Мысырдан шығу 39
39
Һаронның арнайы киімдері: жеңсіз сырт киім және кеуде қалта
1Шеберлер діни қызметкерлердің киелі шатырдағы қызмет еткенде киетін киімдерін қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн жіптерден тоқып дайындады. Олар Һаронның мына арнайы киімдерін де Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай етіп жасады: 2(ефод деп аталған) жеңсіз сырт киім алтын талшықтардан әрі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден тоқылды. 3Бұл үшін шеберлер алтыннан балғамен соғып жұп-жұқа тегіс қабықшалар дайындап, соларды талшықтар етіп қиып, қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және зығыр жіптермен бірге кестелеп тоқу үшін иірді. 4Сырт киімнің алдыңғы, артқы бөліктерінің жоғарғы жақтарын бір-бірімен байланыстырып тұратын екі иық жапсырмасы да жасалды. 5Сырт киімді байлап тұратын белбеу де дәл киімнің өзі сияқты алтын талшықтармен және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн әрі жіңішке зығыр жіптермен Жаратқан Иенің Мұсаға тапсырғанындай кестеленіп тоқылды.
6Екі оникс тасы әшекейлі алтын жиектемелерге қондырылып, олардың бетіне мөр жасайтын зергерлік мәнермен Исраилдің он екі руының#39:6 (28:9-11) Немесе: Исраилдің ұлдарының. (Исраилдің он екі руы Исраилдің (Жақыптың) ұлдарынан тараған еді: 1:1-4; 39:14; Жар 48:15-16,22.) аттары ойылып жазылды. 7Жиектемелерге қондырылған осы екі тас Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай сырт киімнің иық жапсырмаларына бекітілді. Олар Исраилдің үрім-бұтағын рақыммен ескере гөр деген өтінішті білдіретін тастар болды.#39:7 28:12.
8Жеңсіз сырт киім сияқты, кеуде қалта да алтын талшықтармен және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн әрі жіңішке зығыр жіптермен кестеленіп тоқылды. 9Ол ені мен көлденеңі жарты шынтақтан төрт бұрышты екі қабат етіп дайындалды. 10Оған асыл тастар төрт қатарға тізіле қадалды: бірінші қатарға рубин, топаз, изумруд, 11екіншісіне лағыл, сапфир, алмас, 12үшіншісіне жақұт, жүзақ, аметист, 13ал төртінші қатарға зүбәржат, оникс, яспис тастары алтын жиектемелерге безендіріле қондырылды. 14Асыл тастардың саны он екі болды, Исраилдің әрбір руы үшін#39:14 Немесе: Исраилдің (яки: Жақыптың) әрбір ұлы үшін. бір тастан. Осылай әр тасқа Исраилдің бір руының аты мөрдегідей#39:14 (28:9,21; 39:30) Яки: мөр жасайтын зергер мәнерімен. ойылып жазылды.
15Шеберлер кеуде қалта үшін саф алтын талшықтардан арқан тәрізді ширатып шынжыр баулар өрді. 16Олар алтыннан екі жиектеме мен екі шығыршық та жасап, соларды төс қалтаның жоғарғы екі бұрышына бекітті. 17Өрілген екі алтын шынжыр бауды осы алтын шығыршықтардан өткізіп, 18қалған ұштарын иық жапсырмаларының үстіндегі оникс тастарының екі жиектемесіне бекітіп, солармен алдыңғы жақтан байланыстырды. 19Шеберлер тағы екі алтын шығыршық жасап, оларды кеуде қалтаның төменгі екі бұрышына оның сырт киімге қараған астыңғы жағынан бекітті. 20Осындай басқа да екі алтын шығыршық жасалды. Олар жеңсіз сырт киімнің алдыңғы жағында оның артқы, алдыңғы бөліктерінің түйіскен жеріне таман қолтықтың астынан, белбеудің үстінен бекітілді. 21Бұл шығыршықтар қою күлгін баулар арқылы қалтаның төменгі жағындағы шығыршықтармен байланыстырылды. Осылайша кеуде қалта орнынан қозғалмай, белбеудің үстіңгі жағында берік тұратын болды. Бұл Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанына сай еді.
Діни қызметкерлердің басқа киімдері
22Жеңсіз сырт киімнің ішінен киетін сырт көйлек қою күлгін жүн жіптен тоқылды. 23Оның жоғарғы#39:23 Немесе: ортаңғы (28:32). жағында бас сыятындай ойығы болды, ал тарқатылып кетпеуі үшін ойықты айналдыра жаға іспетті қаптама жасалды. 24-26Сырт көйлектің етегін айналдыра қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн және жіңішке зығыр жіптерден тоқылып жасалған анар жемістері, әрі олардың араларында кішкене саф алтын қоңыраушалар кезекпен ілініп тұрды. Һарон киелі шатырда қызмет атқарған кезде Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай етегінде қоңыраушалар мен анарлар бар осы сырт көйлекті киіп жүруге тиіс еді.
27Һарон мен ұлдарына арнап бедерлі бәтестен#39:27 Яки: жіңішке ақ зығыр жіптен бедерленіп тоқылған асыл кенептен (28:39). ұзын көйлек тігілді. 28Бәтестен сәлде мен өзге баскиімдер де дайындалды. Шалбар бедерлі бәтестен тігілді. 29Жалпақ белбеу жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден кестеленіп тоқылды. Бәрі де Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай болды.
30Саф алтыннан кішкене тақташа жасалып, бетіне «Жаратқан Иеге бағышталған» деп мөр жасайтын зергер мәнерімен ойылып жазылды. Бағышталудың белгісі болған#39:30 Яки: Қасиетті медаль сияқты болған. 31алтын тақташа қою күлгін баумен сәлдеге алдыңғы жағынан бекітілді. Ол да Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай болды.
Мұсаның дайындалған заттарды тексеріп қабылдауы
32Сонымен киелі шатырдың, яғни Жаратқан Иемен кездесу шатырының бүкіл жұмыстары аяқталды. Исраилдіктер бәрін де дәл Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай жасаған еді. 33Олар Тәңір Иенің жер бетіндегі тұрағы — киелі шатыр мен оның барлық бұйымдарын Мұсаға алып келді. Әкелгендері мыналар еді: шатырдың ілмек шығыршықтары мен ілгіштері, бөренелері мен сырықтары, бағаналары мен тағандары, 34қызыл түске боялған қошқар терілерінен жасалған төбе жапқышы мен борсық#39:34 25:5; 26:14. терілерінен жасалған жабыны; ішкі шымылдық;#39:34 Яки: (Келісім сандығын) көзден тасалап тұратын шымылдық (40:3). 35сырықтарымен, қақпағымен Келісім сандығы; 36барлық қажетті бұйымдарымен және үстіндегі нан тартуларымен үстел; 37шамдарымен, қосымша құрал-саймандарымен саф алтын шам қойғыш және жағуға қажетті май; 38хош иісті заттар түтетілетін алтын үстел, жағу рәсіміне арналған май, түтетілетін хош иісті заттар; шатырдың кіреберісіндегі шымылдық; 39шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын қола үстел мен оның қола торы, сырықтары және барлық құрал-саймандары; тазару рәсіміне арналған қазан астындағы тұғырымен; 40тағандарымен, бағаналарымен бірге аулаға және оның кіреберісіне арналған перделер; арқандар мен қазықтар, Тәңір Иемен кездесетін (жер бетіндегі) тұрағындағы қызмет үшін қажетті күллі бұйымдар; 41сондай-ақ киелі орында киілетін арнайы киімдер — діни қызметкер Һаронның және оның ұлдарының қызмет атқарған кездерінде киетін киімдері.
42Исраилдің үрім-бұтағы бұл жұмыстардың бәрін де Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай етіп орындаған еді. 43Мұса барлығын тексеріп қарағанда исраилдіктердің оны дәл Жаратқан Иенің тапсырғанындай етіп жасағандарына көзін жеткізіп, оларға батасын берді.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.