Леуіліктер 19
19
Құдайға бағышталған таза өмір сүру
1Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2— Исраил халқының бүкіл қауымына мынаны жеткіз: Мен, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие, киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!#19:2 11:44-45.
3Әрқайсың өз әке-шешелеріңді терең қастерлеңдер! Мен белгілеген демалыс күндерімді сақтаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
4Жалған тәңірлерге бет бұрмаңдар! Олардың мүсіндерін#19:4 Яғни балқытылған алтын не күмістен құйылған тәңір мүсіндерін (26:1; Мыс 20:23; 32:4; 34:17). жасап алмаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
5Сендер Менің Өзіммен — Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандық шалған кезде Мен соларыңды ізгілікпен қабылдайтындай етіп шалыңдар! 6Құрбандықтың етін оны шалған күні немесе ертеңіне жеңдер. Үшінші күнге артылып қалғанының барлығын өртеп жіберулерің керек. 7Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, ол арамданып, жиренішті болады. Мұндай құрбандық қабыл болмайды. 8Одан үшінші күні жеген адамның Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрсені қор қылғаны. Ондай адам өз айыбын өзі көтереді, ол халқының арасынан аластатылсын!
9Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой! 10Жүзімдігіңдегі қалып қойған не түсіп қалған жүзім шоқтарын да жинама. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
11Ұрлық жасама!
Өтірік айтпа!
Бір-біріңді алдамаңдар!
12Менің атыммен өтірік ант беріп, Құдайларыңның есімін қорламаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
13Басқа кісіге жәбір көрсетпе, оның мүлкін тонама!
Жалдаған адамыңның жалақысын тиесілі күні қолма-қол бер, оны ертеңге дейін күттіріп қойма.#19:13 Заң 24:14-15; Нқл 22:22. 14Саңырауды қарғама, соқырдың алдына сүріндіретін бөгет тастама.#19:14 Заң 27:18. Құдайыңды терең қастерлейтініңді осылай көрсет. Мен Жаратқан Иемін.
15Сотта әділдікті бұрмалама! Не кедейге орынсыз жеңілдік жасамай, не байға орынсыз құрмет көрсетпей, адамдарды соттағанда әділ бол!
16Жұрттың арасында өсек-аяң таратушы болма. Басқа адамның өміріне қауіп төндіре алатын еш нәрсе істеме. Мен Жаратқан Иемін.
17Жақыныңа өкпелеп, мұныңды көңіліңе сақтама! Оған қатесін ашық айт, әйтпесе оның кінәсіне ортақ боласың.
18Кек алушы болма, басқаға реніш сақтама! Керісінше, өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй! Мен Жаратқан Иемін.
19Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар!
Екі түрлі жануарды бір-бірімен шағылыстырмаңдар.#19:19 Немесе: екі түрлі жануарды бірге жекпеңдер. Егістік жерге бір мезгілде екі түрлі тұқым сеппеңдер. Екі түрлі жіптен тоқылған матадан тігілген киім кимеңдер.
20Егер ер адам басқа біреуге айттырылған күңмен жақындасқан болса, ал сол қыздың құны әлі төленбеген, оған бас бостандығы әлі берілмеген болса, онда сол адам лайықты жазасын тартсын. Бірақ оларды өлімге кесуге болмайды, себебі қыз әлі азат етілмеген. 21Алайда сол адам кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иеге арнап айыпты өтеу құрбандығына бір қошқарды алып келсін. 22Діни қызметкер жаңағы қошқарды айыпты өтеу құрбандығына шалсын. Осылай ол Жаратқан Иенің алдында сол ер адамды күнәсіне бола арамданған күйінен тазартады. Сонда оның күнәсі кешіріледі.
23Қанахан еліне келіп қоныстанғаннан кейін түрлі жеміс ағаштарын отырғызсаңдар, содан кейінгі үш жыл бойы олардың жемістерін жинамаңдар! Үш жыл бойы жемістерін тыйым салынған#19:23 Яки: сүндеттелмеген. (Көне келісімде ұл баланың сүндеттелмей тұрып Құдайға бағышталмағанындай, сол ағаштардың жемістері де алғашқы үш жыл бойы Құдайға бағышталмай арам деп саналатын.) деп санап, жемеңдер! 24Төртінші жылы сол ағаштардың жемістерін түгелдей Жаратқан Иеге мадақтау тартуы ретінде бағыштаңдар! 25Ал бесінші жылы олардың жемістерін жей берулеріңе болады. Осылай ететін болсаңдар, өнімдерің мол болады. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
26Қаны ағызылып тасталмаған етті жемеңдер!
Сәуегейлікпен және сиқыршылықпен айналыспаңдар!
27Өлгенді аза тұтып#19:27 Немесе: Аруаққа арнап (21:5; Заң 14:1; Ерм 16:6; 48:37). самай шашын қырып, сақал шеттерін қырықпаңдар, 28әрі денелеріңнің терісін тілгілеп жарақаттап, инемен таңба да салмаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
29Қызыңды жезөкшелікке салып, арамдама! Әйтпесе жезөкшелік бүкіл елге жайылып, ел азғындыққа толады.
30Менің белгілеген демалыс күндерімді сақтап, киелі орнымды терең қастерлеңдер. Мен Жаратқан Иемін.
31Аруақ шақырушыға, бақсы-балгерлер мен сәуегейлерге жүгінбеңдер! Бұларыңмен өздеріңді арамдағандарың. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
32Жасы үлкен адамды сыйлап орныңнан тұрып Құдайыңды терең қастерле. Мен Жаратқан Иемін. 33Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жәбір көрсетпе. 34Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа өз адамыңдай қара. Өзіңді қалай сүйсең, оны да солай сүй! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болдыңдар ғой. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
35Ұзындық,#19:35 Немесе: Не сот жүргізгенде, не ұзындық. салмақ, көлем өлшегенде әділетсіздік жасамаңдар! 36Барлық таразыларың, кір тастарың#19:36 Заң 25:13-16; Езк 45:10. және көлем өлшейтін ыдыстарың#19:36 Яки: (құрғақ заттар өлшейтін) ефа, (сұйық заттар өлшейтін) хин (23:13; Мыс 29:40). дұрыс болу керек. Мен сендерді Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін.
37Менің барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар. Мен Жаратқан Иемін.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.