YouVersioni logo
Search Icon

Петірдің 2-хаты 1

1
Арнау және сәлем
1Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі және елшісі Шимон Петірден ортақ сеніміміздегілердің бәріне дұғай сәлем. Осы аса құнды сенім бізге#1:1 Яғни Мәсіхті көздерімен көрген елшілерге (1:16-17). берілгендей, сендерге де Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің әділдігіне сай сыйға берілді. 2Лайым сендер Құдай мен Иеміз Исаны бұрынғыдан да жақынырақ танып білгендерің арқылы сендерге рақым, амандық және тыныштық молынан жауа берсін!
Сенушінің табанды мінезін дамытып, құтқарылуға таңдалғанын бекітуі
3Құдай бізді құдіретті күшімен және Оны жақыннан танып білуіміз арқылы Өзіне ұнамды жаңа өмір сүруімізге#1:3 Яки: арқылы мәңгілік өмірді иемденіп, Өзіне бағышталып жүруге. қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті. Ол бізді Өзінің ұлы да ізгілікті болмысы арқылы меншікті халқы болуға шақырады. 4Өзінің болмысы сондай ұлы әрі ізгілікті болғандықтан, Құдай бізге аса құнды да тамаша уәделерін берді. Бұл уәделерінің арқасында сендер Құдайдың әділ болмысын бөлісіп, арам құмарлықтарға салынбай, осы күнәкар дүниелік адамдардың азғындығынан аулақ жүріп құтыла аласыңдар.
5Сол себептен де мына қасиеттерге кенелуге бар ынталарыңмен ұмтылыңдар: сенімдеріңде ізгілік көрсетіңдер, ал ізгілік көрсеткенде саналылық та танытыңдар,#1:5 (Нқл 1:4; 2:11; 3:21; 5:2) Яки: ал игілік көрсеткенде парасаттылық та (естілік те) танытыңдар. 6саналылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын! Ал ұстамдылықтарыңда төзімділік, төзімділіктеріңде Тәңір Иеге бағышталғандық,#1:6 Немесе: Тәңір Иеге және адамдарға ұнайтындай өмір сүру (1:3). 7Тәңір Иеге бағышталғандықтарыңда бауырластарыңа деген ізгі ниеттілік, ал ізгі ниеттіліктеріңде шынайы сүйіспеншілік танытыңдар! 8Егер осы қасиеттер сендердің бойларыңда болса және молая түссе, онда рухани өмірлерің пайдасыз, өнімсіз болып қалмайды, керісінше, Иеміз Иса Мәсіхті жақынырақ танып біле бересіңдер.#1:8 1:2-3. 9Ал кімде бұл қасиеттер жетілмесе, сол алыстан көрмейтінге, тіпті соқырға ұқсайды. Сондай кісі өзінің өткен кезеңдердегі (Мәсіхке сеніп) күнәларынан тазарғанын ұмытқан.
10Сондықтан да, бауырластарым, Құдайдың өздеріңді меншікті халқы болуға шақырып, таңдап алғандығын өмірлеріңмен нық бекітуге#1:10 Яки: таңдап алғанын (өмірлеріңде сол қасиеттерді жетілдіріп) баянды етуге (Пет1 1:2; Жақ 2:17-18; Флп 2:12-13; Жох 15:5-10,16). ынтамен ұмтылыңдар! Егер солай істесеңдер, ешқашан да тура жолдан тайып кетпейтін боласыңдар. 11Осылайша сендерге Иеміз бен Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығының «қақпасы» айқара ашылып, оған емін-еркін кіресіңдер.#1:11 Евр 10:19-25; Аян 2:7; 22:14.
Киелі кітаптағы пайғамбарлар сөздері мен елшілер куәліктерінің ақиқаттығы
12Сол себепті, сендер осы айтқандарымды білсеңдер де, қабылдаған шынайы ілімді берік ұстансаңдар да, мен оларды бәрібір ұдайы естеріңе салып отырмақпын. 13Мен әлі де осы тәндік «шатырда» тұрғанымда, соларды естеріңе түсіріп, рухани дамуларыңа қозғау салып отыруды#1:13 Яғни көзімнің тірісінде соларды естеріңе түсіріп, үміттеріңді жандандырып отыруды (1:12,14; 3:1; Қор2 5:1,4). дұрыс деп санаймын. 14Иеміз Иса Мәсіх өзіме анық білдіргеніндей, жуырда осы тәндік денемді тастайтыным маған белгілі. 15Сондықтан мен бұ дүниеден аттанғаннан кейін де сендер сол айтқандарымды әрдайым есте сақтауларың үшін қолымнан келгеннің бәрін де істеймін.
16Біз сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің зор құдіретпен қайта оралуы туралы білдіргенде, қулықпен қиыстырылған аңыз-ертегілерге сүйенген жоқпыз. Керісінше, біз Иеміздің салтанатты ұлылығын өз көзімізбен көрген куәгерлер болған едік.#1:16 Мат 17:5; Мар 9:7; Лұқ 9:35. 17Сол кезде шексіз ұлылықтың Иесі, Құдай Әке,#1:17 Яки: Сол кезде Құдай Әке нұрға бөленген, салтанатты бұлттан (Мат 17:5). Мәсіхке арнап: «Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын», — деп дауыстап, Оны құрмет пен салтанатты ұлылыққа кенелтті. 18Біз Иеміз Иса Мәсіхпен бірге қасиетті тауда болғанда, көктен шыққан осы дауысты естідік.
19Сонымен қатар, біздерде пайғамбарлардың жазып қалдырған нық сенімді сөздері бар ғой. Бұларға көңіл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта «нұрын шашып тұрған шам-шыраққа» ұқсайды.#1:19 Жыр 118:105. Таң атып, шолпан жұлдызының пайда болатынындай, ақырында Мәсіх көктен қайтып келіп, жүректеріңе толық түсінік құятын болады. 20Ең бастысы, Киелі жазбалардағы пайғамбарлар сөздерінің ешқайсысы да пайғамбардың жеке түсінігі бойынша туындамағанын#1:20 Немесе: ешқайсысының да ешкімнің өз бетінше ұғындыруына болмайтынын (Жох 14:26; 16:12; Жох1 2:20,27). біліңдер. 21Себебі бұл пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес. Қайта, Киелі Рух Құдайға бағышталған адамдарға Оның хабарларын айтуға қозғау салып отырды.

Tõsta esile

Share

Kopeeri

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in