YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 3-ж. 2

2
Дәуіттің Сүлейменге соңғы өсиетін беріп, дүние салуы
1Дәуіт өзінің көз жұмар кезі жақындағанда, ұлы Сүлейменге мынадай өсиет айтты:
2— Адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Ал сен күшті де батыл ер азамат бол! 3Қайда барсаң да, не істесең де, табысты болуың үшін Құдайың Жаратқан Иенің өзіңе тапсырған міндетін орындайтын бол! Оның Мұса арқылы берген Таурат заңында жазылған барлық ережелері мен өсиеттерін, шешімдері мен бұйрықтарын#2:3 Заң 4:1,45. бұлжытпай орындап, Оның ізгі жолымен жүретін бол! 4Сонда ғана Жаратқан Ие маған берген мына уәдесін орындайтын болады: «Егер сенің ұрпақтарың ізгі жолыммен жүруге мұқият болып, Менің көз алдымда шын жүректен адал өмір сүрсе, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!»#2:4 Пат2 7:11-12; Жыр 88:34-37; 131:11-12.
5Ал тағы айтарым мынау: Сарұяның ұлы Жоғабтың маған не істегенін өзің білесің. Ол Исраилдің екі қолбасшысын: Нер ұлы Әбенир мен Етер ұлы Амасаны өлтірді. Сонда Жоғаб шайқаста төгілген қанның кегін бейбіт кезде қайтарды. Ол осылай қастандықпен қан төгіп, беліне таққан белбеуін, аяғына киген аяқкиімін былғап арамданды.#2:5 Пат2 3:27; 20:10. 6Сен даналықпен әрекет етіп, оның ақ қырау шалған басының өз өлімімен қабірге түсуіне жол берме!
7Ал ғилақадтық Барзилайдың ұлдарына мейірім көрсетіп, оларды өз дастарқаныңнан тамақтанатындардың қатарына қос. Ағаң Абессаломнан бас сауғалап қашқанымда солар менің алдымнан шығып, қолдау көрсеткен болатын.
8Бахуримнен шыққан буняминдік Гера ұлы Шимейдің өзіңе жақын тұратынын ұмытпа! Мен Маханайымға бара жатқанымда, ол маған қарғыс айтып, нәлет жаудырды. Бірақ кейін ол Иорданның жағасында қарсылап алдымнан шыққанда, мен оған «Сені өлтірмеймін!» деп ант бердім.#2:8 Пат2 16:5-8; 19:18-23. 9Ал енді оны кінәсіз деп жүрме. Сен парасатты адамсың ғой, оған не істеу керек екендігін білетін боласың: Басын ақ қырау шалған ол қаны төгіліп о дүниеге аттанатын болсын!
10Сонымен Дәуіт көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді.#2:10 Яғни о дүниеге аттанды. Оның мәйіті Иерусалимдегі Дәуіттің шаһарында қабірге қойылды. 11Дәуіт Исраил еліне барлығы қырық жыл: Хебронда жеті жыл, Иерусалимде отыз үш жыл патшалық құрған еді. 12Енді Сүлеймен әкесі Дәуіттің тағына отырып, оның патшалық билігі берік орнықты.
Адонияхтың жазасын тартуы
13Бірде Аггиттің ұлы Адониях Сүлейменнің шешесі Барсабияға барды. Патшайым одан:
— Неге келдің, аманшылық па? — деп сұрады. Адониях:
— Аманшылық, — деп жауап берді. Мұнан кейін ол: — 14Сізге айтатын бір шаруам бар еді, — деп қосты. Барсабия:
— Онда айта бер! — деді. 15Адониях:
— Өзіңіз мынаны жақсы білесіз: Патшалық билікті менің иемденуім тиіс еді. Бүкіл Исраил да менің патша болуымды тосып жүрді. Алайда жағдай өзгеріп, патшалық билік інім Сүлейменге өтті. Себебі Жаратқан Ие соны ініме бұйыртқан болатын. 16Ал енді, менің сізге деген бір өтінішім бар, қолымды қаға көрмеңізші! — деді. Патшайым:
— Айта бер, ол не екен? — деп жауап берді. 17Адониях:
— Сүлеймен патшамен сөйлесіңізші, ол сіздің бетіңізді қайтармайды ғой. Маған әйелдікке шунемдік Абисағаны берсін!#2:17 Дәуіт патша марқұмның айрықша күтушісі болған Абисағаны әйелдікке сұрауы арқылы Адониях өзінің әлі де патшалық билікке үміткер екенін білдірді (2:15,22; Пат2 16:21-22). — деп өтінді. 18Барсабия:
— Жарайды, сен туралы патшамен сөйлесіп көрейін, — деді.
19Барсабия Адонияхтың өтініші туралы сөйлесу үшін Сүлеймен патшаға барды. Сүлеймен шешесін қарсы алып орнынан тұрып, құрмет көрсете иіліп, қайтадан тағына отырды. Шешесіне арнап өзінің оң жағынан тақ қойғызып, соған отырғызды. 20Барсабия тіл қатып былай деді:
— Сізге деген бір кішкентай бұйымтайым бар еді. Соған жоқ дей көрмесеңіз екен! — Патша оған:
— Иә, анашым, ол қандай өтініш? Сізге жоқ демеспін, — деді. Патшайым:
21— Шунемдік Абисаға ағаңыз Адонияхқа әйелдікке берілсе екен, — деп өтінді. 22Сүлеймен патша мұны естігенде, шешесіне:
— Адонияхқа шунемдік Абисағаны қос деп неге сұрайсыз? Одан да бірден патшалықты да бере сал деп айтпайсыз ба?! Ол менің ағам ғой. Оның өзіне және діни қызметкер Абиятар мен қолбасшы Сарұя ұлы Жоғабқа да патшалықты бере сал деп сұрамайсыз ба? — деп жауап берді. 23Содан патша Жаратқан Иенің атымен былай деп ант етті: «Осы нәрсені айтқаны үшін Адониях жанынан айырылмаса, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін! 24Мәңгі тірі Жаратқан Ие мені патша етіп әкем Дәуіттің тағына отырғызған, әрі Өзі уәде еткендей әулетімді де бекіткен. Оның алдында шын айтамын: Адониях бүгін-ақ өледі!»
25Патша Еходай ұлы Бенаяхқа бұйрық беріп, ол Адонияхты семсермен шауып өлтірді.
Патшаның Абиятар, Жоғаб, Шимейге үкім кесуі
26Патша діни қызметкер Абиятарға былай деп бұйырды: «Анатоттағы өзіңнің егістік жеріңе бар. Сен өлімге лайықтысың.#2:26 1:7. Алайда әкем Дәуіттің көзі тірі кезінде Жаратушы Тәңір Иенің Келісім сандығын көтеріп жүріп, әкемнің көрген бүкіл қиындықтарын бірге бөліскенің үшін, сені бүгін өлтірмей-ақ қояйын».#2:26 Пат1 22:20-23; 23:6,8-9; Пат2 15:24-29.27Осылай Сүлеймен Абиятарды Жаратқан Иеге бағышталған діни қызметтен шеттетіп, Жаратқан Иенің Шилодағы Елидің әулетінің үстінен шығарған үкімін жүзеге асырды.#2:27 Пат1 2:33-36.
28Осы болып жатқан оқиғалар туралы хабар Жоғабқа да жетті. Ол кезінде Абессаломның бүлігін жақтамаған болса да, енді Адонияхтың көтерілісін қолдаған еді. Сондықтан Жоғаб Жаратқан Иенің киелі шатырына қашып кетті. Сондағы құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарынан жабысып ұстап алды.#2:28 1:50.
29Сүлеймен патшаға: «Жоғаб Жаратқан Иенің шатырына қашып барды, енді ол құрбандық үстелінің қасында тұр», — деген хабар жетті. Сүлеймен Еходай ұлы Бенаяхты: «Оны өлтір!» — деген бұйрықпен сонда жіберді. 30Бенаях Жаратқан Иенің шатырына барып, Жоғабқа:
— Патша саған: «Бері шық!» деп бұйырып жатыр! — деді. Бірақ ол:
— Жоқ, мен осы жерде-ақ өлемін! — деді. Бенаях патшаға қайтып келіп, Жоғабтың не деп жауап қайтарғанын айтып берді.
31Сонда патша Бенаяхқа былай деп әмір етті: «Оның айтқанын істе! Оны шауып өлтіріп, қабірге қойғыз. Осылайша Жоғаб төккен жазықсыз қанның кінәсінен өзімді және әкемнің әулетін тазарт. 32Енді Жаратқан Ие жазықсыз төккен қанын Жоғабтың мойнына салады. Себебі ол әкем Дәуіт марқұмға білдірмей, өзінен әділ де ізгі екі адамды: Исраилдің қолбасшысы Нер ұлы Әбенирді және Яһуданың қолбасшысы Етер ұлы Амасаны семсерімен шауып өлтірді. 33Олардың төгілген қаны мәңгі бақи Жоғабтың және оның үрім-бұтағының мойындарында болсын! Ал Дәуіттің өзіне, оның үрім-бұтағына, әулетіне және патшалық тағына Жаратқан Ие мәңгілік амандық пен тыныштық сыйласын!»
34Еходай ұлы Бенаях киелі шатырға қайтып барып, Жоғабты шауып өлтірді. Оның мәйіті айдаладағы үйінің маңындағы қабірге қойылды. 35Патша Жоғабтың орнына Еходай ұлы Бенаяхты әскердің қолбасшысы, ал Абиятардың орнына Садықты#2:35 2:27; Пат1 2:35; Шеж1 6:12,53; 24:3. бас діни қызметкер етіп тағайындады.
36Мұнан кейін патша буняминдік Шимейді шақырып алып, оған былай деп бұйрық берді:
— Өзіңе Иерусалимде үй салып ал. Соған қоныстан да, қаладан ешқайда шығушы болма! 37Біліп қой, қаладан шығып, Қидрон сайын кесіп өтетін болсаң, сен міндетті түрде өлесің. Сонда төгілген қаның өз мойныңда болады. — 38Шимей патшаға:
— Айтқаныңыз дұрыс. Патша ием не десе, алдыңыздағы құлыңыз соны орындайды! — деп жауап берді. Сөйтіп Шимей Иерусалимде тұрып жатты.
39Алайда үшінші жылдың соңына қарай Шимейдің құлдарының екеуі Ғат патшасы Маха ұлы Анхұсқа қашып кетті. Құлдарының Ғатта екендігі туралы Шимей де естіді. 40Сонда ол есегін ерттеп, Ғаттағы Анхұс патшаға барып, құлдарын іздеп тауып, қайтарып алып келді.
41Шимейдің Ғатқа барып-қайтқандығы туралы Сүлеймен біліп қойды. 42Содан патша Шимейді шақырып алды да, оған былай деді: «Мен саған Жаратқан Иенің атынан ант еткізіп, «Қаладан шығып, басқа жаққа барған күні міндетті түрде өлесің» деп ескертпеп пе едім!? Сонда сен: «Айтқаныңыз дұрыс, құлдық!» деп келіскен едің. 43Ал енді, Жаратқан Иеге берген сол сертіңді және менің өзіңе тапсырған бұйрығымды неге бұздың? — 44Содан патша Шимейге тағы мынаны айтты: — Әкем Дәуіт марқұмға жасаған барлық зұлымдықтарыңды өзің де білесің.#2:44 Немесе: өзің де білесің, жүрегің де біледі; яки: ішіңнен білесің. Жаратқан Ие енді соларды өз басыңа үйіріп отыр. 45Ал Сүлеймен патша жарылқанып, Дәуіттің патшалық тағы Жаратқан Иенің алдында мәңгілікке орнығатын болады!»
46Содан патша Еходай ұлы Бенаяхқа бұйрық беріп, ол Шимейді сыртқа шығарып, шауып өлтірді.
Сонымен Сүлейменнің патшалық билігі берік орнады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy