Мысырдан шығу 37
37
Келісім сандығы
1Содан кейін Беселиел аққараған ағашынан Келісім сандығын жасатты. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болды. 2Сандықтың іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелді. 3Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйылды. Олар төменгі төрт бұрышына: екеуі бір жақ бүйіріне, қалған екеуі қарама-қарсы бүйіріне арналған еді. 4Мұнан кейін Беселиел аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптатты. 5Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтарды оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткіздіріп қойды.
6Сандықтың қақпағын ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ етіп саф алтыннан жасатты. 7-8Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің#37:7-8 25:18; Жар 3:24. екі мүсінін алтыннан балғамен соққызып жасатты. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан соғылып жасалды. 9Керуб мүсіндері жоғары жайған қанаттарымен қақпақты көлегейлеп, беттерін бір-біріне бағыттап, қақпаққа қарап тұрды.
Нан тартулары қойылатын үстел
10Беселиел аққарағаннан ұзындығы екі, ені бір, биіктігі бір жарым шынтақ үстел де жасатты. 11Ол саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен қапталды. 12Шеберлер үстелдің бетін айналдыра төрт елі бойы ернеумен жиектеп, соны да алтынмен қаптады. 13Мұнан кейін олар төрт алтын шығыршық құйып жасап, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекітті. 14-15Үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылды. Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды.
16Үстелдің қажетті бұйымдары: аяқ-табақтары мен табалары және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандары саф алтыннан жасалды.
Жеті шырақты шам қойғыш
17Беселиел саф алтыннан шам қойғыш та жасатты. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалды. 18Діңгегінен екі жағына үш-үштен алты тармақ шығып тұрды. 19-20Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болды. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болды. 21Бұл гүлдердің бүршіктері екі жаққа созылған үш жұп тармақтың діңгектен шыққан жерлерінің астыңғы жағында орналасқан еді. 22Тармақтарымен, бүршіктерімен бірге шам қойғыш түгелдей біртұтас саф алтыннан балғамен соғылып жасалды. 23Беселиел шам қойғыштың жеті май шамын, білте түзеткіштері мен табақшаларын да#37:23 25:38. саф алтыннан жасатты. 24Шам қойғыш пен қажетті құрал-жабдықтары үшін бір ат басындай алтын#37:24 (25:39) Яки: шамамен екі пұт (34 кг) алтын. жұмсалды.
Хош иісті заттарды түтету үстелі
25Беселиел шеберлерге ақ қараған ағашынан хош иісті заттарды түтету үстелін де жасатты. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болды. Үстел (үстіңгі жағындағы төрт бұрышынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалды.#37:25 30:2. 26Үстелдің беті, бүкіл жақтаулары және шошақтары да саф алтынмен қапталып, беті айналдыра алтын ернеумен жиектелді. 27Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнатылды. Соларға үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар кіргізілді. 28Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды.
29Адамдар мен заттар киелі шатырдағы қызметке бағышталған кезде оларға май жағу рәсімін жасауға арналған май да, түтетілетін хош иісті заттардың таза қоспасы да дайындалды.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.