Леуіліктер 14
14
Жұқпалы тері ауруынан сауыққан адамның тазару рәсімі
1Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді:
2— Жұқпалы тері ауруымен ауырған#14:2 Немесе: Алапеспен ауырған (13:1.) адамның тазаруы туралы заң мынау: адам жазылған кезде діни қызметкерге көрінуі керек. 3Сонда діни қызметкер ел қонысының сыртына шығып, адамды қарап шықсын. Егер ол адамның тері ауруынан жазылғанын анықтаса, 4онда ол сол адамға тазару рәсімін орындау үшін екі тірі адал құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз#14:4 Яки: үсоп (не иссоп) (Мыс 12:22). бұтақшасын әкелуге бұйырсын. 5Діни қызметкер екі құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалуға бұйырсын. 6Діни қызметкер тірі құсты қолына ұстап алып, самырсын ағашымен, қырмызы жіппен және сайсағыз бұтақшасымен бірге таза су үстінде шалынған құстың қанына малып алсын. 7Діни қызметкер жұқпалы тері ауруынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамға қанды жеті рет бүріксін. Содан соң оны таза деп жарияласын. Ал тірі құсты далаға босатып жіберсін.
8Тазару рәсімінен өтіп жатқан адам киімдерін жақсылап жуып, денесіндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, сумен жуынып тазарсын. Осыдан кейін оған ел қонысына кіруге болады, бірақ жеті күн бойы үйінің сыртында тұруға тиіс. 9Жетінші күні ол шашын, сақалын, қастарын және денесіндегі бар түкті түгелдей қырып алып тастасын. Адам киімдерін жақсылап жуып, денесін де сумен жусын, содан кейін таза болып саналады.
10Ауруынан сауыққан адам сегізінші күні мінсіз екі еркек тоқты мен бір жасар ұрғашы тоқтыны әкелсін. Ол, сондай-ақ, астық тартуына арнап пұттың оннан үш бөлігіндей#14:10 Шамамен 7 л. мөлшердегі зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын және бір шағын құмыра зәйтүн майын#14:10 Яғни шамамен 0,3 л зәйтүн майын. да дайындасын. 11Діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқанның өзін және оның әкелген тартуларын кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге ұсынсын.
12Діни қызметкер еркек тоқтылардың бірін айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Бір шағын құмыра зәйтүн майын да алып, бәрін Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. 13Діни қызметкер екінші еркек тоқтыны күнәнің құнын өтейтін құрбандық пен түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын киелі орында шалсын. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық сияқты, айыпты өтейтін құрбандық та діни қызметкерге тиісті; ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
14Бұдан кейін діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына және оң аяғының үлкен башпайына жақсын. 15Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған шағын құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып, 16оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін. 17Діни қызметкер алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағы мен оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын. 18Алақанындағы майдың қалған бөлігін діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жақсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында адамды арамданған күйінен тазартады.
19Содан соң діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықты шалып, тері ауруынан жазылған адамға арамданған күйінен тазарту рәсімін қайтадан жасасын. Осыны істеп болған соң діни қызметкер түгелдей өртелетін құрбандықты шалып, 20оны астық тартуымен бірге құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Бұларды тері ауруынан жазылған адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын. Осылайша адам таза болып саналады.
21Ал егер ауруынан жазылған адам кедей болып, құрбандыққа екі тоқты шалуға жағдайы көтермесе, ол бір еркек тоқтыны ғана айыпты өтейтін құрбандық ретінде, зәйтүн майымен араластырылған, пұттың оннан бір бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын астық тартуы ретінде және бір шағын құмыра зәйтүн майын алып келсін. Айыпты өтейтін құрбандық адамды арамданған күйінен тазарту үшін әрі-бері тербеліп ұсынылады. 22Адам, сондай-ақ, өзінің әл-ауқатына қарай екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді де әкелсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынсын.
23Тазару рәсімінің сегізінші күні сол адам осылардың бәрін Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне діни қызметкерге алып келсін. 24Діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандық ретінде бір тоқтыны және бір шағын құмыра зәйтүн майын алсын да, оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. 25Діни қызметкер бұл тоқтыны айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Содан ол құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақсын.
26Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып, 27оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін. 28Алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын. 29Діни қызметкер алақанындағы майдың қалған бөлігін тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жағып Жаратқан Иенің алдында сол адамды арамданған күйінен тазарту рәсімінен өткізсін.
30Мұнан кейін діни қызметкер сол адамның әл-ауқатына қарай әкелген орман кептерлерін немесе жас көгершіндерін, 31біріншісін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Діни қызметкер оларды астық тартуымен қоса Жаратқан Иеге сол адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын.
32Жұқпалы тері ауруымен ауырған және өзі үшін тазару рәсімін құрбандыққа мал шалып жасауға жағдайы көтермейтін адамға арналған ережелер осындай.
Үйді зеңі мен көгеруінен тазарту рәсімі
33Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы да нұсқау беріп былай деді:
34— Сендер Мен өздеріңе иемденуге беріп отырған Қанахан еліне кіріп, қоныстанғаннан кейін сондағы бір үйге Менің зеңнің#14:34 13:48-49. жайылуына жол бергенімді көрсеңдер, 35онда үйдің иесі діни қызметкерге барып: «Маған үйім зеңнен көгере бастағандай болып көрінеді», — десін. 36Діни қызметкер үйдегі барлық нәрселерді арамданған деп жариялауына тура келмес үшін өзі сол үйге бармай тұрып: «Ішіндегінің бәрін шығарып, үйді босатып қойыңдар!» — деп үй иесіне бұйырсын. Содан соң діни қызметкер үйге кіріп, оны қарап шықсын.
37Қабырғаларды жайлай бастаған көгеруді қарасын. Егер оның түсі жасыл немесе қызыл болып, сол дөңгелек дақтар қабырғаның бетінен ойық орналасқандай көрінсе, 38онда діни қызметкер үйден шығып, оны жеті күнге жауып тастасын. 39Жетінші күні ол үйді қайтадан қарап шықсын. Егер көгеру қабырғаларға жайыла түскен болса, 40діни қызметкер көгеру жайлаған тастарды алдырып, қаланың сыртындағы (қоқыс тасталатын) арам орынға апарып тастауға бұйырсын. 41Ол үйдің барлық ішкі қабырғаларын қырып-тазалауға да нұсқау берсін. Қырылып алынған қоқыс та қала сыртындағы арам орынға апарылып тасталсын. 42Адамдар алынып тасталған тастардың орнына басқа тастарды қалап, саз балшықтан жасалған жаңа сылақпен үйдің ішін майлап шықсын.
43Егер тастар алынып, қабырғалар қырып-тазаланып, жаңадан сыланғаннан кейін де көгеру қайтадан пайда болса, 44діни қызметкер сол үйге қайтып барып, оны қарап шықсын. Егер көгеру үйдің ішін тағы да жайыла бастаған болса, бұл — кетіруге болмайтын өте зиянды зең, демек, үй арамданған. 45Ондай үйді бұзып тастау керек. Оның барлық тастарын, бөренелері мен сылағын қаладан шығарып, арам орынға апарып тастау керек.
46Ал діни қызметкер жеті күнге жауып тастаған үйге#14:46 14:38. кірген әркім кешке дейін арамданған болады. 47Сондай үйде ұйықтаған не тамақтанған әркім киімдерін жууы керек.
48Егер діни қызметкер үйді қарауға келіп, жаңа сылақ жағылғаннан бері көгерудің жайылмағанын көрсе, ол сол үйді таза деп жарияласын. Себебі бұл көгерудің жоғалып кеткенін білдіреді. 49Діни қызметкер сол үйге тазару рәсімін жасау үшін екі құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын алсын. 50Құстың бірін таза су#14:50 Яки: тірі (ағынды) су. құйылған қыш құмыраның үстінде шалып, қанын соған ағызсын. 51-52Діни қызметкер самырсын ағашын, сайсағыз бұтақшасын, қырмызы жіпті және тірі құсты шалынған екінші құстың қаны араластырылған суға малып алсын. Содан кейін ол қан аралас суды үйге қарай жеті рет бүріксін. Осылайша ол сол үйге тазару рәсімін жасайды. 53Ал тірі құсты қала сыртында далаға босатып жіберсін. Сонымен діни қызметкер үйді арамданған күйінен тазартып, ол таза болады.
54Кез келген алапес іспетті жұқпалы тері ауруы мен қотырға, 55әрі киімнің не үйдің көгеруіне, 56ісік, бөртпе, ақтаңдаққа#14:56 13:2. бір нәрсенің таза не арамданған екенін белгілеуге арналған ережелер осылар. Жұқпалы тері аурулары мен көгеру туралы заң, міне, осы.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.