YouVersioni logo
Search Icon

Римдіктерге хат 1

1
Арнау және сәлем
1Иса Мәсіхтің қызметшісі Пауылдан дұғай сәлем. Мәсіх мені елші болуға шақырып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялауға бағыштап тағайындады.#1:1 Яки: жариялауға таңдап алды (Елш 13:2). 2Осы хабарды жіберемін деп Құдай ежелде Өзінің пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда уәде берген болатын. 3Бұл Ізгі хабарда Құдайдың рухани Ұлы#1:3 Бұл атақ табиғи туу арқылы пайда болған тәндік туыстықты білдірмейді. Қайта, ол Мәсіх пен Құдай арасындағы ерекше рухани байланысты бейнелейді (Иш 7:14; 9:6-7; Лұқ 1:30-35; 2:9-11; Жох 1:3,14; Қол 1:15-16; Түсіндірмедегі «Құдай Сөзін» және «Құдайдың рухани Ұлын» да қараңыз). туралы сөз болады. Ол адам ретінде Дәуіт пайғамбардың әулетінен шыққан еді. 4Ал Оның құдайлық қасиетіне келсек, Құдай Оны қайта тірілтуі арқылы Өзінің рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді.#1:4 Немесе: Ал Киелі Рух (яки қасиеттілік Рухы) Мәсіхтің қайта тірілуі арқылы Оның Құдайдың рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді. Ол — Иеміз Иса Мәсіх. 5Құдай өз рақымымен бізге Мәсіхтің арқасында және Оның атының даңқы үшін елші болуды әрі барлық ұлттардың адамдарын Оған сеніп, мойынсұнуға шақыруды тапсырды. 6Сол адамдардың ішінде сендер де барсыңдар, себебі Құдай сендерді Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырды.
7Мен сәлемімді Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни Оның қасиетті халқы#1:7 Яки: Оның Өзіне бағыштап, қасиетті адамдары (8:27,28-30; Қор1 1:2; Түсіндірмедегі «Қасиеттіні» де қараңыз). болуға шақырылғандарға, жолдаймын. Сендерге Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, амандық пен тыныштық сыйлай берсін!
Пауылдың римдіктерге баруды аңсауы
8Сендердің сенімдерің туралы хабар әлемнің шартарабына тарап жатқандықтан,#1:8 Яки: бүкіл әлемде жарияланғандықтан (16:19). ең алдымен бәрің үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайыма ризашылығымды білдіремін. 9Мен Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабарды жариялап, шын жүрегіммен қызмет етіп жүрмін. Құдайдың Өзі мынаған куә: Оған сиынған сайын сендерді үнемі еске аламын; 10Оның еркімен маған енді қастарыңа баруға жол ашылса екен деп мінажат етемін. 11Себебі өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем, 12яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін.
13Қымбатты бауырластар, сендерге шынын айтайын: өздеріңе бірнеше рет бармақшы болдым, бірақ әр жолы маған әлдене бөгет болып отырды. Өзге жерлердегі басқа ұлттардың арасында болғанымдай, мен сендердің де араларыңда еңбек етіп, соның рухани жемісін көргім келеді.
14Гректер#1:14 Яки: Эллиндіктер. (Сол заманғы грек тілі мен философиясын ұстанушылар.) мен басқа ұлттарға, білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау — менің парызым. 15Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік.
Ізгі хабар — күнәкарларды құтқаратын құдірет
16Мен Ізгі хабар үшін еш ұялмаймын, ол — Мәсіхке сенетін барлық адамдарды, алдымен яһудилерді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдіреті!
17Себебі Құдайдың адамдарды ақтау жолы мынадан білінеді: ол басынан аяғына дейін сенімді қажет етеді.#1:17 Немесе: Себебі Құдайдың әділдігі мынадан аян: ол сеніммен басталып, одан да зор сенімге жеткізеді. Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер бар ғой: Сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмір сүреді.#1:17 Немесе: «Әділ адам сенімі арқылы (яғни Маған сеніп) шынайы өмір сүреді» (Абқ 2:4).
Адамзаттың әділетсіздігіне қарсы Құдайдың қаһары
18Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады. 19Құдай туралы білуге болатын шындық адамдарға белгілі, мұны оларға Оның Өзі білдірген. 20Өйткені Құдайдың көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап түсінуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды.
21Олар Құдай туралы білсе де, Оны Құдай деп дәріптеп, шүкірлік еткен жоқ. Керісінше, адамдар түкке тұрғысыз ойға берілді. Содан саналарын қара түнек басып, наданға айналды. 22Өздерін ақылдымыз деп жүріп, шын мәнінде ақымақ болып шықты. 23Осылай олар мәңгі тірі Құдайдың ұлылығына табынудың орнына ажалды пенденің, құстың, төрт аяқты не бауырымен жорғалаушы жануардың мүсіндеріне құлшылық ететін болды.
24Сондықтан да Құдай оларды көңілдері ынтыққан азғындықтың былығына батырып жіберді; осылай олар өз тәндерін өздері қорлауда. 25Өйткені адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңірлерге сиынып келеді.#1:25 Немесе: жалғандыққа сеніп келеді. Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық етеді. Ал Жаратушы Құдай мәңгілік мадақталуға лайық! Аумин.
26Сол себептен де Құдай адамдарды өздерін қорлайтын құмарлықтарға батырып жіберді. Араларындағы кейбір әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынаспен ауыстырды. 27Дәл солай кейбір еркектер де әйелдерімен табиғи қатынасты қойып, бір-біріне құмарлықпен ынтығып, азғындық істейтін болды. Олар тура жолдан тайып кеткендіктерінің#1:27 Яки: бұл адасудың (Леу 18:22; 20:13; Қор1 6:9). тиісті жазаларын өз бойларында тартып жатты.
28Бұған қоса мұндай кісілер Құдайды танудың қажеті жоқ деп шешті. Сондықтан Ол соларды бұзық пейілдерінде қалдырып, ұятты нәрселер істеуге тастады. 29Олардың тұла бойлары тұнған әділетсіздік, бұзықтық, дүниеқорлық,#1:29 Немесе: әділетсіздік, азғындық, (айлакерлік,) дүниеқорлық. залымдық, қызғаншақтық, кісі өлтіруге құмарлық, даукестік, алдамшылық және арам ниеттілік. 30Олар жасырын жамандап, ашық та өсектегіш, Құдайды жек көретін, күш көрсеткіш, өркөкірек, мақтаншақ, жамандықты ойлап тапқыш, ата-анасын сыйламайтын, 31санасыз, опасыз, тасбауыр,#1:31 Немесе: сүйіспеншіліксіз (ымырасыз). мейірімсіз жандар.
32Осындай күнәлар жасағандардың тартатын жазалары — өлім#1:32 Мұндағы «өлім» сөзі тәндік ажалды, «рухани өлімді» (яғни Құдайдың қасынан аластатылуды) және тозақтағы мәңгілік азапты да қамтиды (Иш 59:2; Аян 20:11-15). деген Құдайдың әділ үкімін сол адамдар біледі. Әйтсе де олар бұларды өздері істеп қана қоймай, солармен айналысатын басқаларды мақұлдап та отырады.

Tõsta esile

Share

Kopeeri

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in