Леуіліктер 22
22
Жаратқан Иеге бағышталған тартулар жайлы ережелер
1Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
2— Һарон мен оның ұлдарына мынаны жеткіз: Менің киелі есімімді қорламаулары үшін олар исраилдіктердің Маған бағыштайтын киелі тартуларына құрметпен қарайтын болсын! Мен Жаратқан Иемін.
3Оларға тағы былай деп ескерт: Егер болашақта өздеріңнен тараған діни қызметкер арамданған күйінде исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларына#22:3 7:20-21; 21:22; Рул 19:13. жақындайтын болса, ондай адамды Менің алдымнан аластату керек. Мен Жаратқан Иемін.
4Һаронның бір ұрпағы жұқпалы тері ауруымен#22:4 Яки: алапеспен (13:2-3,44-46). ауыратын болса немесе бір аурудың себебінен денесінен ірің ағатын болса, онда оның содан тазармайынша киелі тартулардан жеуіне болмайды. Сондай-ақ, егер Һаронның ұрпағы не өлі денемен, не шәуеті ағып кеткен біреумен жанасу арқылы арамданған бір нәрсемен жанасса 5немесе арамдайтын құжынаған жәндікпен не қандай да себептен арамданған кісімен жанасса онда ол таза емес болып саналады. 6Осындай нәрселермен жанасқан діни қызметкер кешке дейін таза емес болады. Кешке ол денесін сумен жусын. Бұған дейін оның киелі тартулардан жеуіне болмайды. 7Тек күн батқан соң ғана ол таза болып, оның киелі тартулардан жеуіне болады. Себебі бұлар — оның үлесіне тиген тамақ.
8Діни қызметкер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай хайуанның етін жемесін! Себебі бұл оны арамдайды. Мен Жаратқан Иемін.
9Діни қызметкерлер Менің бұйрықтарымды орындаулары керек. Ал егер соларға немқұрайды қарап бұзатын болса, онда олар кінәлі болып, өлім құшады. Оларды Өзіме бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін.
10Діни қызметкердің отбасына жатпайтын кез келген адамға киелі тартулардан жеуге тыйым салынған. Ол діни қызметкердің не қонағы, не жалшысы болсын, бәрібір оның сол тартулардан жеуіне болмайды. 11Ал діни қызметкердің өз ақшасына сатып алған немесе оның үй ішінде дүниеге келген басыбайлы қызметшісіне оның арнайы тамағынан жей беруіне болады. 12Егер діни қызметкердің қызы діни қызметкерлер әулетінен шықпаған басқа біреуге күйеуге шықса, онда оның бұдан былай киелі тартулардан жеуіне болмайды. 13Ал егер діни қызметкердің қызы жесір қалып не күйеуімен ажырасып, баласы болмай әкесінің үйіне қайтып келіп, жас кезіндегідей бірге тұратын болса, оған оның арнайы тамағынан жеуіне болады. Бірақ сырттан келген ешбір адамның одан жеуіне болмайды.
14Ал егер қайсыбір адам киелі тартуды білмей жеп қойса, ол діни қызметкерге сол тартудың орнын толтырып, үстіне құнының бестен бір бөлігін қосып қайтарсын. 15-16Діни қызметкерлер өзге исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларынан жеп, оларды арамдауларына жол бермесін! Әйтпесе әлгі адамдар кінәлі болып, солары үшін оның төлемін төлеуге тиіс болады. Сол тартуларды киелі ететін Мен Жаратқан Иемін.
Лайықты және лайықсыз құрбандықтар
17Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
18— Һаронға, оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына мынаны айт: Егер кейбіреулерің, исраилдік болсын, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, ант етілген немесе өз еркімен Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ұсынатын болса, 19ол ешбір мінсіз бір бұқаны, қошқарды немесе текені алып келсін. Сонда ғана құрбандығы қабылданады.
20Кемістігі бар еш малды Жаратқан Иеге ұсынбаңдар, әйтпесе оларың қабылданбайды.
21Егер біреу берген антын орындау үшін немесе өз еркімен Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандық ұсыну үшін мүйізді ірі қара не ұсақ малынан алып келсе, Жаратқан Ие ондай малды ешбір мінсіз болса ғана мақұлдап қабылдайды. 22Сондықтан мынадай малдарды: соқыр немесе бір мүшесі сынған, не тілік жарақаты,#22:22 Немесе: кеміс болып туған. не сүйелі, не іріңді жарасы, не қышыма-қотыр, есекжем секілді ауруы бар малдарды шалып, құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге түтетіп өртеп ұсынуға болмайды. 23Ал егер өз еркіңмен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалғың келсе,#22:23 7:16; Рул 15:3; Заң 16:10. бір мүшесі нысаналы немесе дұрыс өспей қалған мүйізді ірі қара не ұсақ малды құрбандыққа шалуға болады. Бірақ сондай мал ант етілген құрбандық ретінде қабылданбайды. 24Ұрық безі зақымданған, езілген, жұлынып қалған немесе кесіп тасталған#22:24 Яки: піштірілген. малды Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайды. Елдеріңде осылай еш істемеңдер! 25Мұндай кемістігі бар малдарды Құдайға тамақ іспетті тарту ретінде ұсынуға жат жұрттықтан да қабылдап, алып келмеңдер! Олар кемістігі бар зақымданған мал болғандықтан, құрбандығың ретінде қабыл болмайды.
26Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
27— Жаңа туған бұзау, қозы не лақты анасынан жеті күн айырмаңдар. Сегізінші күннен бастап сол жас малды Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын құрбандық ретінде қабылдауға болады. 28Сиырды бұзауымен немесе қойды қозысымен бір күнде соймаңдар!
29Жаратқан Иеге шүкірлік құрбандығын шалғанда, оны қабылданатындай етіп ұсыныңдар. 30Малдың етін сол күні жеп бітіріңдер, келесі күнгі таңға дейін ештеңесін қалдыруға болмайды. Мен Жаратқан Иемін.
31Менің өсиеттеріме бағынып, оларды орындаңдар! Мен Жаратқан Иемін. 32Менің киелі есімімді қорламаңдар!#22:32 22:2. Исраилдіктер Менің киелі екенімді мойындап қастерлей берсін! Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін. 33Сендерге Құдай болу үшін өздеріңді Мысыр елінен алып шықтым. Мен Жаратқан Иемін.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.