YouVersioni logo
Search Icon

Римдіктерге хат 4

4
Ыбырайымның сенімі арқылы ақталуы
1Ал енді түп атамыз Ыбырайым туралы не дейміз? Ол осы мәселеде не тапты? 2Егер Ыбырайым өз игі істері арқылы ақталған болса, онда ол мақтана алар еді; бірақ Құдай алдында емес. 3Тауратта: «Ыбырайым Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады»#4:3 (Жар 15:6) Яки: оны өз алдында әділ деп есептеді. деп жазылған.
4Мысалы, егер біреу еңбек етсе, онда ол жалақыны сый ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады. 5Ал егер адам Құдай алдында ақталу үшін өзінің игі істеріне сүйенбей, күнәкарды кешіретін рақымды Құдайға сенімін артса, онда ол осы сенімінің арқасында ақталады. 6Құдай еңбегіне қарамай-ақ ақтаған сондай адамның бақытты екендігін Дәуіт пайғамбар да айтқан: 7«Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған қандай бақытты әрбір жан! 8Иеміз мойнына кінә артпайтын қандай бақытты әрбір жан!»#4:8 Жыр 31:1,2.
9«Бұл бақыттылық тек сүндеттелген яһудилерге ғана ма, әлде сүндеттелмеген халықтарға да арналған ба?» (Әрине, бұл халықтарға да арналған.) Біз жоғарыда Ыбырайым ата Құдайға артқан сенімінің арқасында ақталды дедік.#4:9 4:3. 10Ол қашан ақталды: сүндеттелмес бұрын ба, әлде кейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, оған дейін ақталды. (Демек, Ыбырайым осы рәсімді орындау арқылы ақталған жоқ.) 11Кейінірек қана Құдай Ыбырайымға сүндеттеу рәсімін орындауды бұйырды. Осы рәсім Ыбырайымның Құдайға деген сенімі арқылы ақталғандығын бекітетін белгі іспетті еді. Ал бұл сенім Ыбырайымда сүндеттелмей тұрғанда-ақ болған. Сонымен Ыбырайым — кейінгі замандарда сүндеттелмей-ақ Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы. 12Бұған қоса Ыбырайым (Мәсіхке сенуші) яһудилердің де түп атасы. Бұлар сүндеттеу рәсімінен өтіп қана қоймай, атамыз Ыбырайым сүндеттелмей тұрған кезде-ақ жүрген сенім жолына да түсті.
Құдайдың сенушілердің барлығына арнаған уәдесі
13Құдай Ыбырайым мен оның ұрпақтарына жер бетін иемденулері жайында уәде берді. Бұл уәде Ыбырайымға заңды ұстанғаны үшін емес, (Жаратқан Ие сөзінде тұрады деген) сенімі арқылы ақталғаны үшін берілді. 14Егер адамдар Құдайдың берген уәдесіне тек заңды ұстану арқылы ие бола алса, онда сенімнің ешбір пайдасы және уәденің ешқандай күші болмас еді. 15Заң (оны мүлтіксіз орындамаған кісіні) Тәңірдің қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес.
16Сонымен, Құдайдың уәдесі сенімге байланысты. Осылай бұл уәде Оның рақымымен беріліп, Ыбырайымның бүкіл ұрпағы үшін — Таурат заңы бар яһуди сенушілері үшін ғана емес, Ыбырайым сияқты Құдайға сенім артқан басқа ұлттар үшін де күшінде тұрады. Ыбырайым — Жаратқан Иенің еркімен бәріміздің рухани түп атамыз.
17(Тауратта) «Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым» деп жазылған ғой.#4:17 Жар 17:5. Ал Ыбырайым өлгендерді қайта тірілтетін және жаңа нәрселерді жоқтан жарата алатын#4:17 Жар 1:2-3,11; Жыр 32:8-9. Құдайға сенімін артты.
18Үміттенетін еш шара қалмаған кездің өзінде Ыбырайым үмітін үзбей, сенімінде берік тұра берді. Сондықтан да ол «Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!» деген уәде бойынша көптеген халықтардың рухани түп атасы болды.#4:18 Жар 15:5; 17:5. 19Жасы жүзге келіп қалған Ыбырайым өз денесінде ешқандай күш қалмағанын, әйелі Сараның да құрсағына бала бітпейтінін жақсы білгенімен, уайымдап сенімін әлсіретпеді. 20Қайта, Ыбырайым Құдайдың уәдесіне күмәнданбай, Оған деген сенімінен қуат алды. 21Осылай ол Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз сеніп, Оған құрмет көрсетті. 22Сондықтан да «Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.#4:22 4:3; Жар 15:6.
23«Жаратқан Ие оны ақтады» деген сөз Ыбырайымға ғана емес, 24бізге де қатысты: біз Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайға деген сеніміміз арқылы ақталамыз. 25Құдай Иеміз Исаны күнәміздің құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды және ақталғандығымызды дәлелдеу үшін қайта тірілтті.

Tõsta esile

Share

Kopeeri

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in