41; Мат 27:1-10).
11Құдайдың еркімен болған қайғыларыңнан өздеріңде не туындағанын қараңдаршы: қандай ынта-жігер, күнәдан арылуға деген неткен ұмтылыс, болған жайтқа не қылған наразылық пен абыржу, неткен сағыныш, бәрін түзетуге деген соншама құлшыныс, қандай әділ жаза! Осының бәрімен сендер бұл істе#7:11 Яки: бұл мәселеде (2:5-6). кінәратсыз таза екендіктеріңді дәлелдедіңдер. 12Ал мен сол хатты не қорлағанға, не қорланғанға бола жазған жоқпын. Сендердің Құдай алдында біздің қамдарымызды қалай ойлайтындарыңа#7:12 (2:9; 7:7-8,16) Немесе: біздің өз қамдарыңды қалай ойлайтынымызға. көздеріңнің жетуін қаладым. 13Сол себептен де жігерлендік.
Ал Титтің қуанышына одан бетер риза болдық, барлығың да оның көңілін орнықтырдыңдар. 14Сонымен, сендерді мақтауыммен ешбір ұятқа қалмадым. Қайта, сендерге айтқанымыздың түгел шынайы екеніндей, Титке өздеріңді мақтауымыз да нағыз шындық болып шықты. 15Ол сендерді тіптен жақсы көріп, бәріңнің өзін қалай тыңдап, қатты қобалжып қастерлеп, қол қусырып қабылдағандарыңды#7:15 Немесе: өзін қалай тыңдап, қорқып дірілдеп қабылдағандарыңды. есіне алып отырады. 16Ал мен қай істе де өздеріңе сене алатыныма қатты қуанамын!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in