Ол көкірек көздеріңді оятып, рухани нұрға кенелтіп, өздеріңді қандай үмітке шақырғанын, яғни өз халқына қандай керемет игіліктер сыйлайтынын, білсеңдер екен деп сиынамын. Сендер Құдайдың шексіз құдіретінің Иемізге сенуші біздерге қаншалықты күшті әсер ететінін ұқсаңдар екен деп те Одан сұраймын. Құдай осы керемет құдіретін Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, көкке көтеріп, Өзінің оң жағындағы орынға отырғызғанда да қолданды. Осылай Мәсіх күллі билік пен өктемдіктен, күш-қуат пен әкімшіліктен, осы және келешек замандардағы бүкіл атақ пен дәрежелерден де әлдеқайда үстем.