Жоханның 1-хаты 4
4
Рухтарды ажырата білу
1Сүйікті бауырларым, кез келген рухтарға сене бермеңдер, олар Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтаңдар! Өйткені көптеген жалған пайғамбарлар жер жүзіне тарады.#4:1 Яки: Өйткені Құдайдан хабар жеткізушімін деп жалған сөйлеушілер жер жүзіне көптеп тарады (Мат 7:15; 24:11; Сал1 5:19-21). 2Құдайдың Рухын мынаған қарап ажырата білесіңдер: Құдайдан шыққан Киелі Рух Иса Мәсіхтің адам бейнесінде көктен келгенін мойындайды.#4:2 2:23; 1:1-2; Жох 1:14. 3Ал Иса Мәсіхтің адам болып келгенін мойындамайтын әрбір рух Құдайдан емес, керісінше, ол — Мәсіхке қарсы шығушының рухы. Сендер соның келетінін естідіңдер, ол қазірдің өзінде-ақ дүниеде жүр.#4:3 2:18,22; Жох2 7.
4Ал, балаларым менің, сендер Құдайдансыңдар, жалған пайғамбарларды жеңіп шықтыңдар. Өйткені сендердегі Киелі Рух күнәкар дүниені билеп тұрған шайтаннан құдіретті. 5Жалған пайғамбарлар осы күнәкар дүниеден болғандықтан осы дүниелік тұрғыдан сөйлейді, әрі осы дүниенің адамдары оларға ден қояды. 6Біз Құдайданбыз; Оны танитындар бізге құлақ салады, ал Құдайдан еместер бізге құлақ салмайды. Шындықты сөйлейтін Рух пен алдамшы рухты осы арқылы ажырата аламыз.
Құдайдың сүйіспеншілігі және біздің өзгелерді сүюіміз
7Сүйікті бауырларым, бір-бірімізді сүйейік! Себебі сүйіспеншілік Құдайдан; сүйетін адам — Құдайдың рухани баласы, ол Құдайды танып біледі.#4:7 3:11; 2:4-5. Жох 1:12-13. 8Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік.#4:8 Яғни сүйіспеншілік — Құдайдың басты қасиеттерінің бірі, Ол — шынайы сүйіспеншіліктің бастауы (4:10,16; Жох 3:16; Қор2 13:11). 9Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: Сол арқылы шынайы өмір сүруіміз үшін Құдай Өзінің жалғыз рухани Ұлын#4:9 Яки: Өзінің жалғыз Ұлын. (Түсіндірмедегі «Құдайдың рухани Ұлын» қараңыз.) бұ дүниеге жіберді. 10Бұл сүйіспеншіліктің мәнісі мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, Ол бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәміздің құнын өтеу үшін Өзінің рухани Ұлын жіберді.#4:10 2:2. 11Сүйікті бауырларым, Құдай бізді осылайша сүйгендіктен, біз де бір-бірімізді сүюіміз керек. 12Ешкім еш уақытта Құдайды көзімен көрген емес; алайда бір-бірімізді сүйсек, онда Құдай жан дүниемізден орын алып, Оның сүйіспеншілігі бойымызда әбден толысып, мақсатына жеткені.
13Құдай бізге Өзінің Рухын сыйлады.#4:13 3:24; Жох 14:26; Рим 8:9-10,13-15. Біздің Онымен, Оның бізбен тығыз байланыста екендігімізді осыдан білеміз. 14Әкенің Өзінің рухани Ұлын дүниеге Құтқарушы ретінде жібергенін біз өз көзімізбен көрдік, соған куә болып келеміз. 15Кім Исаны Құдайдың рухани Ұлы деп мойындаса, Құдай онымен, ол да Құдаймен тығыз байланыста тұрады.
16Біз Құдайдың өзімізге деген сүйіспеншілігін біліп, Оған нық сенеміз. Құдай — сүйіспеншілік.#4:16 4:8. Сол себептен, кім Оның сүйіспеншілігіне сай әрекет ете берсе, ол Құдаймен, Құдай да онымен тығыз қатынаста тұрады.
17Мәсіхтің осы дүниеде қалай өмір сүргеніндей өмір сүрсек, онда Құдайдың сүйіспеншілігі бойымызда әбден толысып, мақсатына жетеді. Осылай қиямет сотында нық сенімді боламыз.#4:17 Жох 3:16-18. 18Сүйіспеншілікте қорқыныш жоқ. Шынайы сүйіспеншілік қорқынышты жолатпайды, себебі қорқыныш жазаға байланысты. Қорқатын кісіде сүйіспеншілік мақсатына жеткен емес.
19Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді. 20Біреу «Құдайды сүйемін» дей тұра, бауырын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады? 21Одан алған өсиетіміз мынау: Құдайды сүйетін кісі бауырын да сүюге тиіс!
လက်ရှိရွေးချယ်ထားမှု
Жоханның 1-хаты 4: КК 2010
အရောင်မှတ်ချက်
မျှဝေရန်
ကူးယူ

မိမိစက်ကိရိယာအားလုံးတွင် မိမိအရောင်ချယ်သောအရာများကို သိမ်းဆည်းထားလိုပါသလား။ စာရင်းသွင်းပါ (သို့) အကောင့်ဝင်လိုက်ပါ
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.