Қорынттықт. 1-хат 3
3
Жікке бөлінбеу және қызметкерлердің тиісті орны туралы
1Бауырластарым, осы себептен өздеріңе Киелі Рухқа мойынсұнушылар ретінде айта алмай, ескі күнәкар болмыстарына сүйенетіндер — Мәсіхтің сеніміндегі «сәбилер» ретінде айтуға мәжбүр болдым. 2Сәбиді сүтпен қоректендіретіндей, сендерге Ізгі хабардың ең негізгі ілімдерін үйретуіме тура келді. Өйткені «қою тамақты» жей алмадыңдар, қазірдің өзінде де жей алмайсыңдар. 3Себебі әлі де ескі күнәкар болмыстарыңа сүйенесіңдер: араларыңда қызғаныш пен таластың болуы#3:3 1:11-12; 3:4. сендердің ескі болмыстарыңа сүйеніп, өз еріктеріңмен жүретіндіктеріңнің дәлелі емес пе? 4Біреуің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», — дегенде, бұларың күнәкар дүниенің адамдарындай болғандарың ғой! 5Аполлос негізінде кім? Пауыл да кім? Екеуіміз небәрі сендерді сенім жолына түсірген Құдайдың қызметшілеріміз, әрқайсымыздың Иеміз белгілеген міндетіміз бар. 6Мен жүректеріңе сенімнің «тұқымын ектім», ал Аполлос көбірек тәлім беріп «суғарды». Бірақ оны өсірген біз емес, Құдай. 7Сондықтан сенімдеріңді «еккен» де емес, «суғарған» да емес, оны өсіріп отырған Құдай мадақталсын! 8Егуші мен суғарушы екеуіміздің мақсатымыз бірдей, әрқайсымыз да еткен еңбегімізге қарай Тәңір Иемізден лайықты сыйымызды алатын боламыз. 9Сонымен біз Құдаймен бірге еңбектенушіміз, ал сендер Оның «егістігісіңдер».
Сондай-ақ, сендер Құдайдың «құрылысысыңдар». 10Оның рақыммен өзіме сыйлаған елшілік қызметім бойынша мен үйдің іргетасын салатын данышпан «шебер құрылысшы» іспетті, қауымның негізін қаладым. Ал қазір басқа біреулер соның үстіне қаластыруда. Бірақ әрқайсысы әрі қарай қалай салу керек екенін мұқият қарауы керек. 11Себебі Құдай өз қауымының бірден-бір «негізі» ретінде Иса Мәсіхті белгілеп қойған, сондықтан ешқандай басқа негізді салуға болмайды.#3:11 Пет1 2:4-7; Еф 2:20; Иш 28:16. 12Ал осы «негіздің» үстіне қауымды әрі қарай дамыту үшін адамдар алуан түрлі әдістер қолдануда: бұлар алтын, күміс, асыл тастар секілді төзімді немесе ағаш, шөп, сабан сияқты осал болулары мүмкін.#3:12 Пет1 2:5; Тім2 2:20-21. 13Әр құрылысшының істеген жұмысының сапасы Мәсіх үкім шығаратын күні айқындалады. Сол күні әркімнің еңбегін от сынап, шынайы сапасын әшкерелейді.#3:13 1:8; Рим 14:10-12; Қор2 5:10. 14Кімнің салғаны отқа өртенбей аман қалса, сол сыйын алады. 15Ал кімдікі өртеніп кетсе, сол сыйынан құр қалады. Өзі құтқарылса да, жаны оттан өткендей әзер дегенде құтылады.#3:15 Яһд 1:23; Амо 4:11; Зәк 3:2.
16Сендер өздеріңнің «Құдайдың киелі үйі» екендіктеріңді және Құдайдың Рухы өздеріңде тұратынын білмейсіңдер ме?#3:16 Қор2 6:16; Еф 2:21. 17«Өзінің киелі үйін» жойғанды Құдай жоймақ. Себебі Құдайдың «киелі үйі» — Оның қасиетті меншігі. Ал осы «киелі үй» — сендерсіңдер!
18Ешкім өзін-өзі алдамасын! Араларыңдағы қайсыбіреуің данамын деп ойласа, ол күнәкар дүниенің пікірінше «ақымақ» болып Мәсіхтің ілімін ұстансын; сонда ол Құдайдың даналығына ие бола алады! 19Өйткені осы күнәкар дүние нені даналық деп есептесе, сол — Құдай алдында ақымақтық. Киелі жазбада «Тәңір Ие данышпан делінгендерді қулықтарынан ұстап алады», — деп жазылған ғой.#3:19 Әйүп 5:13. 20Жаратқан Ие данышпан делінгендердің «ойларының бекерлігін біледі де!» — деп те жазылған.#3:20 Жыр 93:11. 21Сондықтан ешкім адамның жетістіктерімен мақтанбасын! Бәрі де сендерге игілік көрсетуге қатысады: 22Пауыл, Аполлос немесе Петір болайық, сонымен қатар бүкіл дүние, өмір не өлім, қазіргі мен болашақ нәрселер түгелдей қауымның пайдасы үшін болуға тиісті. 23Ал сендер Мәсіхтің меншігісіңдер және Мәсіх — Құдайдікі.#3:23 Яки: сендер Мәсіхке, Мәсіх Құдайға қызмет етеді (15:23,28).
Currently Selected:
Қорынттықт. 1-хат 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.