YouVersion Logo
Search Icon

Тімотеге 1-хат 6

6
1Құлдықта жүрген барлық қызметшілер қожайындарын құрмет атаулыға лайық деп есептесін! Әйтпесе Құдайдың есімі мен біздің ілімімізге жұрт тіл тигізіп жүрер. 2Қожайындары сенуші болса, қызметшілері соларға рухани бауырласым деп тиісті құрмет көрсетпей жүрмесін! Керісінше, оларға одан да жақсы қызмет етуге тиіс. Себебі соның пайдасын көретіндер — олардың сүйікті бауырластары ғой.
Қате ілімдер және ақшақұмарлық туралы
Осы нұсқауларды қауымға үйретіп ескерте бер! 3Ал басқаша тәлім беріп, Иеміз Иса Мәсіхтің шынайы сөздерімен және Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілімімен келіспеген адамдар 4кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмейді. Олар тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауырады. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау және арам күдік тудырып, 5ақыл-естері уланған, шындықты білуден ада болған адамдардың арасындағы үздіксіз ұрыс-керіске себепші болады. Ондайлар Құдайға ұнамдылықты байлыққа қол жеткізудің жолы деп санайды.
6Расында да Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізеді. 7Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, одан ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. 8Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік. 9Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құрып кетуге апаратын көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. 10Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры. Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті.
Соңғы өсиет: ұлы мақсатқа адал бол!
11Ал сен, Құдайдың таңдаған адамы,#6:11 Яки: Құдайға қызмет ететін адам (Тім2 3:17; Заң 33:1; Жыр 89:1). мұндайлардан алшақ жүріп, әрдайым әділ, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім мен сүйіспеншілікке, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер. 12Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Құдай сені осыған шақырды, өзің де көптеген куәлардың алдында Ізгі хабарды мойындадың.
13Барлық жаратылысқа өмір сыйлаған Құдай алдында және Понти Пилат тергеген кезде Ізгі хабарды табандылықпен мойындаған Иса Мәсіх алдында саған мынаны аманаттаймын: 14берілген нұсқауларды Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келіп, ұлылықпен көрінетін күніне дейін мүлтіксіз, таза орында! 15Құдай Өзінің белгілеген кезінде Мәсіхті салтанатпен көрсететін болады. Ол — мадақталған, бірден-бір қуатты Билеуші, патшалардың Патшасы, иелердің Иесі, 16мәңгіліктің жалғыз Иесі! Ол ешкім жақындай алмайтын нұрда тұрады,#6:16 Жыр 103:1-2; Абқ 3:4; Жох1 1:5. ешбір адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды. Қадір-құрмет пен билік мәңгі Онікі! Аумин.
17Осы дүниелік мал-мүлікке бай сенушілерге мынаны ескерт: олар менмен болмасын және сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол адамдар рақатын көрсін деп игіліктердің бәрін сыйлайды. 18Байлар жақсылық жасай беріп, игі істерге дарқан әрі жомарт болып, басқалармен бөліссін. 19Осылай олар өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ.
20О, Тімоте, қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және «білімпаздық» деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол! 21Кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті.
Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра берсін! (Аумин.)

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in