Леуіліктер 23
23
Мейрам күндері туралы ережелер
1Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2— Исраил халқына мынаны айт: Менің тағайындаған мейрамдарым төмендегідей. Оларды Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған жиналыс күндері#23:2 (23:4,34; Мыс 23:14-17) Яки: киелі жиналыс күндері. деп жариялаңдар!
3Аптаның алты күнінде еңбектеніп жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — тынығатын демалыс және киелі жиналыс күні. Сол күні ешқандай жұмыс жасамаңдар! Барлық мекендеріңде#23:3 Яки: Қайда тұрып жатсаңдар да (3:17; Мыс 12:20; Рул 35:29). бұл күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні.#23:3 Мыс 20:8-11.
4Ал (демалыс күнінен басқа) Жаратқан Иенің жиналуға тағайындаған киелі мейрамдары мыналар, оларды жыл сайын белгіленген уақытында өздерің жариялаңдар!
Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамы
5Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінің кеш батқан кезінен бастаңдар. 6Осы айдың он бесінші күні Жаратқан Иенің Ашымаған нан мейрамы басталады. Сол күннен бастап жеті күн бойы тек ашытқысыз пісірілген нан жеңдер! 7Мейрамның бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар!#23:7 Рул 28:18. 8Жеті күн бойы Жаратқан Иеге құрбандық-тартулар әкеліп, өртеп ұсыныңдар. Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар!
Алғашқы өнім мейрамы
9Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деді:
10Исраил халқына мынаны тапсыр: Мен өздеріңе табыстағалы отырған осы елге еніп, егін өнімін жинайтын кездеріңде жинаған алғашқы егіннің бірінші бауын діни қызметкерге алып келіңдер. 11Жаратқан Ие оны мақұлдап қабылдау үшін діни қызметкер сол бауды Оның алдында демалыс күнінен кейінгі күні әрі-бері тербеп ұсынсын. 12Бауды әрі-бері тербеп ұсынған күні мінсіз бір жасар тоқтыны түгелдей өртелетін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер. 13Соған тиісті астық тартуы ретінде зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын Жаратқан Иеге арналған хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберіңдер. Сұйық тарту ретінде бір шағын құмыра#23:13 Яки: хиннің төрттен бірі (шамамен 1 л). шарап ұсыныңдар. 14Осы тартуларды Құдайыңның алдына алып келген күнге дейін (алғашқы өнімнен пісірілген) ешқандай нан, ешбір қуырылған не жаңадан піскен арпа жемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде келер ұрпақтарыңа да тапсырылған тұрақты ереже болады.
Елуінші күн (Жеті апта) мейрамы
15— Сендер егіннің бірінші бауын әрі-бері тербеп ұсынған Құтқарылу мейрамынан бастап#23:15 23:10-11; Мыс 34:22; Заң 16:9-10. жеті апта мен бір күнді (яғни елу күнді) санап шығыңдар. 16Осылай жетінші демалыс күні өтіп, елуінші күн басталғанда Жаратқан Иеге жаңа өнімнен астық тартуын алып келіңдер. 17Тұрған мекендеріңнен алғашқы өнімнің әрі-бері тербеп ұсынылатын тартуы ретінде пұттың оннан екісіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнынан ашытқы қосылып пісірілген екі бөлке нанды алып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар.
18Осы екі нанға қоса сендер (жамағат болып бірігіп) бір жасар, ешбір мінсіз жеті еркек тоқтыны, бір жас бұқаны және екі қошқарды алып келіңдер! Осының бәрі астық әрі сұйық тартуларымен қоса Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық болады. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды сый-тарту болады. 19Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық ретінде бір жасар екі тоқтыны құрбандыққа шалыңдар. 20Діни қызметкер сол екі тоқтыны алғашқы өнімнен дайындалған нанмен бірге Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі тарту — діни қызметкерге тиесілі үлес.
21Сендер халыққа дәл сол күнді Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс күні деп жариялап, еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Бұл — барлық мекендеріңде өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже.
22Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.#23:22 19:9-10.
Керней тарту мейрамы
23Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
24— Исраил халқына мынаны жеткіз: жетінші айдың бірінші күні демалып, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Мейрамның басталуын керней тартып жариялаңдар.#23:24 (Рул 10:10; 29:1; Шеж2 5:13) Яки: жетінші айдың бірінші күні болатын Керней тарту мейрамында демалыңдар, Жаратқан Иеге бағышталған (киелі) жиналыс өткізіңдер. 25Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер, Жаратқан Иеге өртеу арқылы тарту ұсыныңдар.
Халықты күнәларының арамдығынан тазарту күні
26Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді:
27— Жетінші айдың оныншы күні — халықты және кездесу шатырын күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалатын күн. Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер; Оған ерекше бойсұнып ораза ұстаңдар әрі өртеу арқылы тарту ұсыныңдар. 28Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Себебі ол күн — күнәнің арамдығынан тазартылу күні. Сонда сендер Құдайларың — Жаратқан Иенің алдында күнәнің арамдығынан тазартыласыңдар. 29Сол күні Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстамаған әрбір адам халқының арасынан аластатылсын. 30Жаратқан Ие — Мен сол күні жұмыс істеген әркімді халқының арасынан құртамын. 31Сонымен сол күні ешқандай жұмысты істемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде өздеріңе және болашақ ұрпақтарыңа арналған тұрақты ереже болады. 32Осы күн — өздерің толықтай тынығатын демалыс күні, онда Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстауларың керек. Жетінші айдың тоғызыншы күнінің кешінен бастап келесі күннің кешіне дейін осы демалыс күнін ұстануларың қажет.
Күркелер мейрамы
33Жаратқан Ие тағы да Мұсаға тіл қатып былай деді:
34— Исраил халқына мынаны айт: жетінші айдың он бесінші күні Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамы#23:34 Яки: Шыбық күрке мейрамы. басталады; ол жеті күнге созылады. 35Мейрамның бірінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп ешқандай жұмыс істеулеріңе болмайды. 36Жеті күн бойы Жаратқан Иеге өртеу арқылы тартулар ұсынып, сегізінші күні де соны істеп, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер!
37Жаратқан Ие белгілеген мейрамдар осылар. Сол кездерде сендер бағышталған жиналыстар жариялаңдар және Оған арнап мына сый-тартуларды өртеу арқылы ұсыныңдар: шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын, басқа құрбандықтар мен сұйық тартуларды. Бұлардың әрқайсысын белгіленген әр күні Жаратқан Иеге ұсынуларың қажет. 38Осы мейрамдарды Жаратқан Ие белгілеген демалыс күндерінен#23:38 Яғни сенбі күндерінен (23:3; 19:3; Жар 2:2-3; Мыс 20:8-11). басқа қосымша сақтауға тиіссіңдер. Сондай-ақ, бұл тартулар — сендер Жаратқан Иеге ұсынатын өзге де сый-тартулардан, әрі Оған ант еткен және өз еріктеріңмен беретін тартуларыңнан басқа, қосымша ұсынатын құрбандықтарың мен тартуларың.
39Осылайша сендер елдің өнімін жинап болған соң, жетінші айдың он бесінші күнінен бастап жеті күн бойы Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамын өткізіңдер. Оның бірінші күні мен сегізінші күні толықтай тынығатын демалыс күндері болсын.
40Бірінші күні таңдаулы ағаштардың жемістерін, пальма бұтақшаларын#23:40 Яки: құрма ағашының бұтақшаларын. әрі жапырағы мол өзге ағаштардың және өзен жағасындағы талдардың бұтақшаларын жинап, күркелер жасап алыңдар. Құдай Иелеріңнің алдында жеті күн бойы шаттана тойлаңдар. 41Осы мейрамды Жаратқан Иенің құрметіне арнап жыл сайын жеті күн бойы өткізіңдер. Бұл — өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже: мейрамды жетінші айда тойлауларың керек! 42Жеті күн бойы бұтақшадан жасалған күркелерде тұрыңдар. Исраилдік болып туған әркім осыны істеуге тиіс. 43Сонда сендердің келер ұрпақтарың да Менің Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққанда оларды күркелерде тұрғызғанымды білетін болады. Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
44Осылайша Мұса исраилдіктерге Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарын жариялап айтып берді.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.