YouVersioni logo
Search Icon

Римдіктерге хат 12

12
Өмірлеріңді Құдайға бағыштаңдар
1Сонымен, бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады. 2Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар.
Киелі Рух қауымға беретін дарындар
3Иеміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенім арқылы әрқайсыңның үлестеріңе қандай рухани дарындар тигенін#12:3 Немесе: Құдай әрқайсыңа үлестірген сенімдеріңнің мөлшеріне сай. ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар. 4Денеміздің мүшелерінің көп, әрі олардың атқаратын қызметтерінің әр түрлі екеніндей, 5біз бәріміз де көптігімізге қарамастан Мәсіхтің рухани денесіміз, осылай өзара байланысқан мүшелеріміз.
6Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық: сенің пайғамбарлық сөз сөйлеу дарының болса, хабардың Құдайдан келгендігіне деген сеніміңе сай оны жеткіз.#12:6 Немесе: Құдайдың хабарын жеткізу дарының болса, оны сенушілердің көпшілігі сенген ілімге сай пайдалан (Қор1 12:10; 14:29). 7Сыбағаңа қызмет ету тиген болса, соныңды атқар, рухани тәлім беру дарының болса, оны қолдана бер. 8Кімде жігерлендіруші дарын болса, сонысын орындай берсін, мұқтаждарға жәрдем үлестіруші де онысын ақпейілмен атқарсын. Жетекшілік етіп жүргендер шынайы еңбекқорлық көрсетсін және қайырымдылық жасайтындар оны қуанышпен істесін.
Киелі Рухтың күш-қуатына кенелген қауымның өмірі
9Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек. Жамандықты жек көріп, жақсылықты берік ұстаныңдар.#12:9 Яки: Жамандықтан аулақ жүріп, жақсылықтан ажырамаңдар (Амо 5:15; Қор2 6:6; Тім1 1:5; Сал1 5:21-22). 10Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар. 11Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін; Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін! 12Әрдайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар. 13Оның мұқтаждыққа душар болған адамдарына#12:13 Яки: Оған бағышталған (қасиетті) сенушілерге (1:7; 8:27). көмектесіп, ынтамен қонақжайлылық танытыңдар!
14Өздеріңді қудалағандарға Құдайдан жақсылық тілеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды беріңдер! 15Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақтасыңдар! 16Өзара ынтымақтас болыңдар; өркөкірек емес, кішіпейіл болып,#12:16 Немесе: Бір-біріңнің қамдарыңды ойлаңдар; атақ-даңқ іздемей-ақ, қарапайым міндеттерді атқаруды қанағат тұтыңдар (12:10; 15:5). өздеріңді басқалардан ақылды санамаңдар!
17Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында ізгі болуына тырысыңдар. 18Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. 19Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, соны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Тауратта мынадай сөздер жазылған ғой: Жазалау — Менің ісім, тиісті жазаларын тартқызамын Өзім! — дейді Иеміз.#12:19 Заң 32:35.
20Ал «жауың сенің аш болса тамақтандыр,
Егер де шөлдесе шөлін қандыр!
Мұныңменен сен басына оның
Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың».#12:20 (Нқл 25:21-22; Лұқ 6:27-30) Яки: Бұлай еткенің — оны өз қылығына ұялтып, өкіндіргенің.
21Осылайша жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!#12:21 Пет1 3:9; Жыр 34:13-14; Жар 50:19-21; Амо 5:15.

Tõsta esile

Share

Kopeeri

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in