YouVersion 標識
搜索圖示

Леуіліктер 26

26
Құдайға мойынсұнушы халықтың жарылқануы
1Өздеріңе ешқандай тәңір бейнелерін жасамаңдар! Не бір тәңірдің ойып жасалған мүсінін, не киелі тас бағана орнатушы болмаңдар! Елде қашалған тас мүсін орнатып, оған тағзым етіп табынушы да болмаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
2Маған бағышталған демалыс күндерін берік сақтап, Менің киелі үйімді терең қастерлеңдер! Мен Жаратқан Иемін.
3Егер сендер ережелеріме бағынып, өсиеттерімді мұқият сақтап орындасаңдар, 4Мен мезгілінде жаңбыр жаудырамын, сонда жер өнімін, ағаштар жемісін береді. 5Молынан орған астықты жүзім жинайтын мерзімге дейін бастырып, ағыл-тегіл піскен жүзімді егіс науқанына дейін жинайтын боласыңдар.#26:5 Сол өлкеде астық ору маусым айында бітіп, жүзім жинау қыркүйекте басталады. Желтоқсанда жаңбыр жауа бастап, келесі жылға бидай егіледі. Осылай сендер тамақты тоя ішіп-жеп, елдеріңде аман-есен тұратын боласыңдар.
6Мен елдеріңе тыныштық сыйлаймын, ешкім де сендерді мазаламай, алаңсыз ұйықтайтын боласыңдар. Мен бұл елден жыртқыш аңдарды жоямын. Жау семсері елдеріңді шауып та тастай алмайды. 7Қайта, сендер жауларыңды өкшелеп қуып, семсерлеріңнің жүзімен қырып-жоятын боласыңдар. 8Бесеуің — жүз, ал жүзің — он мың жауды қуатын боласыңдар. Жауларың алдарыңда семсерлеріңнің жүзінен ойсырай жеңіліп, қырылатын болады.
9Мен сендерге мейіріммен қарап, өсіріп-өндіріп сандарыңды көбейтемін. Сендермен жасаған Келісімімді берік сақтаймын. 10Өткен жылғы астықты әлі жеп бітірмей, жаңа орған өнімді қоймаларыңа құю үшін өткен жылдан қалғандарын шығарып тастайтын боласыңдар. 11Мен араларыңда Өзімнің жер бетіндегі тұрағым — киелі орынды құрып, сендерден еш жиренбейтін боламын. 12Араларыңда жүріп, сендердің Құдайларың боламын, ал сендер Менің халқым боласыңдар. 13Сендерді мысырлықтардың құлдығынан азат етіп, Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін.#26:13 25:38,42,55; Мыс 20:2. Мойындарыңа салынған құлдықтың мойынтұрығын Мен сындырдым,#26:13 Жыр 115:7; Ерм 2:20; Езк 34:27. бойларыңды тік ұстап жүре алуларыңа мүмкіндік бердім.
Құдайға мойынсұнбаудың кесірі
14Бірақ егер Мені тыңдамай, осы өсиеттердің барлығын орындамасаңдар 15және Менің Келісімімді бұзып, ережелерімді менсінбей, шешімдерімнен жиреніп, бүкіл өсиеттерімді орындаудан қалсаңдар, 16онда Мен сендерге мыналарды істеймін: аяқ астынан үрей туғызамын, араларыңа өкпе ауруын әрі көздеріңді соқыр етіп, өмірлеріңді қысқартатын індет жіберемін. Жауларың өнімдеріңді тартып алып, егіндеріңді бекер себетін боласыңдар. 17Сендерге Өзім қарсы шығамын, сонда жауларыңнан жеңіліп қаласыңдар. Өздеріңді жек көретіндер сендерге билігін жүргізетін болады. Тіпті ешкім арттарыңнан қумаған кезде де үрейленіп қашатын боласыңдар.
18Егер осыдан кейін де Мені тыңдамай қойсаңдар, сендерді күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын. 19Қасарысқан өркөкіректіктеріңді басу үшін аспанды темірдей қылып жаңбыр жаудырмаймын, жерді қоладай қылып қатайтамын. 20Сонда күштеріңді босқа жұмсайтын боласыңдар, өйткені жерлерің — өнімін, жеміс ағаштарың — мәуелерін бермей қояды.
21Егер әлі де Маған қарсы шығып,#26:21 26:23-24,27,40. еркіме бағынбай қойсаңдар, күнәларыңа сай апатты жеті есе ұлғайтамын.#26:21 26:18. 22Сендерге қарсы жыртқыш аңдарды жіберемін, олар сендерді балаларыңнан айырып, малдарыңды жарып құртатын болады. Өздерің де азайып, жолдарың қаңырап бос қалады.
23Ал бұдан кейін де еш түзелмей, Маған қарсы шыға беретін болсаңдар, 24онда Мен де сендерге қарсы шығып, күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын. 25Келісімді бұзғандарың үшін сендерден кек алып, елдеріңе семсер ұстаған басқыншы жіберемін. Сендер қалаларыңа бас сауғалап тығылғанда, араларыңа індет жіберіп, жауларыңның қолына түсетін етемін. 26Мен сендерді наннан айырамын, сонда он әйел бар нанын бір-ақ тандырда жабатын болады, пісірген нанды таразыға тартып бөлісіп алады. Сендер сол азғана нанды жеп, қарындарың тоймайтын болады.
27Егер осыдан кейін де Мені тыңдаудан бас тартып, Маған қарсы шықсаңдар, 28онда Мен де сендерге қарсы шығып, қаһарыма мініп, күнәларыңа бола сендерді жеті есе қаттырақ жазалайтын боламын. 29Сендер әбден ашыққаннан өз ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар. 30Сендердің жалған тәңірлерге табынатын биіктеу жерлердегі орындарыңды қиратамын, оларға арнап хош иісті зат түтететін үстелдеріңді талқандаймын. Өздеріңнің өліктеріңді өлі тәңірлеріңнің сынған мүсіндерінің үстіне үйіп тастап, сендерден әбден жиренетін боламын. 31Қалаларыңды қиратып, киелі орындарыңды бос қалдырамын, тартуларыңның хош иісін де иіскемеймін. 32Осылайша осы елді қаңыратып бос қалдырамын. Сонда келіп, қоныстанған дұшпандарың мұны көргенде аң-таң болып жандары түршігетін болады. 33Ал өздеріңді басқа халықтардың арасына шашыратып жіберемін,#26:33 Яки: пайдасыз қауыз сияқты ұшырып жіберемін. Өзім семсерімді суырып алып, арттарыңнан қуамын. Елдерің қаңырап бос қалып, қалаларың қирайтын болады.
34Біліп қойыңдар, сендер жауларыңның елдерінде жүрген сол кездеріңде осы ел қаңырап бос жатып, сақталмаған тынығу жылдарының орнын толтырады. Сонда елдің топырағы тынығып жататын болады.#26:34 25:4-7; Шеж2 36:21. 35Қаңырап бос жатқан барлық кезінде елдің топырағы сендер онда тұрған уақытта демалмаған тынығу жылдарының орнын толтырып жатады.
36Ал араларыңнан тірі қалғандарыңды Мен жауларыңның елінде жүрген кездеріңде жүрексіз үргелек етемін. Сонда сендер тіпті жапырақтың сыбдырынан да шошынып қашатын боласыңдар. Ешкім қумаса да, дұшпанның семсерінен бас сауғалағандай қашып, содан сүрініп құлайсыңдар. 37Иә, ешкім қумағанда да семсерден қашқандай шошына безіп, бір-біріңнің үстіне құлайтын боласыңдар. Осылайша сендердің жауларыңа қарсы тұруға қауқарларың болмайды. 38Сендер халықтардың арасында құрып жоқ болып, жау елі сендерді жалмайтын болады. 39Ал тірі қалғандарың жау елінде өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарының кесірінен әлсіреп құритын боласыңдар.
40Сонда араларыңнан тірі қалғандар өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарын әрі Маған қарсы шығып опасыздық жасағандарын мойындайды. 41Сол үшін Мен де оларға қарсы шығып, оларды жауларының еліне апарған едім. Ал Маған шын жүректен бағынбаған олар#26:41 Яки: олардың сүндеттелмеген, яғни Маған бағышталмаған, жүректері (Заң 30:6; Ерм 4:4). ақыр соңында кішіпейілді болып, Маған мойынсұнады. Сол кезде олар кінәларының жазасын тартып, оны әділ деп қабылдайтын болады. 42Сонда Мен Жақыппен жасаған Келісімімді, Ысқақпен жасаған Келісімімді, сондай-ақ, Ыбырайыммен жасаған Келісімімді есіме аламын. Сонымен қатар осы елді де есіме түсіремін.#26:42 Жар 12:1-3; 15:7,18; 17:1-9; 26:1; 35:9-12. 43Исраил халқы елдерінен қуылып, жер оларсыз бос қалған кезінде, ел тынығу жылдарының орнын толтырып, рақаттанып тынығып жатады. Ал халық Менің шешімдерімді менсінбей, ережелерімнен жиренгендері#26:43 26:15. үшін кінәларының жазасын тартады.
44Алайда тіпті халық жауларының елдерінде жүрген кезінде де Мен оларды жек көрмеймін әрі олардан жиренбеймін. Әйтпесе олар халық болмай толығымен құрып кетіп, Мен Келісімімді бұзған болып шығар едім. Бірақ та Мен олардың Құдайлары Жаратқан Иемін. 45Мен олардың Құдайы болуым үшін исраилдіктердің ата-бабаларын басқа халықтардың көз алдында Мысырдан көшіріп алып шықтым. Солармен жасаған Келісімімді осы халықтың игілігі үшін есіме аламын. Мен Жаратқан Иемін.
46Жаратқан Иенің Синай тауында Мұса арқылы Исраил халқымен (жасаған Келісімінде) белгілеген ережелері, шешімдері және заңдары, міне, осылар.

醒目顯示

分享

複製

None

想要在所有設備上保存你的醒目顯示嗎? 註冊或登入