Леуіліктер 10
10
Надаб пен Әбиһудің еркінсіп күнә жасауы
1Һаронның Надаб пен Әбиһу есімді ұлдары шоқ салатын табаларын қолдарына алып, оларға оттың шоғы мен хош иісті шайыр салды. Алайда олар Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін#10:1 16:12; Мыс 27:3; 38:3. ұсынды. 2Сол себепті Жаратқан Иенің алдынан#10:2 Яғни киелі шатырдан (9:24; Мыс 29:42). бір от лап етіп шығып, оларды жалмап қойды. Осылайша олар сол жерде Жаратқан Иенің алдында өлді.
3Сонда Мұса Һаронға:
— Жаратқан Иенің «Маған жақындап келетіндер арқылы Өзімнің киелі екенімді көрсетемін, барлық халықтар алдында салтанатты ұлылыққа кенелемін»#10:3 21:6; Мыс 19:22; 30:30; 14:4. дегені осы туралы болатын, — деп түсіндірді. Содан Һарон үндемеген күйі қала берді.
4Мұса сонда Һаронның әкесінің інісі Ұзиелдің ұлдары Мишайл мен Елсапанды шақырып алып, оларға: «Мұнда келіңдер, мына туысқандарыңды киелі орыннан алысқа, ел қонысының сыртына алып кетіңдер», — деп тапсырды. 5Олар келіп, екі өлікті үстеріндегі ұзын көйлектерімен бірге көтеріп алып кетіп, Мұсаның бұйрығы бойынша, қоныстың сыртына шығарды.
6Содан соң Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары Елазар мен Ітамарға: «(Аза тұтып жалаң бас жүріп) шаштарыңды жайып жібермеңдер және көйлектеріңнің өңірін айыра жыртпаңдар!#10:6 21:10; Жар 37:29,34; Еш 7:6. Әйтпесе өздерің де өлесіңдер, әрі Жаратқан Ие бүкіл қауымға да қаһарын шашатын болады. Алайда бауырластарың — Исраилдің бүкіл халқына Жаратқан Ие өртеп құртқан сендердің ағайындарыңды жоқтап аза тұтуларына болады. 7Жаратқан Ие сендерді осы қызметке май жағу рәсімімен тағайындағандықтан, кездесу шатырының кіреберісінен шықпаңдар, әйтпесе өлесіңдер»,#10:7 21:12; 8:31; Мыс 28:41. — деді. Содан олар Мұсаның жеткізген бұйрығына сай істеді.
Діни қызметкерлердің халыққа киелілік туралы үйретуі
8Содан соң Жаратқан Ие Һаронға нұсқау беріп былай деді:
9— Сенің өзіңе де, ұлдарыңа да кездесу шатырына кірген әрбір кездеріңде не шарап, не басқа да ашытылған сусындарды ішулеріңе болмайды! Әйтпесе өлесіңдер. Бұл өздеріңе, болашақ ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже.
10Сендер ненің киелі,#10:10 Яғни Жаратқан Иеге бағышталған (2:3; Түсіндірмедегі «Киеліні» де қараңыз). ненің киелі емес жай екенін және ненің таза да адал, ненің арам екенін ажырата білулерің керек. 11Исраил халқына Менің, Жаратқан Иенің, Мұса арқылы тапсырған барлық ережелерімді үйретуің де қажет.
12Кейін Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары — Елазар мен Ітамарға#10:12 Мыс 6:23. тіл қатып былай деді:
— Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тартулардан қалған астық тартуын алыңдар. Оны ашытқысыз дайындап, құрбандық үстелінің жанында жеңдер, себебі бұл — Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі тарту. 13Оны тек киелі орында ғана жеңдер! Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалған тартулардан өзіңе және ұлдарыңа арналған үлес. Маған берілген бұйрық осындай. 14Ал құрбандықтың Жаратқан Иеге әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және жоғары көтеріп ұсынылған санын өздеріңе және ұл-қыздарыңа жеуге болады. Себебі сол бөліктер исраилдіктердің Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін құрбандықтарынан саған және ұлдарыңа берілген үлес.#10:14 7:29-34; 9:21; Мыс 29:27. Осы етті тазару рәсімі жасалған бір жерде жеңдер. 15Исраилдіктер құрбандықтың өртелу арқылы ұсынылатын майлы бөліктерімен бірге жоғары көтерілетін санын және тербеп ұсынылатын төсін де әкелсін. Оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иенің бұйрығына сай#10:15 7:30,34; Мыс 29:27-28. құрбандықтың оң жақ саны мен төсі — сендердің өздеріңе және ұлдарыңа берілген тұрақты сыбаға.
16Мұнан кейін Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынылған теке туралы сұрастырып, оның өртеліп кеткенін білді. Сонда ол Һаронның қалған екі ұлы Елазар мен Ітамарға ашуланып, былай деді: 17«Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты неге киелі орында#10:17 Яғни киелі кездесу шатырының ауласында (4:23; 5:13; 6:25-26,29-30). жемедіңдер? Осы құрбандық ерекше киелі. Ол қауымның күнәларын арқалап, Жаратқан Иенің алдында халықты күнәнің арамдығынан тазарту үшін сендерге берілген еді ғой. 18Оның қаны киелі шатырдың ішіне апарылмады. Сондықтан сендер менің бұйырғанымдай оның етін қасиетті орында жеуге тиісті едіңдер».#10:18 6:26,30.
19Сонда Һарон Мұсаға былай деп жауап берді: «Бүгін олар Жаратқан Иенің алдында күнәнің құнын өтейтін және түгелдей өртелетін құрбандықтарын ұсынды. Ал енді осы жайт басыма түсті!#10:19 Һарон Надаб пен Әбиһудің Құдайдың қаһарына ұшырап, өлгендеріне қайғырып, ораза ұстаған шығар (Пат2 12:17). Бүгін күнәнің құнын өтейтін құрбандықтан жегенімде Жаратқан Ие маған риза болар ма еді?»
20Осыны естігенде Мұса онысын мақұл көрді.
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.