YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 3

3
Құдайдың Самуил пайғамбарға алғашқы рет сөзін арнауы
1Жасөспірім Самуил Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етіп жүрді. Сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнап, аян беруі өте сирек болатын. 2Елидің көздері мүлдем дерлік көрмей қалған еді. Бірде ол өзінің үйреншікті орнында жатты. 3Бұл Құдайдың шам қойғышының жеті шамы әлі де жанып тұрған кез еді. Құдайдың Келісім сандығы орналасқан Жаратқан Иенің ғибадатханасында Самуил де тынығып жатты. 4Сонда Жаратқан Ие Самуилдің атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — деді де, 5Елиге жүгіріп барып:
— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған:
— Жоқ, сені шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай істеді. 6Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып:
— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады.
Бірақ ол:
— Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — деді.
7Бұған дейін Жаратқан Ие өзіне аян беріп, сөзін арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын еді.#3:7 Немесе: Самуил Оны жақыннан танымайтын еді. 8Жаратқан Ие Самуилді үшінші рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келіп:
— Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенің Өзі екенін түсініп, 9оған:
— Бар да жат. Егер сені қайтадан шақырса, онда: «Уа, Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр» деп жауап бер, — деді. Самуил төсегіне барып жатты.
10Бұдан кейін Жаратқан Ие тағы да оның қасына келіп, бұрынғыша:
— Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала:
— Айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап берді.
11Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты:
— Мен Исраилде естіген адамды қатты абыржытатын бір нәрсе істемекпін! 12Сол күні Мен Елидің отбасы туралы айтқан сөздерімді басынан аяғына дейін жүзеге асырамын. 13Ұлдарының зұлымдығы үшін оларды біржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын біліп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес. 14Сол себепті Мен: Елидің отбасы өз кінәсінің зардабынан#3:14 Немесе: олардың жаман қылықтарынан. ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттім.
15Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгісін ол әдеттегідей Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашты. Ал Құдайдың аян еткен сөздерін Елиге айтып беруге дәті бармады. 16Бірақ Ели оны:
— Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды.
— Құлағым сізде, ата, — деп жауап берді ол. 17Ели:
— Құдай саған не деді? Оны менен жасырма. Егер де Құдайдың өзіңе білдіргендерін түгелдей айтпай, бір нәрсесін жасырып қалсаң, Ол сені жазалаған үстіне жазалай бермек, — деді. 18Сонда Самуил ештеңені бүкпестен бәрін айтып берді. Ели:
— Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әділ еркі орындалсын,#3:18 Немесе: орындалады. — деді.
19Ал Самуил есейіп, өсе берді. Жаратқан Иенің Өзі жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерінің бәрі де жүзеге асып отырды. 20Содан солтүстіктегі Дан мен оңтүстіктегі Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкіл Исраил халқы#3:20 Бил 20:1. Самуилдің Жаратқан Иенің пайғамбары#3:20 9:9; Рул 12:6; Заң 18:15. болуға тағайындалғандығына көз жеткізді. 21Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап, Өзінің кім екенін ашқан Шилода оған аян беруін жалғастыра берді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy