YouVersion Logo
Search Icon

Салониқал. 1-хат 5

5
Мәсіхтің қайтып келуіне дайын болу
1Қымбатты бауырластарымыз, болашақ уақыттар мен мезгілдер туралы сендерге жазудың қажеті жоқ. 2Иеміздің қайта оралатын күні ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін өздерің анық білесіңдер. 3Жұрт «Бәрі тыныш, қауіпсіз» деп жүргенде, апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды.
4Бірақ сендер, бауырластарымыз, түнекте тұрмай, сол күні ұры түскендей қапыда қалмайсыңдар, 5бәрің де жарықта және күнде жүресіңдер ғой.#5:5 Немесе: Сендер бәрің жарықтың және күннің баласысыңдар (Жох1 2:8; Еф 5:8-10). Біз түндікі және түнектікі болмағандықтан, 6басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік! 7Себебі ұйықтайтындар түнде ұйықтайды, ішетіндер түнде ішеді.
8Ал біз күндікі болғандықтан салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді «сауыт қылып», мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді «дулыға етіп киейік!»#5:8 Еф 6:14,17. 9Өйткені Құдай бізді Өзінің қаһарына ұшырауға емес, қайта, Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға тағайындады. 10Мәсіх қайтып келгенде тірі боламыз ба, әлде өлі боламыз ба, бәрібір, біздің Өзімен бірге тұруымыз үшін Ол жанын пида етті. 11Сондықтан бір-біріңді жігерлендіріп, сенімдеріңді бұрынғыша өзара нығайта беріңдер!
Соңғы нұсқаулар, баталар және қоштасу
12Қымбатты бауырластар, сендерден сұрайтынымыз мынау: Иеміздің ізгі ісінде өздеріңе жетекшілік еткендерді сыйлаңдар. Олар араларыңда еңбек етіп, сендерге дұрыс жолды сілтеп жүр. 13Оларды айрықша құрметтеп, еңбектері үшін жақсы көріңдер. Өзара бейбіт, тату болыңдар! 14Бауырластар, сендерден тағы мынаны өтінеміз: жүгенсіз, бос жүргендерге ескерту жасаңдар, жасқаншақтарға жігер беріңдер, әлсіздерді қолдап, төзімділік танытыңдар! 15Ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, бір-біріңе де, басқаларға да жақсылық жасауға ұмтылыңдар!
16Әрдайым қуанып, 17Құдайға үздіксіз сиыныңдар, 18Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар! Иса Мәсіхтің жолымен жүруші сендерден Құдай осыны күтеді.
19Құдай Рухының іс-әрекетін тежемеңдер!#5:19 Яки: Құдайдың Киелі Рухының жалынын сөндірмеңдер (Еф 4:30; Елш 2:3-4). 20Оның пайғамбарлық нұсқауларын#5:20 Яки: Құдайдан келген хабарларды (Қор1 14:1,3-5). менсінбей жүрмеңдер, 21алайда бәрін де тексеріп сынаңдар! Жақсысын ғана қабылдап, берік ұстаныңдар! 22Жамандықтың қай түрінен де аулақ жүріңдер!
23Тыныштықты сыйлайтын Құдай сендерді Өзіне толықтай бағышталдырып, қасиетті өмір сүргізсін. Иеміз Иса Мәсіх қайтып келгенде мінсіз болуларың үшін рухтарың мен жан-тәндерің кіршіксіз пәк сақталсын. 24Сендерді шақырған Құдай сенімді, Ол бұларды жүзеге асырады да.
25Қымбатты бауырластар, біз үшін Құдайға сиыныңдар! 26Бауырластардың бәріне шын жүректен сүйіспеншіліктеріңді білдіріп,#5:26 Немесе: Бауырластардың бәрінің бетінен қасиетті сүйіспен сүйіп. сәлемімізді жеткізіңдер! 27Осы хатты барлық бауырластарға да оқып беріңдер деп Иеміздің атынан тапсырамын.
28Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудыра көрсін. (Аумин.)

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in