YouVersion 標識
搜索圖示

Леуіліктер 15

15
Адамды арамдайтын ірің туралы нұсқаулар
1Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы нұсқау беріп былай деді:
2— Исраил халқына мынаны айтыңдар: егер біреудің денесінен#15:2 Немесе: жыныс мүшесінен. ірің бөлінетін болса, сол адам таза емес болып саналады. 3Ірің не ағып жүрген, не іркіліп тоқтап қалған екі жағдайда да адамды арамдайды.
4Денесінен ірің ағатын адамның жатқан төсегі әрі ол отырған нәрселердің бәрі арамданады. 5Оның төсегімен жанасып кеткен әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 6Денесінен ірің ағатын адамның отырып кеткен жеріне отырған басқа адам да киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
7Егер біреу ірің ағып жүрген адамның денесімен жанасып кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
8Егер денесінен ірің ағатын адамның түкірігі таза біреуге шашырап кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
9Денесінен ірің ағатын адам отырған аттың ері де арамданады. 10Оның отырған кез келген нәрсесімен жанасқан немесе соны көтерген әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
11Денесінен ірің ағатын адам қолын жумай біреуге қолын тигізетін болса, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
12Денесінен ірің ағатын адам ұстаған әр қыш ыдысты сындырып тастау керек. Ал егер ол ағаш ыдыс болса, сумен жуылып-шайылсын.
13Сол адам ірің ағудан сауығып кеткенде, өзінің тазаруы үшін жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін адам киімдерін жуып, өзі ағынды сумен жуынсын. Содан кейін ол таза болып саналады. 14Сегізінші күні ол екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына келіп, құстарды діни қызметкерге табыстасын. 15Діни қызметкер олардың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында сол адамды денесінен ірің аққандықтан болған арам күйінен тазартады.
16Егер ер адамның шәуеті ағып кетсе, ол денесін түгелдей сумен жусын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 17Оның шәуеті тамған әрбір киім мен былғары бұйымды сумен жуу керек. Сол киім не бұйым кешке дейін арамданған болады. 18Еркек әйелмен жақындасып, шәуеті ағып кетсе, екеуі де сумен жуынуға тиіс. Олар кешке дейін таза емес болып саналады.
19Егер әйелдің әдеттегідей айлық етеккірі келіп жүрген болса, оның таза емес деп саналатын уақыты жеті күнге созылады. Сол кезде онымен жанасқан әр адам кешке дейін таза емес болып саналады.
20Етеккірі келіп жүрген әйел жатқан әрі отырған нәрселердің бәрі де арам болып саналады. 21Сондай әйелдің төсегімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де суға түсіп шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. 22Әйелдің отырған нәрселерімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. 23Әйелдің жатқан төсегінің не отырған бұйымының үстіндегі кез келген нәрсесімен жанасқан әркім кешке дейін таза емес болып саналады.
24Егер ер адам әйелімен бір төсекте жатып,#15:24 18:19. оның етеккірі бұған жұғып қалса, онда сол адам жеті күн бойы таза емес болып саналады. Ол жатқан әрбір төсек те арамданған болады.
25Егер әйелдің етеккірі әдеттен тыс басталып, көпке созылса немесе етеккірі әдеттегіден ұзақ уақытқа созылса, онда әйел сол кезең бойы таза емес болып саналады. 26Сол аралықта әйел жатқан әр төсек не отырған әр нәрсе оның әдеттегі келетін етеккірімен арамданған төсегі не отырған нәрселері сияқты арам болып саналады. 27Осы нәрселермен жанасқан әркім таза емес болып саналады. Ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Адам кешке дейін таза емес болып саналады.
28Әйел етеккірі тоқтағанда жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін ол таза болып саналады. 29Сегізінші күні әйел екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге апарсын. 30Діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша діни қызметкер сол әйелді етеккірінен болған таза емес күйінен тазартады.
31Осылайша сендердің Исраил халқын өздерін арамдайтын нәрселерден бөлек ұстауларың қажет. Әйтпесе олар араларыңдағы Менің киелі шатырымды#15:31 Яки: Менің (жер бетіндегі) тұрағымды. арамдап, соның кесірінен өледі.#15:31 19:13,20.
32Денесінен ірің не шәует ағып кеткендіктен таза емес еркектерге 33және етеккірі келіп жүрген әйелдерге, денесінен түрлі сұйықтық ағатын еркек не әйелге және таза емес болған әйелімен бір төсекте жатқан ер адамға арналған заң, міне, осы.

醒目顯示

分享

複製

None

想要在所有設備上保存你的醒目顯示嗎? 註冊或登入