Патшалықтар 3-ж. 7
7
Сүлейменнің салған сарайлары
1Сүлеймен он үш жыл бойы өзіне патшалық сарай салып, оны да бітірді. 2«Ливан орманы сарайы» деп аталған ғимараттың ұзындығы жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақтан болды. Оның төрт қатар самырсын бағаналарына арқалық самырсын бөренелері бекітілді. 3Сарайдың төбесі самырсынмен жабылды. Бағаналарға бекітілген арқалық бөренелердің үстінде қырық бес бөлме, әр қатарда он бес бөлмеден, болды.#7:3 Немесе: қырық бес қырлы бөрене, әр қатарда он бес қырлы бөренеден. 4Терезелер ғимараттың қарама-қарсы қабырғаларында әр қабырғада үш қатардан орнатылды. 5Есік-терезе ойықтарындағы жақтаулар төрт бұрышты етіп жасалды. Бір жақ қабырғадағы үш қатар болып орналасқан терезелер қарама-қарсы қабырғадағы үш қатар терезелермен тұстас болып тұрды.
6Сүлеймен бағаналы мәжілісхана да тұрғызды. Оның ұзындығы елу, ені отыз шынтақ еді. Оның алдында үсті жабылған бағаналы кіреберіс болды.
7Сүлеймен өзінің патшалық тағы орналасқан бағаналы ғимаратты да салғызды. Өзі үкім шығаратын осы «Әділет сарайының» іші еденінен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қапталды.
8Әділет сарайының ар жағындағы аулада орналасқан, Сүлейменнің өзі тұратын сарайы осыған ұқсас жобамен жасалды. Ол Мысыр патшасының қызы — өз әйеліне де арнап сол жобамен бағаналы сарай салып берді.
9Осы ғимараттардың барлығы олардың іргетасынан қабырғаларының жоғарғы шетіне дейін және сырт жағынан үлкен аулаға дейін ішкі, сыртқы жағы да өлшемге сәйкестендіріліп, арамен кесілген қымбат тастардан салынды. 10Ғимараттардың іргетасы осы сияқты жақсы өңделген қымбат тастардан қаланды. Олар ұзындығы он не сегіз шынтақ дәу тастар болды. 11Осы іргелі тастардың үстінде өлшемге сәйкес кесілген басқа да өңделген тастар мен самырсын бөренелер болды. 12Патша сарайының үлкен ауласы мен қабырғаларын салғанда, шеберлер Жаратқан Иенің киелі үйінің ішкі ауласы мен ашық кіреберісінің қабырғалары сияқты, үш қабат өңделген тастарды бір қабат самырсын бөренелерімен кезектестіріп қаластырды.#7:12 6:36.
Қола жабдықтарды жасаушы Хурам-Аби
13Сүлеймен патша Тир қаласына кісі жіберіп, Хурам-Аби#7:13 Оның аты Хирам-Әби не Хурам деп те жазылатын. есімді біреуді шақыртып алдыртты. 14Оның шешесі Нафталим руынан шыққан жесір әйел, ал әкесі Тирдің тұрғыны әрі қола өңдейтін қолөнерші болатын. Хурам-Аби қоладан әр түрлі бұйымдар істеуге бейімділігі бар парасатты да шебер ұста еді. Ол Сүлеймен патшаға келіп, қажетті жұмыстың барлығын орындады.
Екі қола бағана
15Ұста екі қола бағана жасады. Екеуінің де биіктігі он сегіз шынтақтан, айналдыра ұзындығы он екі шынтақтан болды. 16Ұста қоладан құйып әрбір бағананың басына қойылатын үстіңгі иықтарын да жасады. Олардың биіктігі бес шынтақтан болды. 17Әрбір бағананың үстіңгі иығы алқа іспетті оралып тұратын жеті шынжыр тормен әшекейленген және әрбір тор 18екі қатар қола анарлармен көмкеріліп безендірілген болатын. Ұста екі бағананың үстіңгі иығын да бірдей етіп жасады.
19Киелі үйдің ашық кіреберісінің алдына орналастырылған бағаналардың үстіңгі иықтары лалагүлдерге#7:19 Немесе: қызғалдақ гүлдеріне. ұқсас етіп жасалып, биіктігі төрт шынтақтан болды. 20Екі бағананың да басына, оның тостаған тәріздес бөлігінің үстіңгі жағына, тордың қасына айналдыра қатар-қатармен екі жүз анар жасалып бекітілді. 21Ұста осы екі бағананы киелі үйдің кіреберісіне тұрғызды. Оң жағындағысы Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысы Боғоз («Құдірет Иесі») деп аталды. 22Бағаналардың жоғарғы жағындағы қола иықтары лалагүл тәрізді жасалған еді. Осымен бағаналарды жасау жұмыстары аяқталды.
Дәу қазан
23Ұста бір дәу қазанды да қоладан балқытып, құйып жасады. Оның сырт пішіні дөңгелек, ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан теңіз деп те аталатын. 24Оның ернеуінен төменірек асқабақ тәрізді мүсіншелер бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды. 25Дәу қазан бұқа кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол бұқа мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазанның ортасына қарай бағытталып орналасты. 26Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі қызғалдақ гүлі іспетті болды. Оның ішіне екі жүз күбі#7:26 Барлығы шамамен 45000 л. су сыятын.
Қола тұғырлар мен өзге қазандар
27Хурам-Аби (қазандарға арнап) қоладан жылжымалы он тұғыр да жасады. Әрбір тұғырдың ұзындығы мен ені төрт шынтақтан, биіктігі үш шынтақ болды. 28Тұғырлар жақтауларға бекітілген төрт бұрышты қола тақталардан жасалды. 29Тақталар мен жақтауларға арыстан, бұқа және күзетші періштелердің#7:29 Яғни керубтердің (6:23). бейнелері салынды. Тақталардың шет жақтары арыстан мен бұқа бейнелерінің үстіңгі және астыңғы жағынан шір бейнесіндегі қақталған нақыштармен безендірілген еді. 30Әрбір тұғырдың төрт қола дөңгелегі және қола біліктері болды. Әрбір тұғырдың төрт бұрышында балқытылып құйылған бір-бір тіректен шығып тұрды. Тіректердің әр тұсы құйылған шірлермен өрнектелді. Тұғырдың иық тәріздес төрт тірегінің үстіне қазан орнатылды. 31Тұғырдың үстіңгі бетінде тереңдігі бір шынтақтай болатын қола қазанға арналған дөңгелек ойық бар еді. Сол ойық тұғырдың бетінен жоғары қарай биіктігі бір шынтақ, төмен қарай бір жарым шынтақ болды. Тұғырдың үстіңгі бетінде де оюлы нақыштар бар еді.
Тұғырдың бүйір тақталары дөңгелек емес, төрт бұрышты болды. 32Тұғырдың тақталарының астында дөңгелектер орналасты, олардың біліктері тұғырдың қаңқасына бекітілді. Дөңгелектердің биіктігі бір жарым шынтақтан еді. 33Дөңгелектердің сыртқы пішіні күйме дөңгелегі сияқты болды. Дөңгелектердің білігі, шеңбері, шабақтары және күпшегінің барлығы да қоладан құйылып жасалды.
34Әрбір тұғырдың төрт бұрышында бір тұтқадан болды. Олар тұғырдан шығып тұрды. 35Тұғырдың үстіңгі бетінде биіктігі жарты шынтақ болатын шеңбер болды. Ол тұғырдың тіректері мен тақталарының жоғарғы жағына бекітілді. 36Тіректер мен тақталар сыйғанынша күзетші періште, арыстан, құрма ағашының бейнелерімен әшекейленіп, шірлермен нақышталды. 37Ұста осы нұсқамен он тұғыр жасады. Сол тұғырлардың барлығының жасау тәртібі, өлшемдері, сырт пішіндері бірдей болды.
38Ұста қоладан он қазан да жасады. Ені төрт шынтақ олардың әрбіреуіне қырық күбі су сыятын. Осы қазандар сол он тұғырға орнатылды. 39Ұста киелі үйдің оң жағынан бес тұғырды, сол жағынан бес тұғырды қойды. Ал дәу қола қазанды киелі үйдің оңтүстік жақ алдына, оның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын орнатқызды.
Киелі үйдің құрал-саймандарының тізімі
40Мұнан кейін ұста түрлі қазандар, қалақтар және тостағандар жасады.
Осылайша Хурам-Аби Жаратқан Иенің киелі үйін салып жатқан Сүлеймен патша үшін мына бұйымдарды жасап, өзінің жұмысын бітірді: 41екі бағана мен олардың үстіңгі иығындағы екі үлкен тостаған кейпі және соларға ілінген шынжыр тәрізді әшекейлер, 42сол шынжырларға екі қатардан ілінген анар жемісінің төрт жүз мүсіні, 43жылжымалы он тұғыр мен солардың үстіндегі он қазан, 44дәу қазан және оның астындағы бұқа мүсінді он екі тұғыр, 45күлсалғыштар,#7:45 Яғни өртелген құрбандықтардың күлін шығаруға арналған шелектер (Мыс 27:3). қалақтар және тостағандар.
Хурам-Аби Сүлеймен патшаның тапсырғанындай Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған құрал-саймандарының барлығын жылтыратылған қоладан жасады. 46Патша олардың бәрін Иордан өзенінің бойындағы Соқот пен Сартан қалаларының арасындағы жазықта саздан дайындалған қалыптарға құйғызып жасатты. 47Осы бұйымдардың көп болғандығы сонша, Сүлеймен олардың салмағын өлшемей-ақ қоя салды. Құйылған қоланың салмағын ешкім анықтаған жоқ.
48Сүлеймен, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйіне арналған барлық жиһаздарды жасатты: хош иісті заттар түтетілетін, алтын қапталған үстел, Жаратқан Иенің алдына ұсынылатын нанға арналған алтын қапталған үстел, 49ең қасиетті бөлменің алдында оның оң және сол жағында бес-бестен шам қойғыштар, гүл іспетті әшекейлер, шырақтар және қысқаштар. Осы соңғылар саф алтыннан жасалды. 50Үлкен тостағандар, білте түзеткіштер, (су не қан бүркуге арналған) тостағандар, табақтар және ішіне шоқ салынатын табалар да саф алтыннан жасалды. Киелі үйдің қасиетті және ең қасиетті бөлмелерінің есіктерінің топсалары алтыннан жасалды.
51Сонымен Сүлеймен патша Жаратқан Иенің киелі үйіне байланысты бүкіл жұмысты тамамдады. Мұнан кейін ол әкесі Дәуіттің Құдайға бағыштап дайындап кеткен нәрселерін де: күміс пен алтынды және түрлі бұйымдар мен жиһаздарды Жаратқан Иенің киелі үйінің қазынасына апарып, сонда сақтап қойды.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 7: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.