YouVersion 標識
搜索圖示

Руларды санау 5

5
Ел қонысының тазалығы жайлы ереже
1Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2«Исраилдіктерге жұқпалы тері ауруына#5:2 Яки: алапес ауруына (Леу 13:8). шалдыққан, денесінен ірің ағатын немесе өлікке жанасып арамданған#5:2 Леу 15:2; 21:1. адамдарды ел қонысынан шығарып жіберуге бұйыр. 3Еркек болсын, әйел болсын, ондай адамдарды қоныстарыңның сыртына шығарып жіберіңдер! Ондағы мақсат — олардың Өзім араларыңда тұратын қонысты арамдамаулары».
4Исраилдіктер осылай істеп, сондайларды ел қонысының сыртына шығарып жіберді. Жаратқан Ие Мұсаға қалай айтқан болса, исраилдіктер дәл солай істеді.
Әділетсіз істің құнын өтеу
5Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 6«Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Ер адам немесе әйел қандай да бір күнә жасап Жаратқан Иеге опасыздық істеуі арқылы айыпты болса, 7ондай адам өз күнәсін ашық мойындасын. Содан кейін ол жасағанының толық құнын, оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, зиян шеккен адамға берсін. 8Бірақ егер сол адам өліп, оның айып төлемін қабылдап алатындай туысқан қамқоршысы болмаса, онда айып төлем Жаратқан Иеге тиісті болып, діни қызметкерге берілсін. Оған сол адамның күнәсінің арамдығынан тазаруы үшін құрбандыққа шалған қошқары да берілсін. 9Исраилдіктердің діни қызметкерге әкеліп, көтеріп ұсынатын киелі тартуларының барлығы оған тиесілі. 10Әрбір адамның Жаратқан Иеге бағыштаған сый-тартулары діни қызметкердің меншігіне айналады: адамның діни қызметкерге табыс еткені сонікі болмақ».
Әйелдің адалдығын дәлелдеу рәсімі
11Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
12— Исраилдіктерге мынаны айт: Біреудің әйелі түзу жолдан адасып, күйеуіне опасыздық жасап, 13өзге ер адаммен төсектес болса, бірақ ешкім үстінен түспей, куәгер жоқ болғандықтан бұл жайт күйеуіне беймәлім болып, әйелдің арамданғаны құпия күйінде қала беруі мүмкін. 14Егер күйеуінде қызғаныш сезімі туып, әйелінің адалдығына күдіктенсе, 15ол әйелін діни қызметкерге алып барсын. Күйеуі әйелі үшін берілетін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде арпа ұнын да ала барсын. Бірақ сол ұнға ол не май құйып, не хош иісті зат салушы болмасын. Себебі бұл — қызғанышқа бола ұсынылған астық тартуы, ол әділетсіздіктің орын алған-алмағанын тексеріп білуге арналған естелік тарту.
16Діни қызметкер әйелді алға шығарып, Жаратқан Иенің алдында тұрғызсын. 17Діни қызметкер қыш құмыраға Жаратқан Иеге бағышталған судан құйып, оған киелі шатырдың жер еденінен алынған біразырақ топырақты салсын. 18Содан соң ол Жаратқан Иенің алдында тұрған әйелдің шашын жайғызып, оның қолына естелік тартуын, яғни қызғанышқа бола ұсынылған астық тартуын, ұстатсын. Ал өзі қарғыс келтіретін жаңағы ащы су құйылған құмыраны ұстап тұрсын. 19Діни қызметкер әйелге ант бергізіп, оған былай десін: «Егер бөтен еркек сенімен төсектес болмаған болса, сен некелі күйеуің бола тұра оған опасыздық жасамаған әрі өзіңді арамдамаған болсаң, қарғыс алып келетін мына ащы су саған еш зиянын тигізбесін. 20Бірақ егер сен түзу жолдан адасып, некелі күйеуің бола тұра өзге еркекпен төсектес болып, күйеуіңе опасыздық жасап, өзіңді арамдаған болсаң, — 21осы кезде діни қызметкер әйелге қарғыс келтіретін мына анттың сөздерін айтқызып, оған былай десін: — онда Жаратқан Ие саған бойыңа бала бітсе оны түсіріп тастайтын құрсақ беріп, бедеу қылсын. Солай сенің халқың саған лағнет айтып, айыптайтын болсын! 22Қарғыс алып келетін осы су денеңе еніп, сені бедеу қылып, ал құрсағыңды бойыңа бала бітсе, түсіріп тастай беретін етсін!»
Ал әйел бұған: «Аумин, солай болсын!» десін.
23Діни қызметкер осы қарғыстарды бір нәрсеге#5:23 Немесе: бір жарғаққа (арнайы қақталған мал терісіне). жазып қойсын. Содан кейін ол жазғандарын ащы сумен өшіріп шайсын. 24Діни қызметкер осы қарғыс алып келетін суды кейінірек әйелге ішкізсін.#5:24 5:26. Егер әйел кінәлі болса, су оның денесіне еніп, оны қатты азапқа ұшыратады. 25Бұдан кейін діни қызметкер әйелдің қолынан қызғанышқа байланысты астық тартуын алып, оны Жаратқан Иенің алдында тербей көтеріп, құрбандық үстеліне алып барсын. 26Ол астық тартуының бір уысын алып, тартудың естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Осыдан кейін әйелге қарғыстың суын ішкізсін. 27Егер әйел шынымен күйеуіне опасыздық жасап арамданған болса, ол қарғыс алып келетін сол ащы суды ішкенде, су оның бойына тарап, оны қатты азапқа ұшыратады. Сол су оның құрсағын ісітіп, мықынын аздырып, оны бала көтере алмайтын етеді. Сол себепті оның аты өз халқының арасында қарғысқа айналады. 28Ал егер сол әйел арамданбаған, ешбір жазығы жоқ болса, ол өзіне тағылған айыптан құтылып, бала көтеретін болады.
29Сонымен, әйел некелі ері бола тұра түзу жолдан адасып өзге ер адаммен төсектес болып арамданғанда, 30немесе күйеуі әйеліне күдіктеніп, қызғанған кезде қолданылатын заң — осы. Сондай жағдайда діни қызметкер әйелді Жаратқан Иенің алдында тұрғызып, оған осы заңды толығымен іске асырады. 31Сонда күйеуі күнәдан таза болады, ал әйелі өзі жасаған күнәсінің кесіріне ұшырайды.

醒目顯示

分享

複製

None

想要在所有設備上保存你的醒目顯示嗎? 註冊或登入