Мысырдан шығу 34
34
1Жаратқан Ие Мұсаға тағы бұйрық беріп:
— Өзің сындырып тастаған бұрынғы тас тақташалар сияқты екі тақташа қашап жасап ал. Олардың беттеріне алғашқы тақташаларда жазылған сөздерді жазып қоймақпын. 2Ертеңгісін дайын бол, Синай тауына көтеріліп, таудың басында Менің алдымда тұр! 3Ал ешбір адам саған еріп көтерілмесін, таудың барлық беткейінен ешкім де көрінбесін! Таудың маңында ірілі-ұсақты мал да жайылмасын! — деді.
4Осылай Мұса бұрынғы тас тақташалар сияқты басқа екеуін қашап жасап алды. Ертеңгісін ертемен соларды қолына ұстап, Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай Синай тауының басына көтерілді.
5Сонда Жаратқан Ие бұлтқа оранып төмен түсті де, Мұсаның қасында тұрып, «Жаратқан Ие» деген өз есімін атап шақырды. 6Бұдан кейін Ол Мұсаның алдынан өтіп бара жатып былай деп дауыстады:
«Жаратқан Ие! Жаратқан Ие!
Құдай мейірімді де қайырымды,
Тез қаһарланбайтын да өте рақымды.
Құдай әрдайым сөзінде тұрады;#34:6 Яки: Тұрақты рақымы (яки: сүйіспеншілігі) мен сенімділігі ағыл-тегіл мол.
7Ол берік мейірімін мыңдағандарға#34:7 Яки: мыңдаған ұрпақтарға. танытады,
Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды
Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады,
Ал (қасарысқанды) жазасыз қалдырмайды,
Аталарының теріс қылықтары үшін
Жазалайды балалары мен немерелерін,
Тіпті шөберелері мен шөпшектерін».#34:7 Яки: тіпті үшінші және төртінші ұрпақтағы үрім-бұтағын.
8Мұса дереу жерге дейін иіліп тағзым етіп:
9— Уа, Ием, егер Сен маған риза болсаң, онда Өзің арамызда жүріп жар бола гөр. Бұл — тоңмойын қыңыр халық. Әйтсе де, жасаған әділетсіз істеріміз бен күллі күнәларымызды кешіріп, бізді Өзіңнің меншікті халқың ретінде қабылдай гөр, — деп өтінді.
Келісімнің қайтадан жасалуы
10Бұған Жаратқан Ие былай деді:
— Міне, Мен сендермен Келісім жасамақпын: халқыңның көз алдында бұған дейін жер бетінде ешбір ұлттың арасында болып көрмеген кереметтерді жүзеге асырмақпын. Өзің бірге тұрып жатқан бүкіл халқың Мен — Жаратқан Ие сендер үшін жасайтын, үрей туғызатын ғажап істерді көретін боласыңдар. 11Ал сендер Менің өздеріңе бүгін беріп тұрған бұйрықтарымды орындайтын болыңдар! Біліп алыңдар: Мен алдарыңнан жүріп отырып,#34:11 Яки: Мен сендердің көз алдарыңда. аморлықтар, қанахандықтар, хеттіктер, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді елден қуып шығамын. 12Сол елге кіргенде оның тұрғындарымен қандай да бір келісім жасаудан сақтаныңдар! Олай етпесеңдер, олар сендерді күнәға батыратын тұзақ болады. 13Қайта, солардың құрбандық ұсынатын орындарын бұзып, қиратып, табынатын тас мүсіндерін талқандап, әйел тәңірлері Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын#34:13 Яки: (жергілікті ұлттар табынатын) әйел тәңір Ашераға (яки: Астартаға) бағышталған тоғайларын (Заң 7:5; Пат3 15:13). шауып тастаңдар!
14Менен, Жаратқан Иеден, басқа ешбір тәңірге құлшылық етпеңдер! Себебі бір атағым «Қызғаныш».#34:14 Яки: Себебі пенденің Өзіммен бір нәрсені теңдестіргеніне төзбеймін (20:3-5; Заң 5:7-9). Өзімді шын көңілмен сүйіп, түгелдей бағышталуларыңды талап еткен Құдаймын. 15Сонымен сендер сол елде тұратындармен келісім жасаудан сақтаныңдар! Әйтпесе олар Маған сенімсіздік танытып, өз тәңірсымақтарына арнап#34:15 Яки: Әйтпесе олар жүгенсіздікпен жалған тәңірлеріне бағышталып (Леу 17:7; 20:5; Рул 14:33). құрбандық шалып құлшылық еткенде сендерді де шақырады. Осылай сендер сол құрбандықтарынан жеп, өздерің де жалған тәңірлерге табынатын боласыңдар.#34:15 Яки: жалған тәңірлермен азғындық қылып, Менімен жасаған қасиетті Келісімге опасыз боласыңдар. 16Ұлдарыңа олардың қыздарын алып бермеңдер! Әйтпесе сол келіндерің шынайы Құдайға опасыздық жасап өздерінің жалған тәңірлеріне құлшылық еткенде, сендердің ұлдарыңа да солай істетпек.
17Тәңір мүсіндерін жасамаңдар!#34:17 Яки: Тәңір мүсіндерін құйып жасамаңдар!
18Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзім бұйырғандай, жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Мұны (көктемнің) абиб айының белгіленген мезгілінде өткізіңдер, себебі Мысырдан сол айда көшіп шыққан едіңдер.
19Құрсақ атаулыдан шыққан әрбір тұңғыш Менікі! Ірі қара мен ұсақ малдардың тұңғыш еркек жыныстыларының бәрі де Маған бағышталсын. 20Есектің алғаш туған қодығының орнына бір тоқты құрбандыққа шалынсын. Егер олай етпесең, қодықтың желкесін үз. Ал әрбір тұңғыш ұлдарыңның төлемі ретінде арнайы құрбандық шалыңдар.
Ешкім Менің алдыма құр қол#34:20 Яки: құрбандық немесе өзге сый-тартусыз (23:15). келмесін!
21Алты күн жұмыс істеп, жетінші күні демалыңдар! Жер жыртып, егін салып, оны орған кезде де сол күні демалуға тиіссіңдер. 22Бидайдың алғашқы өнімін жинарда Жеті апта мейрамын, ал жылдың аяғында Сабантой мейрамын мерекелеңдер!#34:22 Жеті апта (яки: Елуінші күн) мейрамы Құтқарылу мейрамынан жеті апта өткеннен кейін өткізілетін; ол Алғашқы өнім мейрамы деп те аталатын (23:16). Сабантой мейрамы (яки: Күркелер мейрамы) күзде ауылшаруашылық жылының аяғында мерекеленетін (23:16; Рул 28:16). 23Күллі ер адамдарың жылына үш рет Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс. 24Мен сендердің көз алдарыңнан басқа халықтарды қуып шығарып, шекараларыңды кеңейтемін. Сондықтан сендер жылына үш рет Құдайларың Жаратқан Иенің алдына келген кездеріңде ешкім де елдеріңе қызғанышпен шабуыл жасамайтын болады.
25Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар!
Құтқарылу мейрамына шалынған малдың еті таң атқанша қалып қоймасын!
26Егістік жерлеріңнен алғаш шыққан өнімдердің ең жақсысын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіңдер!
Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер!#34:26 23:19.
27Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға:
— Осы сөздерді жазып қой. Мен сенімен және бүкіл Исраил халқымен Келісімімді солардың негізінде жасаймын, — деп бұйырды.
28Қырық күн, қырық түн бойы Мұса сол жерде Жаратқан Иенің қасында болып, нан да жемеді, су да ішпеді. Ол тас тақташаларға Келісімнің сөздерін — Он өсиетті жазды.#34:28 34:1; 31:18; Заң 4:13; 10:4.
Мұсаның бетіндегі жарқыраған нұр
29Бұдан кейін Мұса Келісімнің ережелері жазылған екі тас тақташаны қолына ұстап, Синай тауынан төмен түсті. Ол Жаратқан Иемен тілдескендіктен бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрды. Ал өзі мұны білген де жоқ. 30Һарон және күллі исраилдіктер Мұсаны көргенде, міне ғажап, оның беті нұрланып жарқырап тұрды! Сондықтан оның қасына жақындаудан қорықты. 31Бірақ Мұса шақырған соң, Һарон мен халықтың барша рубасылары қайтадан қасына жиналып, Мұса оларға сөзін арнады. 32Бұдан кейін исраилдіктердің бәрі де оның қасына келіп, Мұса оларға Жаратқан Иенің Синай тауының басында өзімен тілдескенде тапсырған бүкіл өсиеттерін айтып берді. 33Олармен сөйлесіп болғаннан кейін Мұса бетін пердемен жауып алды.#34:33 Қор2 3:13. 34Ал Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдесу үшін арнайы шатырға кірген сайын, қайтадан сыртқа шыққанша Мұса бетіндегі пердені алып тастайтын. Шатырдан шыққаннан кейін ол Исраил халқына Жаратқан Иенің тапсырған өсиеттерін жеткізетін. 35Сол кезде исраилдіктер Мұсаның бет-жүзінің нұр шашып жарқырап тұрғанын көретін. Мұса қайтадан Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдескенше бетін пердемен жауып алатын.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.