YouVersion 標識
搜索圖示

Руларды санау 6

6
Назир анты жайлы нұсқаулар
1Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді:
2— Исраилдіктерге мынаны айт: Егер бір ер адам не әйел өзін Жаратқан Иеге ерекше бағыштап бөлектейтін назир антын#6:2 Яғни Құдайға ерекше бағышталып, белгілі нәрселерден бас тарту жайлы серт (6:5-6; Бил 13:5; 16:17). берсе, 3сол адам шараптан және ашыған басқа сусыннан бас тартсын, әрі шарап не өзге ашыған сусыннан жасалған сірке суын да ішпеуі керек. Оған не жүзім шырынын, не жаңа піскен жүзімді, не мейізді ішіп-жеуіне болмайды. 4Құдайға бағышталып назир болып жүрген кезінде оған жүзім бұтасынан шығатын еш нәрсені, тіпті жүзімнің қабығы мен дәнегін де жеуге болмайды.
5Адамның Құдайға бағышталып назир антын ұстанған кезінде оның басына ұстара тимеуі тиіс. Жаратқан Иеге өзін ерекше бағыштаған киелі мерзімі біткенше ол шашын өсіре берсін. 6Өзін Жаратқан Иеге бағыштаған бүкіл уақыт бойы ол өлікке жақындамасын. 7Тіпті өз әкесі, шешесі немесе туған бауыры қайтыс болса да, ол солардың мәйітіне барып өзін арамдамасын. Оның Құдайға бағышталғандығының сыртқы белгісі — басындағы шашы. 8Өзін Жаратқан Иеге бағыштаған күллі мерзім бойы сол адам осылай жүруі керек.
9Егер оның көз алдында біреу кенеттен қайтыс болса, осының өзі де оның басындағы бағышталған шашты арамдайды. Жеті күндік тазару мерзімі өткен соң ол шашын алдырып тастасын. 10Ал сегізінші күні ол кездесу шатырының кіреберісіне діни қызметкерге екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып келсін. 11Сол адам өліктің жанында болуы арқылы күнәлі болғандықтан,#6:11 Өлім күнә арқылы осы дүниеге келді (Жар 2:16-17; 3:6,19). Сондықтан өлім атаулы күнәға меңзейді. діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, ал екіншісін түгелдей өртелетін құрбандық ретінде шалсын. Осылай адам өліктің қасында болып арамданған күйінен тазарады. Сол күні ол қайтадан назир антын беріп, бұдан былай шашын өсіретін болсын. 12Ол өзін қайтадан Жаратқан Иеге бағыштап назир болып, соған арнайы уақытты белгілесін және айыбын өтейтін құрбандығы ретінде бір жасар тоқтыны алып келсін. Себебі ол арамданып қалғандықтан оның назир болған бұрынғы күндері жарамсыз.
13Адамның назир болып Құдайға ерекше бағышталған мерзімі аяқталған кездегі рәсімдер туралы заң мынау. Назир антын берген адам кездесу шатырының кіреберісіне келтірілсін. 14Ол Жаратқан Иеге арнап мына құрбандықтарды: бір жасар мінсіз еркек тоқтыны — түгелдей өртелетін құрбандыққа, бір жасар ұрғашы тоқтыны — күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа және бір мінсіз қошқарды — Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандыққа алып келсін. 15Осыған қоса ол бір себет таңдаулы бидай ұнынан зәйтүн майымен араластырылып пісірілген ашымаған нан, зәйтүн майы жағылған шелпек, сондай-ақ астық және сұйық тартуларын да әкелсін. 16Діни қызметкер осыларды Жаратқан Иенің алдына әкеліп, күнәнің құнын өтейтін құрбандықты және түгелдей өртелетін құрбандықты шалып ұсынады. 17Бұдан кейін Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығы ретінде қошқарды шалып, ашымаған нан тартуы бар себетті қоса әкелсін. Сол сияқты, діни қызметкер астық және сұйық тартуларын да ұсынсын. 18Содан соң назир болған кісі басындағы назирлікке бағышталған кезде шыққан шашын кездесу шатырының кіреберісінде қырықсын. Оны Құдаймен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығының астында жанып жатқан отқа салып өртеп жіберсін. 19Назир болған адам шашын қырқып тастағаннан кейін діни қызметкер құрбандыққа шалынған қошқардың пісірілген оң жақ жауырынын және себеттегі ашымаған нан мен шелпектен бір-бірден алып, оларды назир болған адамның алақанына салып берсін. 20Мұнан соң діни қызметкер оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынады. Олар әрі-бері тербеп ұсынылған төс және көтеріп ұсынылған сан етімен бірге діни қызметкердің үлесіне тиесілі әрі киелі.#6:20 Яки: әрі Жаратқан Иеге бағышталған (Леу 27:9). Бұдан былай назир болған адамның шараптан ішуіне болады.
21Өзін Жаратқан Иеге антпен ерекше бағыштап назир болған адамның жасайтын тартулары туралы заң осы. Егер назир болған адам өзі ұсынуға тиісті тартуларына қоса басқа нәрсені де ұсынуға серт берген болса, онда өзінің сол сертін де бұлжытпай іске асыруы қажет.
Діни қызметкердің ақ батасы
22Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: 23«Һаронға және оның ұлдарына мынаны жеткіз: Исраил халқына былай деп бата беріңдер:#6:23 Жар 12:2-3; 14:19; Заң 21:5.
24Жаратқан Ие сені жарылқап аман сақтай көрсін,
25Жаратқан Ие саған бетінің нұрын төгіп#6:25 Жыр 4:7; 30:17; 66:2; 79:4; 118:135. рақымды бола көрсін,
26Жаратқан Ие саған бет-жүзін бұрып тыныштық#6:26 (Жыр 4:9; 28:11; 126:2) Яки: амандық. сыйлай көрсін!
27Осылайша Һарон мен оның ұлдары Исраил халқына Менің есімімді атап бата бергенде, Мен Өзім оларды жарылқайтын боламын».

醒目顯示

分享

複製

None

想要在所有設備上保存你的醒目顯示嗎? 註冊或登入