Мысырдан шығу 35
35
Демалыс күні туралы ереже
1Мұса Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын жинап алып, оларға былай деді: «Жаратқан Ие орындауға мынаны бұйырған: 2алты күн жұмыс істеуге арналған. Ал жетінші күн сендер тынығып демалатын, Жаратқан Иеге бағышталған киелі күн болсын! Сол күні жұмыс істеген әркім өлтірілуге тиіс. 3Барлық тұрған жерлеріңде демалыс күні тіпті от та жақпаңдар!»#35:3 Яки: тамақ пісірмеңдер! (Оны алдыңғы күні дайындау керек болатын: 16:22-23.)
Киелі шатырды құрудың дайындық жұмыстары
4Мұса жиналған бүкіл Исраил қауымына сөзін жалғап былай деді: «Жаратқан Ие сендерге мынаны тапсырды: 5Қолдарыңда барларыңнан Жаратқан Иеге арнап тарту беріңдер. Оған шын жүректен сый-тарту ұсынғысы келетіндер мыналарды алып келсін: алтын, күміс және қола, 6қою күлгін,#35:6 Яки: қою көк. (26:31-ге берілген түсініктемені қ.) күрең қызыл, ал қызыл жүн әрі жіңішке иірілген зығыр жіптер, ешкінің түбітін, 7қызыл түске боялған қошқар терілерін, борсық#35:7 25:5. терілерін, аққараған ағашын, 8майшамға арналған зәйтүн майын, жағу рәсіміне арналған майға қосылатын немесе түтетілетін хош иісті заттар, 9сондай-ақ бас діни қызметкердің арнайы киіміне және кеуде қалтасына тағылатын оникс пен басқа да асыл тастар.#35:5-9 25:2-8.
10Араларыңдағы шебер атаулының барлығы келіп, Жаратқан Иенің тапсырғандарының бәрін де жасап дайындасын: 11Оның жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырды, соның төбесіндегі жапқышын, ілгектері мен ілмек шығыршықтарын, бөренелерін, сырықтарын, бағаналары мен тағандарын; 12сондай-ақ, Келісім сандығы мен екі жағындағы сырықтарын, бетіндегі қақпағын және оны көзден тасалап тұрған шымылдықты; 13(нан тартулары қойылатын) үстел мен сырықтарын, соған қажетті ыдыстарын және ұсынылатын нан тартуларын; 14жарық түсіретін (жеті шырақты) шам қойғышты, қосымша құрал-саймандарын, шамдарын және жағуға қажетті майды; 15түтету үстелі мен сырықтарын, жағу рәсіміне арналған майды, түтетілетін хош иісті заттарды; киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты, 16шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді, оның қола торын, сырықтары мен қажетті құрал-саймандарын; (тазару рәсіміне арналған) қола қазан мен тұғырын; 17ауланы қоршайтын бағаналарды тағандары, перделерімен қоса, сондай-ақ ауланың кіреберісінің перделерін, 18шатырдың және ауланың қазықтары мен арқандарын, 19қасиетті орында қызмет атқарғандардың әдемі тоқылған киімдерін және діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарының арнайы киімдерін дайындасын».
20Мұса осыларды айтып болған соң, Исраил үрім-бұтағының жиналған бүкіл жамағаты оның қасынан тарап кетті. 21Мұнан кейін шын жүректен, өз еркімен#35:21 Яки: Киелі Рухтың әсерімен. Жаратқан Иеге арнап сый-тартулар бергілері келген барлығы да соларын алып келді. Осылай олар Жаратқан Иемен кездесетін киелі шатырды тұрғызып, ондағы қызметтерге қажетті бұйымдар мен арнайы киімдерді жасауға керекті заттарды әкелді.
22Осыған ерік білдіргендердің бәрі де, еркек болсын, әйел болсын келді. Олар түрлі-түрлі алтын әшекейлерін: білезік, сырға-жүзік, алқаларын әкеліп, Жаратқан Иеге бағыштап ұсынды. 23Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптері мен ешкінің түбіті, қызыл түске боялған қошқар терісі әрі борсықтың терісі барлары да соларын әкеліп берді. 24Күміс пен қоладан тарту әкелгендер де оларын Жаратқан Иеге арнады. Кімде аққараған ағашы бар болса, сол да ағашын киелі шатыр үшін қолдануға ұсынды.
25Жіп иіре алатын шебер әйелдер қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн не жіңішке зығыр жіптерді өз қолдарымен иіріп әкелді. 26Түбіт иіре алатын барлық қабілетті әйелдер түбіт иірді.
27Рубасылары оникс және басқа да асыл тастарды Һаронның арнайы сырт киімі мен кеуде қалтасы үшін алып келді. 28Олар, сондай-ақ, май шамдарға, жағу рәсіміне және түтетілуге арнап зәйтүн майы мен хош иісті заттарды да ұсынды. 29Исраилдің барлық әйелдері мен ер адамдары Жаратқан Иенің Мұса арқылы істеуге тапсырған күллі жұмыстары үшін өз жүрек қалауларымен Жаратқан Иеге арнап ерікті сый-тартуларын алып келді.
Шеберлердің тағайындалуы
30Содан Мұса Исраилдің үрім-бұтағына былай деді: «Біліп алыңдар: Жаратқан Ие Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы Һұр немересі Беселиелді арнайы таңдап алды. 31Оны Құдайдың Рухына кенелтіп, оған ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойды.#35:30-31 31:2-3. 32Ол Беселиелге алтын, күміс, қола бұйымдарға керемет көркем өрнектер жасауға, 33асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесіп, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмыстарын істеуге қабілет берді. 34Мұның үстіне Жаратқан Ие Беселиелге және Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпқа#35:34 31:6. басқаларға тәлім беру дарынын да сыйлады. 35Тәңір Ие сол екеуін қандай да болсын жұмысты істей алатын қабілетке кенелтті. Сондықтан олар зергерлер,#35:35 Яки: оюшылар мен ұсталар (Заң 27:15; Пат1 13:19). жобалар ойлап шығаратын көркемдеушілер, шебер тоқымашылар ретінде, не болмаса қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптермен кестелеп тоқушылар ретінде әр қилы бұйымдарды әсем тоқып, күрделі жобаларды ойлап шығарып, жүзеге асыра алады.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.